Құдайдың бұйрығынан
Жауапкершілікті «боранға» ысыра салу
«Әй, қазақ ағайындар!» деп басталатын уытты сөздер — кедейленудің, малдан айырылудың себеп-салдарын сыртқы табиғатқа жауып қоюға қарсы қатал сауал. «Қыс алды, боран алды» дейміз. Бірақ егер бәрін боран алып кетсе, қоян неге өлмейді, торғай неге өлмейді? Суықтан үсіп, бораннан ығып өлген бір қоянды, бір торғайды көрген жан бар ма?
Мұндағы ой — сылтауды көбейтпей, шын себепті іздеу. «Жаман Құдайшыл келеді» дейтін мақалдың астарын да автор кері бұрып, болғанның бәрін «Құдайдың жазуы» деп жалған жұбанышқа айналдырмауға шақырады. Өзі жаратқанды Құдай неге қырады, өзі жасағанын өзі неге бұзады?
Дүниенің ақыры туралы діни түсінікке сүйене отырып, «Ысрапыл періште сұрын үрді ме?» деген сарынды сұрақ қояды да, егер солай болса, онда дүниеде не қалар еді — түк қалмас еді дейді. Демек, күнделікті күйзелісті «қияметпен» шатастырып, ақылға симайтын түсіндірудің өзі — ойға салғырттық.
Зорлық-зомбылықтың сабағы және тыныштықтың бағасы
Мәтінде оқырманның есіне «үстерінен қарап тұрған» патша Ағзамның құдіреті, мемлекеттің панасы, тыныштықтың шарттары салынады. Автордың түйіні — ел ішіне жау кірмей, дау ұлғаймай, ұры-қары еркінсіметей тыныш отырғанның өзі белгілі бір тәртіп пен қорғанға байланысты.
Осы тұста XX ғасыр басындағы қазақ даласына қатысты Қоқан заманы еске алынады. «Ақ жалау барда малым бар деме, әзірейіл барда жаным бар деме» деген ұмыт болған мақал келтіріледі. Ақ жалау атанған қол ат үстінде жүргенде малға да, әйел-қызға да ерік болмағаны айтылады: ерлер өлтіріліп, әйелдер күңдікке әкетіліп, кейбір еркектер құлдыққа сатылған.
Автор мұндай қасіретті өз көзімен көрген тірі қалған қарттармен сапар барысында кездесіп, кеңескенін меңзейді. Осы көріністер бүгінгі заманмен де астасып кетеді: «түрлі түсті революциялар», жазықсыз оққа ұшқан ерлер, еңіреген жетім-жесір, күйреген қала, босқын тағдыры — бәрі де адам баласының өлерін білмейтін өркөкірек менмендігінен бастау алады деген өкініш айтылады.
Ақылмен шешілетін істі қарумен шешу
Ешкімді «кемшіліктен ада» деу дұрыс емес, тіпті ол патша болса да. Бірақ ақылға салатын мәселені мылтықтың ұңғысымен шешу — өмір сыйлаған Жаратқанның алдында кешірілмес күнә емес пе деген өткір сұрақ қойылады.
Түзелістің жолы ретінде шынайы көз жасы, тәубе, және дұға айтылады: заманның түзелуі — әркімнің өз ісінің ілгері басуына байланысты.
Құран мен хадиске сүйенген өлшем
Мәтінде Мәшһүр Жүсіптің өлшемі айқындалады: «Құдайдың сөзі — Құранды қараңдар, пайғамбар сөзі — хадисті қараңдар; сол екеуінде айтылған сөз халал болса, не қылсаңдар — соны қылыңдар, мен разымын».
Бұл — жеке пікірдің емес, негіздің үстемдігі. Яғни даудың, ұранның, әсіре мақтаудың емес, мәтін мен мағынаға сүйенген парасаттың қажет екенін еске салу.
«Единица» мен «нөл»: білімсіздік қасіреті
Білім мен ғылымнан қаға беріс қалған қоғамның дерті — құр даурықпа. Ұлы Абайдың «Единица болмаса, не болады өңкей нөл» деген күйінішімен үндесе отырып, Мәшһүр Жүсіп те қазақтың кей қалпын ащы сынайды: ораза жоқ, намаз жоқ, «Құдай деген жанбыз» дейміз, бірақ ғылым-білімнен, ғибратты өнерден кенде қалып, «единица болмай нөл орнында қалған жұрт» едік дейді.
