Қаржы құқығы негіздері

Қаржы құқығы: мәні және мемлекеттің қаржылық қызметі

Қаржы құқығы — мемлекеттің дамуының әрбір нақты кезеңінде оның міндеттері мен қызметтерінің үздіксіз атқарылуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттің қаржылық қызметі барысында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы.

Қаражатты жинау

Мемлекеттің қаржылық қызметі түрлі әдістермен жүзеге асырылады. Соның маңыздысы — ақшалай қаражат жинау: жеке және заңды тұлғалардың табысы мен пайдасының бір бөлігі заңда белгіленген мерзім мен мөлшерде мемлекеттік бюджетке түседі. Бұл түсімдердің уақтылы төленуін арнайы мемлекеттік органдар бақылап отырады.

  • Бюджетке міндетті төлемдердің түсуі
  • Бюджеттен тыс қорларға міндетті жарналар (мысалы, зейнетақы жинақтау қорлары)
  • Мемлекеттік баждар мен алымдардың бюджетке түсуі

Қаражатты бөлу және пайдалану

Ақшалай қаражатты бөлу мен пайдаланудың негізгі әдістерінің қатарында қаржыландыру және несие беру бар.

Қаржыландыру

Жоспарлы, мақсатты, қайтарымсыз және ақысыз түрде мемлекеттік бюджеттен берілетін ақшалай қаражат. Яғни бюджет қаражатын алушыларға осы қаражатты бөлу.

Несие беру

Банктік қарыз түріндегі жоспарлы, мақсатты, ақылы және белгіленген мерзімде қайтарылатын, пайызбен берілетін ақшалай қаражат.

Қазіргі таңда несие берудің мемлекеттік, банктік және коммерциялық түрлері кең таралған.

Несиенің негізгі түрлері

Мемлекеттік несие

Мемлекеттің шет мемлекеттердің, олардың жеке және заңды тұлғаларының, инвесторлардың, халықаралық қаржылық ұйымдардың қаражатын уақытша пайдалануы. Бұл жағдайда мемлекет қарыз алушы рөлінде болады.

Банктік несие

Банктің қарауына уақытша айналыстан бос ақшалай қаражаттарды жинақтау және оларды қарызға беру қатынастарын қамтиды.

Коммерциялық несие

Кейде тауарлық несие деп те аталады. Оның мәні — төлемді кейінге қалдыру арқылы қаржыны кейінірек қайтаруға мүмкіндік беру. Мысалы, кәсіпорын материалдарды несиеге алып, төлемді кейін өтейді.

Қаржылық бақылау: жүйесі және элементтері

Қаржылық бақылау — мемлекеттің қаржылық іс-әрекетіндегі ақша-қаржы ағымын және бюджеттік қаражаттың сақталуын қатаң қадағалауға бағытталған маңызды бөлік. Бұл — күрделі жүйе.

Қаржылық бақылаудың құрылымы

  1. 1 Бақылау субъектісі — бақылауды жүзеге асыруға өкілетті органдар мен лауазымды тұлғалар.
  2. 2 Бақылау объектісі — тексерілетін тұлға немесе қызмет.
  3. 3 Бақылау заты (тақырыбы) — тексерілетін қаржылық қатынастар мен операциялар.
  4. 4 Мақсаты — заңдылықты, тиімділікті және тәртіпті қамтамасыз ету.
  5. 5 Әдістері — тексеру, талдау, салыстыру, есеп пен есептілікті бағалау және басқа құралдар.

Субъект және объект: кім тексереді, кім тексеріледі?

Қаржылық бақылаудың субъектісі — қаржылық бақылауды жүзеге асыруға құзыреті бар арнайы мемлекеттік немесе мемлекеттік емес органдар және лауазымды тұлғалар. Осыған сәйкес, тікелей тексеруші — субъект, ал тексерілуші — объект болып саналады.

