Майдандағы жауынгерлеріміз оқысын
Обь көпіріндегі әңгіменің басталуы
Егес Барнаулдың түбінде басталды: пойыз рельс буындарын тарсылдатып, Обь көпірінен жайлап өтіп бара жатқан. Сібірдің ұлы өзенін көрмек болып, жолаушылар терезелерге қайта-қайта ұмтылды, бірақ ылғал қардан өзге ештеңе көре алмады. Жел қарды ақ түтінше шаңытып айдап жатыр, тек сонау төменде, көпір тіреуінің түбінен ғана қорғасындай қара су көрінеді. Оның үстінен суық бу бұрқырай көтеріледі.
Ағаш балдақты жауынгер терезеден бұрылып, шірене түкірді де, шылымын орап отырып, наразы көңілмен тіл қатты: — Туһ, мына Сібірдің ауа райы-ай! Екі күннен бері көз аштырмай, жаңбыр аралас қар төпеп тұр, қарғыс атсын бұл араны!
Сақалы тікірейген, ұзын бойлы жауынгер күбірлеп қарсы уәж айтты: — Мына сыншыға қараңдар! Сібірді жақтырмайды өзі. Жер бетінде Сібірден бай ел жоқ. Бұрын кордондағы үйіме орман ішімен бара жатқанда, арбаның дөңгелегіне екі елі болып езілген жидек жабысып қалатын.
Тұлымы шолтаңдаған кішкентай қыз қысыла сұрады:
— Қандай жидек?
— Бүлдірген.
Балдақты жауынгер күрсініп: — Е, байғұс, чалдоным-ай. Біздің Владимирдің түбінде бір ай тұрып көрсең, басқаша әндетер едің, — деді.
Тағы бірі сөзге араласып: — Қағысып қайтесіңдер, қарақтарым, «әр тауық өз ұясын күптейді» деген. Маған салсаң, ешбір уәлаятта Алтайдан асқан ел жоқ. Алтайдың арғымақтары от емес пе! Қоян жүрек қорқақтар олардың маңына да жуи алмайды, — деді.
Ысмайылдың сыбыры: туған жердің ауасы
Егес етек алды. Демалысқа келе жатқан жаралы жауынгерлер мен жолаушылар атамекенін жарыса мақтай бастады. Бір ғажабы — бәрі де әділін айтып отырғандай.
Қолын иығына асып қойған қазақ жауынгер ғана үн қатпады. Әуелі ұяла күлімсіреп, сосын маған қарай еңкейе түсіп: — Еліме келе жатырмын! — деді сыбырлап.
Ол сөзін жалғап кетті: — Жәркентке, ауылыма бара жатырмын. Табаны күректей бір айға. Кейбіреулер «сенің елің құлазыған шөл» дейді. Енді біреулері «күні қақтап тастаған, аспаннан тамшы тамбайтын қу медиен» дейді. Әй, білмейді ғой!
Ысмайыл бір сәт кідірді де, құпия сырын айтқандай: — Атты қазақ қарап отырмайды, өлең айтады. Ол сонау шалғайда келе жатады, тіпті қарасы да көрінбейді, ал әні қасында, өзімен бірге жүреді. Қалай ойлайсың, бұл неліктен? Өйткені бүкіл әлемде Қазақстанның ауасындай саф ауа жоқ. Мөлдір ауа мұхиты. Өлең қалықтап алысқа кетеді — оның жолын бөгер жан болмайды. Ән — біздің елдің ғашығы.
Ысмайылдың сөзіне еріксіз иланасың. Ұлан даланың әйнектей шыңылтыр ауасы адам даусын айрықша әуезді етіп, күшейтіп жіберетіндей. Қазақтар секілді тылсым табиғатпен бетпе-бет, жақын жүретін халықтар аз. Қазақтың әнге әуестігі де содан.
Қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов жұлдызы ашық аспан мен шетсіз-шексіз жазықтың үнемі көз алдында тұруы — дала халықтары рухының ән мен өлеңге, даналыққа бейім болуының дәйекті дәлелі екенін бекер жазбаса керек.
Сібірдің шеті, даланың басы
Семейден кейін төмен тұнған бұлт пердесінің ар жағынан жарқырап ашық аспан көрінді де, пойыз лекілдеп келіп, мүлде басқа өңірге кіріп кетті. Сібір шорт кесіліп қалғандай: төңіректе күн көзіне елжіреген қуаң дала жатыр. Аялдамаларда жел биік қу шөпті сыбдырлата қозғайды, көкжиекте маңқиып сары мұнар таулар тұр. Дала үстінде ақсарылар айнала шалықтайды. Салқын ауадан көзге көрінбейтін бір құстардың шырылы естіледі — бәлкім, тұңғиық көк аспанда тіпті көзге шалынбайтын да шығар.
— Бозторғайлар ғой, жарықтық, — деді маған Ысмайыл.
Балдақты солдат тым-тырыс: терезе алдында жусанды жазыққа қарап, бір ойға шомғандай. Ал Ысмайыл болса, жиі-жиі вагон алаңшасына шығып кетіп, тепкішекте жайғасып, ырғалып өлең айтады. Дөңгелектердің тарсылы мен буферлердің зіркіліне қарамай, ән вагон ішіне жетіп тұрады.
