Бақсы сарыны

Тұрмыс-салт жырларының табиғаты және қоғамдық қызметі

Тұрмыс-салт жырлары — көне заманда пайда болып, ел ішінде кең тараған, халықтың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-ырымын, наным-сенімін және дүниетанымын бейнелейтін рухани қазына. Табиғат аясында көшіп-қонып өмір сүрген халқымыздың тіршілігі табиғатпен үзілмес байланыста болғандықтан, ой-сананың қалыптасуы мен танымның дамуы осы жырлардан анық көрінеді.

Негізгі арқау

Үй іші, шаруашылық, еңбек, өмір циклдері, табиғат құбылыстары.

Қызметі

Тәрбие, тілек-бата, қоғамды ұйыстыру, қорғау-емдік ырымдар, көңіл көтеру.

Дүниетаным

Табиғатқа тәуелді өмір салты, тотемистік және магиялық ұғымдар, діни қабаттар.

Жиналу және зерттелу тарихы

Қазақ тұрмыс-салт жырлары XVIII ғасырдан бастап, ал XIX ғасырдың алғашқы жартысынан бері жүйелі түрде жиналып, зерттеліп келеді. Н.П. Рычков, П.С. Паллас, А.И. Левшин еңбектерінде салтқа қатысты өлеңдер этнографиялық сипатта қарастырылды.

XIX ғасырдың екінші жартысы

Ш. Уәлиханов, В.В. Радлов, Г. Потанин, А. Васильев, Я. Лютишь, Н. Гордеков, М. Готовицкий, Р. Пфеннинг, А. Алекторов және басқа зерттеушілер тұрмыс-салт жырлары жөнінде құнды пікірлер қалдырды.

Ғылыми жүйелеу мен жіктеу

  • А. Байтұрсынов (1926) ауыз әдебиетін сауықтама және сарындама деп бөліп, салт сарынындағы өлеңдерді сарындамаға жатқызады.
  • М. Әуезов (1927) қазақ өлеңдерінің қалыптасуын талдап, дәстүрлі жіктеу ұсынады: қайғы-шер өлеңдері; дінмен байланысты өлеңдер; қыз ұзату үстіндегі салт өлеңдері.
  • Кейінгі іргелі еңбектер: Б. Уахатов — «Халық өлеңдері» (1974), Б. Абылқасымов — «Телқоңыр».

Еңбек-кәсіппен байланысты өлең-жырлар

Аңшылық өлеңдері

Күн көріс пен кәсіпке қатысты өлеңдердің ішіндегі ең көнесі — аңшылық жайындағы өлеңдер. Бұл жырларда жанды-жансыз дүниенің өзгеше сипаттарына таңдану, табыну, ырымдық ұғымдар мол ұшырасады. Ерте дәуірде адам аң аулау үшін аңның терісін жамылып, өзін ит-құсқа, аңға білдірмеуге тырысқан.

Қазақ ұғымында да құсты қасиет тұту, киелі санау кездеседі: аққу мен сары ала қазды атуға тыйым салу; бөріге сыйыну; марал мен бұғыны киелі деп тану. «Жүгірген аң, ұшқан құстың да обалы бар» деп біліп, аңды да «Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп барып атқан.

Төрт түлік жырлары

Төрт түлік жырлары — халық тіршілігінің негізі болған малдың пайдасын жырлаумен қатар, әр түліктің өз «пірі» бар деген сенімнен туған. Қазақ малдың қадір-қасиетін ғана емес, оның сыр-сипатын да жақсы таныған, төрт түлікті құт санаған.

Пірлерге қатысты ұғымдар

Шопан ата, Жылқышы ата (Қамбар ата), Ойсылқара, Зеңгі баба.

Тілек-бата үлгісі
Шаруаның бір түлік пірі — Шопан.
Келтірмей қу, пір ата, қойға топан.
Қойды аңдыған пәленің бәрін құртып,
Бықпырт тиіп, үні өшсін қасқыр апан.

Наным-сенімге байланысты өлеңдер

Бәдік

Бәдік — көне таным бойынша індет пен науқастың атауы. Бұл жанр қазақпен бірге өзбек, қарақалпақ, тәжік халықтарында да кездеседі. Ә. Диваев дерегінде бәдік адам және мал ауруларына қарсы, сондай-ақ улы жәндіктер уын қайтару үшін қолданылғаны айтылады.

