Өткізер талай таңды қыз

Мұса Жәлел — рух пен намыстың биігі

Ерлік… Қайтпас қайсарлық… Қажымас қайрат… Бұл — батылдық пен асылдықтың үлгісіндей, есімі аңызға айналған татардың баһадүр ақыны Мұса Жәлелге дәл келетін сипат. Оның өмір жолы, еліне деген сүйіспеншілігі мен ерлігі — білген жанға ұлы өнеге, тәрбие мектебі. Мұса Жәлел азаттық пен патриоттықтың символы іспетті.

«Моабит дәптері» — қапастағы еркін ой

Осындай патриот ақынның отты қаламынан туған «Моабит дәптері» — Отанға арналған гимн тәрізді. Қапаста, өмір мен өлімнің арасында жатып та жүрегін «Татарстаным» деп соқтырған махаббат — ел мен жер туралы жыр жазуға жетеледі. Бұл — асқан ерлік қана емес, арайлап ататын бостандыққа бір сәт күмән келтірмеген сенімнің айқын көрінісі.

Мағынасы

«Моабит дәптері» — жыр ғана емес, күрес. Бұл — әділдікті іздеген жанның жүрек сыры, адам рухының сын сағатта да сынбайтынын дәлелдейтін туынды.

Әлемге ортақ ақын

Мұса Жәлел — өз елінің ғана емес, өзге елдің де сүйіп оқитын ақыны. Бұрын татар ақындары туралы көп естімеген едім. Ал қазір татар халқының мол мұрасы, асқар бәйтеректей тұлғалары, асыл сөз иелері көп екенін түсініп, соның ішінде Мұса Жәлелдің есімімен ғана емес, мағынасы терең көптеген туындыларымен таныстым.

«Джим» — балалықтың жарасы

Жанымды тебірентіп, жүрегімнің қылын шерткен, көзіме жас ұялатып, көңілімнің төрінен орын алған шығарма — «Джим» поэмасы. Бұл поэма — ақын өмір сүрген дәуірдің айнасы. Ақын кішкентай қыз Эмма тағдыры арқылы сол кезеңдегі барша балалардың өмірін көрсетуге ұмтылады: бақытты балалық шақтың күндерін ұрлаған әділетсіз жарлықтың салдары қандай ауыр екенін сездіреді.

Бала қиялына, қуанышына балта шауып, нұрлы жүзге қаяу салған — қанағатсыз зұлымдық. Поэманы оқыған оқырманның құлағына қос жанарын жасымен шайып, ботадай боздап жылаған сәби үні естілгендей болады.

Жападан-жалғыз қалды қыз, Джим мен әке жоғалды.

Өткізер талай таңды қыз

Күтумен енді соларды.

«Джим» поэмасынан

Осы шумақты оқығанда көз алдыма тоқтық пен көңілдегі қуаныштан, ата-ана жылуы мен махаббатынан шет қалған сәби елестейді.

Жырмен қарсы тұру — ерліктің бір түрі

Фашистік Германияның озбыр талабына қарсы тұрып, шындықты жырға айналдыру — Мұса Жәлел ерлігін айқындай түседі. Өйткені кейде ең қатал майдан — адамның ар-ожданын сақтап қалу майданы.

Қорытынды ой

Осындай ұлы перзенттерін ұлықтайтын халқы бар елдің рухы биік болады. Мұса Жәлел сынды дана да дара тұлғалар көбейген сайын, әлем әдебиетінің алар асуы да асқақтай бермек.