Еліміздің болашағы жастардың қолында

Тәуелсіздік — ұлттың ең асыл мұраты

Міне, көзді ашып-жұмғанша, биыл қазақ халқы тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтеді. Тәуелсіздікке жету оңай болған жоқ — бұл бәрімізге мәлім. Бұл күндер халқымыздың арман-мұратының орындалғанын айғақтайды. Еркін, тәуелсіз мемлекетке айналу бізге зор қуат беріп, өз еркімізбен алға ұмтылып, мемлекет ретінде өркендеуге жол ашты.

Қасіретпен көмкерілген жол, қасиетпен бекіген ұлы дала

Халқымыз қазақ болып, ұлт болып қалыптасу жолында да, одан кейінгі кезеңдерде де талай қиямет-қайым күндерді бастан өткерді: қилы замандар, кескілескен шапқыншылықтар, сұрапыл сындар. Білектің күшімен, найзаның ұшымен соңғы демі қалғанша туған жерін қорғап, бізге аманат еткен ұлы даланың кемеңгерлері мен ер жүрек батырларының арқасында бүгін бейбіт өмір сүріп отырмыз.

Киелі ұғымдар: Тәуелсіз Қазақстан, Қазақстан Республикасы

«Тәуелсіз Қазақстан», «Қазақстан Республикасы» — қандай керемет, қандай киелі ұғымдар! Бұл сөздерден-ақ Отанымыздың еркін, дербес мемлекет екенін бірден аңғаруға болады.

Мемлекеттік рәміздер

Көк туымыз желбіреп, жүрегімізді мақтаныш кернейді; әнұранымыз асқақтай шырқалады.

Ортақ шаңырақ

Елдік туымыз тігілген үлкен үйіміз — алтын шаңырағымыз да осында, қасиетті Қазақстанда.

Жарастығымыздың да, жақсылығымыздың да, тыныштығымыздың да қиясы, махаббатымыздың да ұясы — Қазақстан. Талай-талай қас батырлар жанын қиған, талай арулар махаббат жолында құрбан болған, талай жүрекке өкініш оты түскен, талай жан қуаныштан жүрегі жарыла жаздап шаттанған — осындай тағдырлардың бәріне куә болған қасиетті Отанымыз да осы.

ХХ ғасырдың зобалаңы және елге оралған елес

Қазақстан — тәуелсіз ел. Ал сол тәуелсіздік жолында қазақ халқы аз көрген жоқ: азап та болды, аштық та болды, сұмдық соғыс та өтті. Әсіресе ХХ ғасыр халқымыз үшін ауыр соғып, қайғыға толы кезең ретінде есте қалды.

Нәубет жылдары тарыдай шашырап кеткен жұрттың елге оралған сәтін көз алдыңа елестетсең — туған жерді, ата-бабасының кіндік қаны тамған топырақты құшырлана сүйген күйін көргенде қалай толқымассың?!

Болашаққа сенім: жастарға аманат

Еліміздің болашағы — жастардың қолында. Өршіл ақын Мағжан Жұмабаев:

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты —
Мен жастарға сенемін!

Ақынның осы көркем ойына лайық болу — әр буынның парызы. Еліміздің ертеңінен жүрегім қорықпайды, керісінше қуанады: келешегіміз нұрлы боларына сенімім берік. Оның негізі — бүгінгі жас ұрпақтың білімге ұмтылысы мен елге деген жауапкершілігі.

Тәуелсіздіктің 25 жылындағы жетістіктер

Мен Қазақстан Республикасының азаматы екенімді мақтан тұтамын. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде еліміз көптеген жетістіктерге жетіп, әлеуметтік және экономикалық жағдайы күннен-күнге жақсарып келеді. Мұның бәрі, меніңше, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің іскерлігі мен көрегендігінің нәтижесі.

Отан туралы жыр

Осындай елде тұрып, білім алып, Отанымды әнге қоспай қалайын:

Қазақстан — арқа сүйер тірегімдей,
Құшағы, көңілі ыстық күн елімдей.
Көгінде ән қалқыған, күй шалқыған,
Шырқатқан ақын жанын өз елінде.

Қызғалдақ қаздар қандай жыр жүрегі,
Жалт еткен жанарынан күн күледі.
Пейілі кең даладай адамдары,
Қарайды бауырында маған бәрі.

Тасып жатқан өзендер жағасынан,
Сары белдер сағымдар арасынан
Тарайды нұрын шашып бар әлемге —
Қазақтың қасиетті даласындай.