Бәдік жыры «көшіру» салтымен байланысты: індетті «көшіріп», адамды не малды аурудан арылтуға болады деп сенген.

Көне магиялық ұғым бойынша, қаскөй күштерді үркітуде шу мен дауыстың ғұрыптық әсері бар деп есептелген. Кейін бәдік жастардың әзіл-қалжыңы мен ойын-сауығына да айналған.

Арбау

Арбау — магиялық наным-сенімдерге қатысты жанр. Ш. Уәлиханов арбауды негізінен «заговор» деп түсіндіреді: арбаушы адам әртүрлі сиқырлы күштерден, сырқаттан қорғап, залалды қайтаруға қабілетті деп саналған.

Күн жайлату, бұлт шақыру, жаңбыр және жел шақыру, сондай-ақ жылан, қарақұрт, бүйе уын қайтару — арбаудың аясына кіреді.

Арбау үлгісі
Кер, кер жылан, кер жылан,
Кереге басты мәр жылан.
Сары жылан, ата жылан,
Қу жылан, су жылан.
Көл жылан, көлбер жылан.
Ұзын-ұзын, ұзын жылан,
Лек-лек келді, шық жылан.

Тасаттық және бақсы сарыны

Құрғақшылық жылдары тасаттық беру, құрбандық шалу дәстүрі бүгінге дейін сақталған. Тасаттық — жауын шақыру ғұрпының ұжымдаса орындалатын түрі. Бұл жоралғы қырғыз, өзбек, түркімен, татар халықтарында да бар.

Тасаттықтағы жолдар
Мен тасымды торлайын,
Торсыққа салып қорғайын,
Тәңірі өзің берсең зорлайын.

Бақсы сарыны — бақсы ойыны кезінде орындалатын, сол сеанстың ажырамас бөлігі. Ә. Қоңыратбаев пікірінше, бақсы сарындарында магия, шамандық және исламдық ұғымдар араласып жатады. Дұғаға ұқсас қызмет атқарғанымен, ол көбіне импровизацияға негізделеді.

Материалдар Б. Абылқасымовтың «Телқоңыр» еңбегіндегі деректермен сабақтас беріледі.

Отбасы салтына байланысты өлеңдер

Отбасы салтына қатысты жырлар бала бағу, өсіру, қыз ұзату, келін түсіру, жаназалау сияқты өмірлік кезеңдермен бірге қалыптасқан. Олардың қызметі мен жанрлық түрлері сан алуан болғандықтан, шартты түрде үш топқа бөлуге болады.

Сәбилерге арналған өлеңдер

Шілдехана жыры, бесік жыры, уату өлеңдері, бесікке бөлеу, тұсау кесу, майлап-сылау жырлары.

Үйлену жырлары

Тойбастар, жар-жар, сыңсу, тақиямен қоштасу, жұбату, көрісу, неке қияр, беташар.

Жаназалау өлеңдері

Арыздасу, естірту, көңіл айту, жоқтау.

Сәбилерге арналған салт өлеңдері

Шілдехана жыры

Отбасында баланың дүниеге келуі — үлкен қуаныш. Қазақ әрбір жаңа өмірді ән-жырмен қарсы алған. Әйел аман-есен босанған күні кешке ауыл жастары шілдеханаға жиналып, таң атқанша ана мен нәрестені ардақтап, ән салып, күй тартқан.

Шілдеханадағы тілек
Жан қалтама салғаным өрік болсын,
Балаңыздың ғұмыры берік болсын.
Ағалары алдында аман болып,
Едел-жедел артынан серік болсын.

Екі ауылдың арасы мидай дала,
Осы үйде туыпты бір жас бала.
Мұнда айтпаған өлеңді қайда айтамыз,
Туысқанның үйінде шілдехана.

Бесік жыры және бесікті аластау

Бесік жыры — сәби жүрегіне рухани нәр беретін алғашқы жыр. Ана бесіктегі баласын тербете отырып, арман-тілегін әуезді әнмен жеткізеді. Баланы алғаш бесікке салу рәсімі көбіне бесікті аластаудан басталған.

