Қазақ тілінің байлығы - қазақ халқының, қазақ ұлтының байлығы

Сынып сағат тақырыбы

«Ана тілің – арың бұл»

Мақсаты

  • Оқушылардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, ана тілін қастерлеуге баулу.
  • Өз ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу.
  • Отанның болашақ патриоты, жанашыры болып өсуге насихаттау.

Көрнекілігі

Ұлағат сөздер жазылған плакат.

Ұлағат сөздер

«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.»
Б. Момышұлы
«Ана тілінен айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құралақан қалады.»
Ғ. Мүсірепов

Барысы (мұғалімнің сөзі)

Ұлы Абайдың «Толғауы тоқсан қызыл тіл, сөйлеймін десең өзің біл» дегеніндей, әр сөздің өз қиысыны мен орны бар. Оны бір адам өзгерте алмайды, өйткені тіл — халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы. Сөзге, тілге әмір жүрмейді.

Қай ұлтты алсақ та, бәрінің өзіне лайық тілі бар. Халық тілін ең ардақты құндылық деп санайды, сүйеді. Қырғыз ақыны Сарноғаев айтқандай, ана тілін сүймеген адам халқын сүйіп те жарытпайды. Ана тілін қадірлемеген халықтың болашағы жоқ: ана тілінсіз ұлт мәдениеті де, ұлт әдебиеті де қалыптаспайды.

Қазақтың әдеби тілі — мәдениетті ілгері бастайтын қуатты құрал. Ана тілін ардақтап, мәпелеп өсіру — ананың баласын мәпелеп өсіруімен тең. Ал ана тіліне ұқыпсыз, немқұрайлы қарау — мәдениетсіздіктің айқын белгісі.

Негізгі ой

Қазақ тілі — дамыған, жетілген, бай әрі икемді тілдердің бірі. Тәлім-тәрбие тілден басталады: тіл — бөбектің үні, ананың әлдиі, бесік жыры.

Қазақ тілінің байлығы — қазақ халқының байлығы. Осы байлықты бағалай білсек, Қазақстан кез келген жұртпен иық теңестіре алатын іргелі ел бола алады.

Ана тілі — ананың ақ сүтімен бойға дарыған өз тіліміз. Біздің ана тіліміз — қазақ тілі. Ол тек отбасы мен ошақ қасының ғана тілі емес, мемлекеттік тіл.

Туған тілім – тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сөз ойдағы.

Өссе тілім – мен де бірге өсемін,

Өшсе тілім – мен де бірге өшемін.

Әбділда Тәжібаев

Талқылау сұрақтары

Сұрақ

Кейде өз ана тілін сыйламайтын, білгісі келмейтін адамдар да кездеседі. Олар туралы не айтар едіңдер?

Ой-түйін

Адамның бәрі бірдей емес: түсінігі төмен, білімі таяз жандардың кездесетіні рас. Мұндай құбылысты Сарноғаевтың төмендегі өлең жолдары өткір бейнелейді.

Ана тілін білмеген –

Ақылы жоқ желік бас.

Ана тілін сүймеген –

Халқын сүйіп жарытпас.

Сарноғаев
«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілін өгей ұлдар ғана менсінбейді.»
Ғ. Мүсірепов

Сондықтан өз тілімізге, өз ұлтымызға өгей болмайық.

Мемлекеттік тіл туралы

1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституцияда қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып бекітілді. 1997 жылғы 11 шілдеде «Тіл туралы» Заң қабылданып, оның 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі» деп көрсетілді.

Неліктен бұл маңызды?

Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Мемлекеттік тіл — көпұлтты ел халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастыратын басты құрал.

Қазақ тілін терең меңгеру арқылы біз өнер мен білімнің, мәдениет пен ғылымның биігіне ұмтыламыз, халқымыздың өткенін зерделеп, оны әлемге таныта аламыз. Өз тілімізді құрметтеу арқылы өзге тілдерді де үйреніп, өзге мәдениеттерді де қадірлей білеміз.

Ана тілімізді қастерлейік, құрметтейік!

Бекіту: «Мақалды жалғастыр» ойыны

1

Кен байлығы – жерде, сөз байлығы – елде.

2

Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі – қайырады.

3

Ауыз көркі – сөз, жүздің көркі – көз.

4

Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі – білім біл.

5

Шешеннің тілі – шебердің бізі.

6

Сөз жүйесін тапса – мал иесін табады.

7

Сөз – түпсіз, өмір – шексіз.

8

Піл көтермегенді, тіл көтереді.

Қорытынды

Қазақ тілі — бай, оралымды, ырғақты, теңеу-бейнелеулері ерте туған тіл. Поэзияда Абай мен Ілияс, прозада Мұхтар сияқты алыптарды туғызған тіл.

Осындай тілімізді таза ұстайық. Ана тіліңді қадірлеу — мемлекетіңді, ұлтыңды, өзіңді қадірлеу.

Есте ұстайық

Қазақстан егемендігін баянды етіп, оны әлемдегі озық елдердің қатарына қосу үшін мемлекеттік тілдің жетекші рөлі бар екенін әсте естен шығармайық.

Санат

KZ портал • Қазақша сынып сағаттар жинағы