Адамға талай жерді көрген артық, Танысып әркімдерді білген артық

«Адамға талай жерді көрген артық, Танысып әркімдерді білген артық. Мысырға патша болып тұрсаң да, Болмайды туып-өскен жерден артық.»

— Шал Күлекеұлы

Тәуелсіздік — тұғыр, тіл — айбар

Сан ғасырлар бойы тағдырдың теперішіне шыдап, еңсесін түсірмей, қиындыққа қарсы күресіп келген елімнің бүгінде тәуелсіздігі — тұғырлы, ана тілі — айбарлы, елтаңбасы — ажарлы, әнұраны — әуенді.

Тарихымызға көз жүгіртсек, аумағы ұшқан құстың қанатымен, жүйіткіген тұлпар тұяғының дүбірімен өлшенген кең де келісті өлкені мекендеген қазақ — елміз.

Ұлы халықтың болмысы

Қазақ — егеулі найза қолға алып, найзамен көк тіліп, қылышымен жер жарған; ат үстінде күн кешіп, ұйқысыз түн мен күлкісіз күн өткерген; мұз жастанып, жауға найза сілтеген; көк бөріні пір тұтып, бөрілі байрақ көтерген түркі жұртынан тараған халық.

Қазаққа тән қасиеттер

  • Дана сөзбен даудың басын қайырып, сөздің өрнегін өрген.
  • Жетімді есіркеп, жесірді жылатпаған.
  • Ибалы қыз, өнегелі ұл тәрбиелеп, ар мен ұятты ту еткен.
  • Екі сөйлегенді ер деп білмей, бассыз іске жол бермеген.

Аңсаған азаттық күні берекелі елде өмір сүріп жатқан бізге арман жоқтай көрінеді. Бірақ бүгінде болашағы жарқын мемлекеттен безіп, мұхит асып кетіп жатқан жастар да аз емес.

Неге жастар кеткісі келеді?

Бұл сұрақтар санамды сан саққа жүгіртіп, жанымды мазалайды: неге? не үшін? Жастарымыздың кеткісі келуінің себебі неде?

Әділетсіздік сезімі

Халықты тонап байыған, кісілігі де, кішілігі де жоқ, білімсіз-біліксіз адамдардың алшаңдап жүруі, ал қарапайым жұрттың таршылықта күн көруі шаршата ма?

Дайын жолды іздеу

Әлде тәй-тәйлап қадамын енді басып келе жатқан жас мемлекеттен кетіп, дайын ортаға бір-ақ түсе қалғысы келе ме?

Отансыз адам қай жерде жүрсе де бейшара. Өз жеріңе, Отаныңа, ата-бабаңның төккен қаны мен теріне адал болу — әрқайсымыздың парызымыз.

Не де болса, туған жердің қадірін түзде ғана түсінетіндейміз.

Ертеңге сенім: жүрек, білім, талап

Өмірге назданып, қасиетті жерімізден қашқанша, ертеңімізге нық сеніммен қарайтын арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастар — яғни біз — қараңғы түнекке күн болуымыз керек емес пе?

Мен де көп ұзамай жаңа өмірге қадам басамын. Алда ұзақ жол, үлкен асулар бар. Сол асуларды еңсеру үшін білектің күші мен найзаның ұшы керек емес. Оған жүрек пен білім, талант пен талап керек.

Үміт артылар ұрпақ

Қазақ елінің абыройын асырып, мерейін үстем ететін, әлемді таңғалдырар талай жаңалық ашатын білімді жас ұрпақ көбейеді деп сенемін. Сол себепті бізге артылар үміттің де жеңіл еместігі анық.

Аманатқа адалдық

Еліміздің көзі ашық, көкірегі ояу азаматы ретінде бабаларымыздың білек күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғалған, көзінің қарашығындай сақталып, аманат етілген туған жерімізді ардақтау — менің басты парызым.

Себебі қазақ елінің тағдыры — менің тағдырым, елімнің тағылымы мол тарихы — менің тарихым. Өз кезегімде егемен елімнің тағдырына жауапты екенімді айтқым келеді.

«Елдің бәрі жақсы, өз елің — бәрінен жақсы» дегендей, қазақ елімнің ертеңі жарқын болсын.

Лайым, көгілдір туым, қасиетті көк байрағым бейбіт көгімде желбірей берсін — жүрекжарды тілегім осы.