Мемлекеттік қаржылық бақылаудың объектілері

  • мемлекеттік органдар
  • мемлекеттік заңды тұлғалар
  • мемлекеттік емес заңды тұлғалар
  • азаматтар

Бюджеттік құқық негіздері

Бюджет ұғымы және бюджет қатынастары

Материалдық мағынасында бюджет — мемлекеттің ақша қоры. Осы тұрғыдан алғанда, бюджет — мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыруды қаржымен қамтамасыз етуге арналған орталықтандырылған ақша қоры.

Бюджет үдерісінде туындайтын қатынастар бюджеттік қатынастар деп аталады.

Бюджет үдерісі

Бюджетті жоспарлау, қарау, бекіту, атқару, нақтылау және түзету; бюджеттің атқарылуы бойынша бюджет есебі мен есептілігін жүргізу; мемлекеттік қаржылық бақылау; сондай-ақ байланыстырылған гранттарды жоспарлау мен пайдалану — Қазақстан Республикасының бюджет заңдарымен реттелген қызметтердің жиынтығы ретінде бюджет үдерісі болып табылады.

Бюджет жүйесі және бюджет түрлері

Бюджеттер және Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры, сондай-ақ бюджеттік үдерістер мен қатынастардың жиынтығы бюджет жүйесін құрайды.

Бюджет түрлері

  • түзетілген бюджет
  • бекітілген бюджет
  • нақтыланған бюджет
  • мемлекеттік бюджет
  • жергілікті бюджеттер

Негізгі анықтамалар

Түзетілген бюджет
Қазақстан Республикасының Парламентінде Үкімет немесе жергілікті атқарушы органдар енгізген өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып бекітілген (немесе нақтыланған) бюджет.
Бекітілген бюджет
Тиісті қаржы жылына арналған, Қазақстан Республикасының Парламенті немесе тиісті мәслихат бекіткен бюджет.
Нақтыланған бюджет
Атқарылу барысында Парламент немесе тиісті мәслихат қабылдаған өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, тиісті қаржы жылына бекітілген бюджет.
Мемлекеттік бюджет
Өзара өтелетін операцияларды есепке алмағанда, республикалық және жергілікті бюджеттерді біріктіретін, талдамалы ақпарат ретінде пайдаланылатын және бекітуге жатпайтын жиынтық бюджет.
Жергілікті бюджет
Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеті, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеті.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры

Еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, қаржылық активтердің (материалдық емес активтерді қоспағанда, өзге де мүліктерді қоса алғанда) қорлануына, экономиканың шикізат секторына тәуелділікті және қолайсыз сыртқы факторлардың ықпалын төмендетуге арналған мақсатта Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры құрылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі шотында шоғырландырылатын мемлекеттің қаржылық активтері, сондай-ақ материалдық емес активтерді қоспағанда өзге де мүліктері — Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры болып табылады.

Қызметтері

  • жинақтау
  • тұрақтандыру

Басқару қағидаттары

Қорды қалыптастыру мен пайдалану әлемдік және ішкі тауар-қаржы нарықтарының конъюнктурасы, ел ішіндегі және шет елдердегі экономикалық ахуал, әлеуметтік-экономикалық дамудың басымдықтары ескеріле отырып айқындалады. Бұл ретте макроэкономикалық және фискалдық тұрақтылық, сондай-ақ Қордың мақсаттары мен міндеттері сақталуы тиіс.

Түсімдер мен жұмсау, сенімгерлік басқару

Қор түсімдері мен жұмсауы ұлттық және шетелдік валюталармен жүргізіледі. Ұлттық қорды сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Үкіметімен жасалатын сенімгерлік басқару туралы шарт негізінде жүзеге асырады.

Салық: ұғымы, жүйесі, түрлері

Салықтың анықтамасы

Салық — мемлекет біржақты тәртіппен заң жүзінде белгілейтін, белгілі бір мөлшерде алынатын, қайтарымсыз және өтеусіз сипаттағы бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлем.

Тікелей және жанама салықтар

Тікелей салық

Салық төлеуші салық ауыртпалығын тікелей өзі көтереді: төленген салық оның мүлкінің немесе еңбекақысының азаюына әкеледі. Мысалы, жеке табыс салығы.