Мұнда мақсат — қорлау емес, ояту. Себебі өз-өзін алдаған жұртқа сырттан келген сөздің бәрі «ем» болып көрінеді.
Қорқыту арқылы ықпал ету
Иланғыш елді түрлі қашқындар мен алаяқтар «Россия қысымшылығы осындай, қаһары қаттылығы осындай» деп үркітіп, «қала салсаң — шіркеу сал дейді», «балаларыңды оқытсаң — солдатқа алады» деген қауесетпен ынтымақтан бездіреді дейді.
Жалған мадақтың уы
«Дін де сенде, әулиелік те сенде, адамгершілік те сенде» деген бос мақтау — көргені тар, білгені аз елдің менмендігін қоздырады. Сөйтіп шын сұрақтың орнына құр күпіну келеді.
Мақтаншақтық, парықсыздық және «қырық өтіріктің бірі»
Өзін «әпенді» атаған қу сөзуарлардың «Әулие онда емес, мұнда… шарапат онда емес, осында» дегеніне сенген жұрт «Біз болған екенбіз… Құдайдың бізден аяғаны жоқ екен» деп жер баспай қалады. Сол сәтте өзгені түгел төмендетіп, өзін жоғары қоя салу оңай.
Бірақ бес парыздың өзін дұрыс атқармайтын, құлшылығы кем жұрт «қалайша Құдайдың оң назарына іліктік?» деп бір сәт ойланбайды. Өтірік пен шындықтың арасы ажыратылмаса — ел «төрт түлік пен кең даланы» ғана айтып күпініп, рухани һәм зияткерлік ілгерілеуден қалады.
«Елді қортық бүлдіреді» деген түйін — қоғамды іштен бүлдіретін ұсақ есеп, ұсақ мақтан, ұсақ айла туралы ескерту.
Айқаптағы үн және бүгінгі күнге аманат
1912 жылғы «Айқап» журналының №7–8 сандарында жарияланған бұл ойлар сол кездегі оқырманды бейжай қалдырмағаны анық. Сауаттысы аз, көшпелі жұрт арасында ауыздан ауызға тарап, қызу талқылануы да заңды: көтерілген мәселелер бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ.
Мәтінде жұрт жиналған жерде патшаға тілек тілеп, ел іргесінің амандығын, басшының әділ әрі шарапатты болуын сұраудың қандай «артықтығы» бар деп сұрайды. Себебі халық сол мемлекеттің панасында өсіп-өніп отыр деген уәж айтылады. Бұл — бүгінгі ұрпақ үшін әрі тарих, әрі өнегелі өсиет ретінде оқылады.
Мәшһүр тілінің қуаты: сөз саптаудың сабағы
Мақаланың екінші арқауы — қазақ бойындағы мін: мақтаншақтық, парықсыздық, өтірік пен шындықтың жігін ажырата алмау. Осыны айтқанда Мәшһүр Жүсіптің бейнелі тіркестері ерекше әсер береді: «Құдайдың бұйрығынан… патшаның құрығынан…», «Құдайды ұзын құлақтан зорға естіп жүрген…», «шөптің басынан үріккен қойдай…», «ай жарықта көлеңкесінен қорыққан қояндай…».
Тіл үйренемін, шешендік меңгеремін, жатық жазуға дағдыланамын деген жас талапкер үшін мұның бәрі — тірі мектеп. Дананың даралығын ой көзімен барлап, «жақұтын» теріп ала білсең ғана көсегең көгермек, ой өрісің кеңеймектің ишарасы айтылады.
P.S. Бір атаудың салмағы
Автор Мәшһүр Жүсіптің басылым беттерінде жарық көрген мақалаларын талдай отырып, оны әдейі «журналист» деп атамағанын ескертеді. «Бір күн газетте істемесе де», аты шықса болды кеудесіне белгі тағып, даурықпамен жол бермейтін кейбіреулер «Мәшекең де мен сияқты журналист екен» деп орынсыз теңеуге ұрынбасын, сөйтіп ұлы тұлғаның атына көлеңке түсірмесін дейді.
«Алла, өзі сақтағай!»
Сүлеймен Баязитов