Сол сәтте балдақты солдат бір күрсініп: — Әне, қазақ өлең айтып отыр, туған жерімен тілдесіп жатыр. Ол өз жерімен амандасып келе жатқандай: «Міне, біз тағы да кездестік, кең далам, мені туған ұлыңдай қарсы ал. Өйткені мен майдан шебінде сен үшін қан төктім», — дейтін тәрізді, — деді.
Разъездегі тыныштық: ірімшік ұсынған қарт
Ақжалдан өткеннен кейін қияндағы бір разъезде пойыз ұзақ тұрды. Жауынгерлер жапырласып далаға шықты: жол жиегіндегі түрпідей шөп үстіне жата қалып, тамылжыған шөл тыныштығында паровоздың деміге тыныстағанын тыңдады.
Қол созым жерде сұрғылт жартастар мойнын созып, сорайып-сорайып тұр. Олар жер қоңын жарып шығып, тегіс жазықтан көтеріліп барып тоқтап қалған тау шыңдары тәрізді. Беткейінде қара қойлар жайылып жүр: жүніндегі ойдым-ойдым ала дақ әуелде алыстан байқалады, бірақ қойлар жақындағанда оның жүнге жұққан жусан тозаңы екені білінді.
Қойға ілесе қойшы да жетті: тері құлақшынының екі құлағы белуарына түсіп тұрған, қой көзі үнемі күлімсіреп тұратын кәрі қазақ. Ол жауынгерлерге біраз қарап тұрды да, шекпенінің қойнынан ескі сиса орамалға ораған ірімшік шығарып, бір үрлеп, солдаттарға үн-түнсіз ұсына берді.
Шалды ренжітпейік деп, жауынгерлер ірімшіктен алып, оған темекі ұсынды. Дала қысының жарқыраған ақ күнінен өзге шөкімдей бұлты жоқ зеңгір аспанға темекінің көкшіл түтіні көтерілді.
Балдақты солдат Ысмайылды иығынан қағып: — Еһ, бауырым, мына жердің еңселі тірлігін-ай. Осында келіп тұрғым келеді. Соғыс біткен соң, дорбамды арқалап, мына разъезден түсемін де, қашан су кездескенше маңып жүре беремін, — деді де, түскей жақты мегзеді. — Ана жақта су бар ма?
Ысмайыл бөгелмей: — Бар. Алакөл дейді. Қандай көл десеңші: сыңсыған қамыс, жыпырлаған құс. Жел соқса, су үстімен бұрқырап құс үпелегі ұшады. Ал сен әлгіде мұны жер емес, бос қуыс дедің-ау, — деді.
— Қуыстың бәрі бірдей емес, — деді балдақты жауынгер ұялып күбірлеп.
Жер қойнауындағы қазына: Қазақстанның қуаты
Сол бір ғажайып жартастарға қарап тұрып, академик Ферсман айтқан ой еріксіз еске түседі: Қазақстан жерінің беті түгелдей топырақ пен құм басып қалған тау жоталарынан тұрады екен. Жерасты жондары орасан доғадай иіліп, Оралдан Тянь-Шаньға, Алтайға дейін созылады. Олар жез бен мыс-мырышқа, қорғасынға, күміске, алтынға, қалайыға тұнып жатыр.
Демек, жусан мен ши өскен осы шөл даланың астында алып таулар мен асыл металл қазынасы көмулі. Ысмайылдың «Қазақстан мұхиттай ұлы» деуі сондықтан да дәл.
Атаулы байлықтар мен өңірлер
Мыс
Балқаш жағалауы, Жезқазған
Қорғасын кені
Түркістан маңындағы Ащысай
Никель
Ақтөбе түбі, Мұғалжар
Темір рудасы
Қарсақпай
Марганец
Маңғыстау түбегі
Мұнай
Ембі
Көмір
Қарағанды
Фосфорит
Каспий өңірі шөлі
Алтын, сирек металдар
Алтай
Соғысқа дейін-ақ Қазақстан қазынасы жер қойнынан жоспар бойынша алына бастаған, республика да соған орай гүлденіп өсе берген. Ал соғыс бұл байлықты пайдаға асыруды бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен, кең құлашпен жүргізді.
Балқаштың көк шалқары және жұлдызды түн
Лепсі станциясында жол бойындағы үйлердің іргесіне жал-жал болып құм үйіліп қалыпты. Буфеттің есігі алдында шудасы желкілдеген қос өркешті түйе маңқиып тұр: ол ыстық су алуға жүгірген жауынгерлерге кекірейе қарайды.
Сонау алыстан, құм шағылдары мен аспан арасынан көз жауын ала жалтырап, бір көк шалқар көрінді. Ол — Қазақстанның көл-теңіздерінің бірі, Балқаш еді.
Күн шағыл төбелердің тасасына еңкейгенде, құм бұйраттары барқын тартып, жылы жарықтан маздап тұрды. Семафор оты жанды. Күңгірт аспанда жұлдыздар андыздап шыға келді: аспан төсінде жыбырлап, жылжып жүргендей, әрі сәт сайын жарығы артып, жарқырай түскендей. Бірте-бірте жұлдыздар жерге жақындап келе жатқандай көрінеді.