Жанама салық

Салық ауыртпалығы іс жүзінде басқа тұлғаға (тұтынушыға) ауысады. Заң жүзінде төлеуші — сатушы, бірақ салық сомасы тауар құнына қосылғандықтан, оны сатып алушы өтейді. Жанама салықтарға қосылған құн салығы (ҚҚС) және акциздер жатады.

Есептеу тәсіліне қарай

Еңбекақыға салынатын салық

Салық органы әрбір салық төлеушіге төленетін салық мөлшері көрсетілген өкім бергеннен кейін төлеу міндеті туындайтын салық.

Еңбекақыдан тыс салынатын салық

Салық төлеуші салықты өзі есептеп шығарып, өзі төлейді. Салық органдары есептеудің дұрыстығы мен төленуін тексереді және бақылайды.

Негізгі салықтар және қысқаша сипаттама

Корпорациялық табыс салығы

Төлеушілерге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден табыс алатын резидент емес заңды тұлғалар жатады.

Заңды тұлғаның кірісінен шығыстары шегеріліп, нәтижесінде алынған пайданың белгілі бір бөлігі корпоративтік салық ретінде бюджетке төленеді.

Жеке табыс салығы

Төлеушілер — салық салынатын табысы бар жеке тұлғалар (резидент және резидент емес).

Төлем көзінен салық салынатын табыстар

  • қызметкердің табысы
  • біржолғы төлемдерден алынған табыс
  • жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетін зейнетақы төлемдері
  • дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар
  • стипендиялар
  • жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табыс

Жеке еңбек табысының көлеміне байланысты салық мөлшері пайыздық ставкалар арқылы есептеледі.

Қосылған құн салығы (ҚҚС)

ҚҚС — тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) өндіру және олардың айналысы процесінде қосылған құнның бір бөлігін бюджетке аудару, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағына тауарлар импорты кезінде төленетін төлем.

Салық салынатын айналым бойынша бюджетке төленуге тиісті ҚҚС сатылған тауарлар (жұмыстар, қызметтер) үшін есептелген ҚҚС сомасы мен алынған тауарлар (жұмыстар, қызметтер) үшін төленуге тиісті ҚҚС сомасы арасындағы айырма ретінде айқындалады.

Салық салу объектілері

  • салық салынатын айналым
  • салық салынатын импорт

Акциздер

Акциздер Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын жекелеген тауарларға, сондай-ақ қызметтің белгілі түрлеріне салынады.

Акциз салынатын тауарлар мен қызметтер (мысалдар)

  • спирттің барлық түрлері
  • алкоголь өнімдері
  • темекі бұйымдары және темекі бар өзге өнімдер
  • бензин (авиациялық бензиннен басқа), дизель отыны
  • жеңіл автомобильдер (ерекшеліктермен)
  • шикі мұнай, газ конденсаты
  • ойын бизнесі
  • лотереяны ұйымдастыру және өткізу

Үстеме пайда салығы

Жер қойнауын пайдаланушылар (заңда көзделген ерекшеліктерді қоспағанда) үстеме пайдаға салық төлеушілер болып табылады. Бұл салық, әдетте, пайдалы қазбаларды өндірумен байланысты қызметке қатысты қарастырылады.

Көлік құралдары салығы

Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, меншік құқығында салық салу объектілері бар жеке тұлғалар және меншік, шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығында салық салу объектілері бар заңды тұлғалар (оның ішінде құрылымдық бөлімшелері) көлік құралдары салығын төлеушілер болып табылады.

Мүлік салығы

Мүлік салығын төлеушілер қатарына Қазақстан Республикасының аумағында меншік, шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығында салық салу объектісі бар заңды тұлғалар, сондай-ақ меншік құқығында салық салу объектісі бар жеке кәсіпкерлер жатады.

Сондай-ақ заңды тұлғаның шешімі бойынша оның құрылымдық бөлімшелері Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан салық салу объектілері бойынша салық төлеушілер ретінде танылуы мүмкін.