Қазақ хандығының соңғы ханы
Кенесары Қасымұлы: соңғы хан және ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі
Кенесары Қасымұлы (1802–1847) — мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837–1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі. Ол — Қазақ хандығының соңғы ханы. Тегі жағынан төре әулетіне жатады: Шыңғыс ханның 27-ұрпағы, Абылай ханның немересі.
Шыққан тегі мен тәрбиесі
Кенесары 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келді. Абылай хан ордасын Көкшетауға тіккен дәуірде оның көптеген ұрпағы ел басқару ісіне араласты. Абылай ханның Топыш ханымынан Қамбар мен Қасым сұлтан туған. Кенесары — Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен туған алты баланың бірі: Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай және Кенесары. Ал Наурызбай — Қасым сұлтанның екінші әйелінен туған.
Көшпелі әскери ақсүйектер дәстүріне сай Кенесары жастайынан шабандоздыққа, дала тіршілігінің қаталдығына төзімділікке тәрбиеленді. Оның ерлік мінезі, қайсарлығы, көздегеніне жетудегі табандылығы мен күш-жігері жетекшілік қабілетін ерте танытты.
Қозғалыстың басталу себептері
Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі алғышарты — патша үкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғысы» арқылы қалыптасқан хандық жүйені ыдыратып, дәстүрлі билік үлгілерін жоюы және қазақ даласын жалпыресейлік басқару жүйесіне біртіндеп кіріктіру саясаты болды.
- Ең шұрайлы жерлердің тартып алынуы, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау өңірлерінде әскери бекіністердің салынуы.
- Ертіс пен Есіл бойындағы құнарлы жерлердің орыс-казак қоныстанушыларына бөлініп берілуі.
- Алым-салықтың күшеюі және жергілікті халыққа қысымның артуы.
Алғашқы қарсылық және ауыр шығындар
Бұл саясатқа алдымен қарт сұлтан Қасым төре наразылық білдірді. Қарсылықтың алғашқы кезеңінде Ғұбайдолла сұлтанның, кейін Саржан сұлтанның әрекеттері айқын көрінді. Алайда Ресейге қарсы күресте одақтас саналған Қоқан хандығының сатқындығы салдарынан Саржан сұлтан 1836 жылы өлтірілді, ал Қасым төре 1840 жылы қаза тапты.
Осыдан кейін Қасым сұлтанның ұлдары — Кенесары мен Наурызбай күреске шықты. Қалың ел Кенесарының соңынан ерді. Ол әскери өнерін ағасы Саржан жасағында жүріп шыңдағанымен, отаршылдарға қарсы соғысты бірден бастамай, алдымен дипломатиялық жолды таңдады.
Дипломатия: талап хаттар және бейбіт келісімге шақыру
Кенесары І Николай патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В. А. Перовский мен В. А. Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П. Д. Горчаковке бірнеше рет хат жолдап, нақты талаптар қойды. Ол бекіністер салу арқылы жердің тартып алынуын тоқтатуды және қазақ жұртының тыныш өмір сүруін қалады.
«Міне, енді күн сайын жерімізге баса-көктеп кіріп, бекіністер салып, халықтың зығырданын қайнатып отырсыздар. Бұл біздің болашағымыз үшін ғана емес, бүгінгі тірлігіміз үшін де қатерлі. Менің тілегім — екі жақтың да халқы мизамшуақ өмір сүруі».
Алғашқы хаттарының бірінде ол императорды Абылай хан тұсындағы бейбіт қатынас пен шекаралық межені сақтауға шақырып, кейін енгізілген салық пен әкімшілік округтердің қазақ қоғамына ауыртпалық түсіргенін атап өтті. Алайда талап-тілектер орындалмаған соң, ел мен жердің біртұтастығына қауіп күшейіп, ол ту көтеріп қол бастауға мәжбүр болды.
Әскери дайындық және кең қолдау
Ақылды саясаткер әрі шебер қолбасшы ретінде Кенесары соғысқа жан-жақты дайындалды. Қару-жарақ соғуға, соның ішінде зеңбірек құюға қажетті шеберлерді (әртүрлі ұлт өкілдерін) тартты, оларға жағдай жасады. Көп ұзамай оның қол астына шамамен 20 мың сарбаз жиналды.
Жасақ құрамындағы ру-тайпалар
Орта жүздің арғын, қыпшақтарымен қатар Кіші жүздің шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы және басқа да рулары, сондай-ақ Ұлы жүздің үйсін, дулат руларының сарбаздары қатысты.
Тірек болған батырлар
Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Мыңжасар және басқа батырлар оның негізгі тірегіне айналды.
Хан сайлануы және ірі жорықтар
1841 жылдың қыркүйегінде үш жүздің өкілдері қатысқан жиында Кенесары қазақ халқының ханы болып сайланды. Сол жылы оның әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды.
1843 жылы Ресей үкіметі Кенесары ханға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Соған қарамастан, Кенесары әскері Ресей армиясына және патша жағына шыққан кейбір қазақ сұлтандарының жасақтарына бірнеше рет соққы берді. 1843 жылғы қыркүйекте Орынбор жасағымен шайқас бір аптаға созылғаны ерекше аталады.
1844–1845: қозғалыстың шарықтау кезеңі
1844–1845 жылдары көтеріліс ең жоғары шегіне жетті. Кенесарыны үш жақтан қоршап, Қарақұмға шегінуге мүмкіндік бермеу үшін бірнеше жасақ бағытталғанымен, ол оларды бытыратып, қоршаудан сытылып шықты.
Кейін Константинов қамалына шабуыл жасап, Жантөрин мен полковник Дуниковский бастаған әскермен шайқаста сұлтан жасағын тылдан соғып, жойып жіберді. Осы ұрыста 44 сұлтанның қаза тапқаны айтылады.
Келіссөздер, Жетісуға көшу және жаңа одақтастар
Кенесарыны қарудың күшімен толық бағындыра алмаған патша әкімшілігі онымен келіссөз жүргізуге ұмтылды. Сол тұста тұтқынға түскен жары Күнімжан ханым босатылды. Кейін Кенесары ордасын Жетісуға көшіріп, Ұлы жүзден Байсейіт, Сұраншы, Саурық, Тойшыбек, Байзақ батырлар жасақтарымен келіп қосылды.
Тарихи тұлға ретіндегі болмысы
Тарихта Кенесары хан парасатты әмірші, әскери өнерді терең меңгерген қолбасшы, жаужүрек батыр ғана емес, әрі дипломат, әрі данагөй тұлға ретінде танылады. Отаршыл саясат түрлі күштерді бір-біріне айдап салып, алауыздықты күшейтуге тырысқан кезеңде ол жеке мүддеден гөрі ел бірлігін жоғары қойды. Қаталдық танытатын сәтте қатал, ал мәміле қажет жерде сабыр мен ақылды алға шығарды.
Соңғы кезең және қаза табуы
Азаттық күресінің соңғы жылдарында Кенесары хан қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Алайда патша әкімдерімен құпия байланысы бар қырғыз билеушілері мойынсұнбады. Қақтығыс барысында өз ішіндегі опасыздықтың салдарынан Кенесары мен Наурызбай тұтқынға түседі.
1847 жылы Кенесары хан Қырғызстандағы Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік-Сеңгір аңғарында айуандықпен өлтірілді. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жіберген. Князь Горчаков оның басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі» туралы іске тіркеп сақтауға бұйрық бергені айтылады.
Санат: KZ порталындағы қазақша рефераттар жинағы (мәтін өңделіп, тілдік тұрғыда түзетілді).