Аластау сөздері
Алас, алас, баладан алас,
Иесі келді, пәлесі көш!
Алас, алас, бәледен алас,
Көзі жаманның көзінен алас!
Тілі жаманның тілінен алас!
Қырық қабырғасынан алас,
Отыз омыртқасынан алас!
Бесікке бөлеу өлеңінен
Мойнымдағы тұмарым,
Тарқамайтын құмарым,
Тағдыр берген алсын деп,
Ақ бесікке салсын деп.

Мойнымдағы маржаным,
Қорадағы мал-жаным,
Бесігіңе жата ғой,
Тәтті ұйқыға бата ғой!

Балам жатсын бесікке,
Пәлесі қалсын есікте.
Бесіктен шешіп алғанда
Анасы шешіп алсын,
Ұйқысы бесікте қалсын.
Балам бесіктен шықсын,
Пәлесі есіктен шықсын.

Майлап-сылау жыры

Нәресте тез ширап, жетілуі үшін кіндігі түсіп, қырқынан шыққанша тұзды сумен шомылдырып, денесін маймен сылап, аяқ-қолын созғылаған. Осы кезде тілек-уағыз сипатындағы жолдар айтылған.

Тілек сөздері
Тәу, тәу, тәу,
Сыламақ менен,
Қатып қалмақ сенен.
Менің қолым емес,
Бибі Фатима, Бибі Зухра қолы,
Май ана, Қамбар ата қолы!
Тастай қыл,
Темірдей қыл,
Сүттей ақ қыл,
Дерт үйге кірмесін,
Балаға тимесін!

Уату өлеңдері және тұсаукесер

Бесік жыры баланы ұйықтатуға айтылса, сәби оянып, қолда тербелген сәтте уату өлеңдері орындалған. Халық баланы жөргектен бастап болашақ өмірге дайындап, дені сау, еңбекке бейім азамат болып өсуіне мән берген.

Сәби тәй-тәйлап жүре бастағанда тұсаукесер жасалады. Тұсауды көбіне ала жіппен кесуі — «ешкімнің ала жібін аттамасын» деген ниетті білдіреді.

Тұсау кесер өлеңі
Қаз, қаз балам, қаз балам,
Қадам бассаң, мәз болам,
Күрмеуіңді шешейік,
Тұсауыңды кесейік.

Қаз, қаз балам, қаз балам,
Тақымыңды жаз, балам,
Қадамыңа қарайық,
Басқаныңды санайық.

Маусымдық салт жырлары

Қазақ халқында маусымдық салт жырлары көп емес. Бұл топ белгілі бір мезгілдік мерекелерді атап өтуге байланысты қалыптасқан. Ең танымал үлгілердің қатарына жарапазан және ұлыс жырлары жатады.

Жарапазан

Жарапазан — қазақ ауыз әдебиетінде кең тараған өлең түрі. Ол ораза ұстайтын рамазан айында айтылады. Жарапазанды ересектер де, балалар да орындаған. Кешкі ауызашар мезгілінде жарапазаншылар ауыл-ауылды аралап, өлең айтып, игі тілек білдірген.

Жарапазан отыз күн бойы үздіксіз айтылмай, көбіне оразаның алғашқы күндерінде орындалған. Өлеңде иман, адамгершілік, оразаның қабыл болуы сияқты тақырыптар сөз болады. Жарапазанның арнаулы баталары да болған, ал айтушыларға сый-сияпат берілген.

Жарапазаннан үзінді
Үйің, үйің, үй екен,
Үйдің көркі ши екен,
Саба көркі бие екен,
Ақ ордадай көрінген
Қайсыбір байдың үйі екен?

Ассалаумағалейкум, ақтан келдік,
Күн шығып, айы туған жақтан келдік.
Біз айтсақ жарапазан — әдет-ғұрып,
Пайғамбар жолын қуып атқа міндік.

Бай Мұхамбет үмбетіне жарапазан,
Оразаң қабыл болсын ұстаған жан...
Жарапазан батасы
Міне бата, ақ ниет,
Бола берсін берекет,
Қиын дейді қиямет,
Жақын дейді ақырет.

Құлшылық қыл Аллаға,
Қыл көпірден таймай өт!
Кірсін дәулет,
Шықсын бейнет,
Алла атымен ниет ет.

Жоқ-жітікке рақым ет,
Тәңір сені қолдасын,
Уайым-қайғы болмасын.
Қабыл болсын оразаң,
Әулетіңді оңдасын!
Әумин!