Вагон алаңшасында тұрған Ысмайыл маған жымия қарап: — Жұлдыздың көптігінен бе, әйтеуір, біздің жерде түннің өзі жарық. Дала жолдары сайрап жатады, кішкентай тышқанына дейін көрінеді. Олар түнде жолға шығып, шаңға аунап ойнайды, — деді.
— Сен майданда жүргенде атамекеніңді жиі еске алдың ба, Ысмайыл? — деп сұрадым.
— Күн құрғатпай. Қалай ойламассың? Қалай еске алмассың? Әйтпесе, соғысу да мүмкін емес қой, — деді ол.
Жадыдағы Алматы және әке аманаты
Пойыз беймәлім бұлыңғыр қиянға қарай зулап келе жатыр. Сол арада мен Алматы маңында, Алатау ішінде өткізген бір қыс түнін есіме алдым: жабайы алма тоғайы арасында қарға малынған тау өзені шулайды; ұлпа қар Тянь-Шань шыршаларынан шаңытып ұшып түседі; тау шыңдарының бірде о жерінен, бірде бұ жерінен көгілдір сәуле жарқылдап, жанып-сөніп тұрады — бұл зәулім шыңдар тасасындағы шоғыр жұлдыздардың жарқылы еді.
Ысмайыл әлгі сөзін қайталап: — Әйтпесе, соғыса да алмайсың, — деді.
Ол өз тағдырын қысқа да нық баяндады: — Әкем тіленші болыпты, қожасына арнап ұзақты күн даладан тезек теріп жүреді екен. Ал мен ақылды кітап оқуды үйрендім: Абай мен Пушкинді оқыдым. Мотордың қалай жұмыс істейтінін де, Жердің Күнді қалай айналатынын да білемін. Әкем тіленші болған, өзім сержантпын, ал қарындасым Алматыда артистка.
Ол әкесінің бір сөзін сағынышпен еске алды: жер көгереді, ел көктейді, үй-жай бақ-дәулетке толады, құдайы қонаққа түнемелікте жарық та жетеді — деген үміт.
Күрес сабақтастығы: Исатай мен Махамбет туралы сөз
Ысмайылдың әңгімесі ата-бабалар күресіне ұласты. Ол атасының Исатай Таймановты көргенін, көтеріліс жолын ұмытпай айтатынын жеткізді: сұлтандардың әділетсіздігіне қарсы күрес, қылышын қолдан түсірмеген батырдың мінезі — бәрі бір халық жадында қалған белгі.
Мен XIX ғасырдың бас кезіндегі Тайманов көтерілісін шала-пұла білетінмін. Оның екі көсемі — Исатай Тайманов пен ақын Махамбет Өтемісов екені мәлім. Ысмайылмен танысқаннан кейін, сол көтеріліс туралы көне мұрағат материалдарын тауып, мұқият оқып шықтым: кедейлер көтерілісі аса батыл, қажымас қайсар іс болған.
Халық көсемі мен шешені, қаһарман батырдың денесі алдында тіпті дұшпандары да бас иіп, кейін естеліктерінде: «Ол өзінің көзсіз ерлігінің құрбаны болды», — деп жазғаны айтылады. Батырлық дәстүрдің бүгінгі жауынгерлер рухымен жалғасатыны да осы тұстан аңғарылады.
Орта ғасыр саяхатшысы Карпинидің де қазақтар туралы: «Дұшпанын көре сала, олар ата жауларына ашықтан-ашық дүрсе қоя береді де, сұр жебелерімен боратып, олардың көзін жояды», — деп жазуы тегін емес секілді.
Қоштасу: майданға жететін хат орнына
Сарыөзек станциясына келгенде, Ысмайыл пойыздан түсті. Бәлкім, біз онымен біржола айырылыстық. Қоштасарда ол жауынгерлердің, пималы кемпірдің және тұлымы шолтаңдаған кішкентай қыздың қолын қатты-қатты қысты.
Менімен шеткерірек барып, көкейіндегі бірер сөзін айтты: — Байқасам, жолдасым, сіз менің атамекенімді жақсы көреді екенсіз, әрі газетке сөз жазатын адам көрінесіз. Осы ел мен жер туралы жазыңыз. Майдандағы жауынгерлеріміз оқысын. Сонда әрқайсысы өз даласын, тау-тасын, орман-тоғайын, балалық шағын есіне түсірсін. Алматыны есіне алсын. Сұлу қала, керемет сұлу.
Ол Алматының баяғы ағаш үйлері туралы, қабырға саңылауын шөп-шаламмен бітеген кездері жайлы да еске алды: құстар шөп-шаламды шұқып, түте-түтесін шығарып, қыста үйлер суық болғанын айтты. Сосын қысқа ғана қоштасты: — Ал, хош болыңыз!
Ысмайыл жол дорбасын арқалап, Жоңғар тауларына апаратын жолға қарай беттеді.
Аударған
Әбілміжін Жұмабаев