АТАЛАР СӨЗІ – АҚЫЛДЫҢ КӨЗІ

«Аталар сөзі – ақылдың көзі» (сынып сағаты)

Уразалина А.Д., Пахарь орта мектебі

Сұрақ-жауап және өнегелі сөздер

Төмендегі бөлімдерде оқушылар халық даналығын сұрақ-жауап арқылы жеткізеді.

Шешендік жұмбақ

Дина:

Жерден ауыр не? Судан терең не? Оттан ыстық не? Көктен биік не?

Әуез:

Жерден ауыр дегенім — ақыл, білім.
Судан терең дегенім — оқу, ғылым.
Оттан ыстық дегенім — адамның өмірі.
Көктен биік дегенім — тәкаппардың көңілі.

«Алты алаш» ұғымы

Жанат:

Алты алаш деген не?

Данияр:

Алты алаш — Алаш ханның алты баласы: Қазақ, Қарақалпақ, Қырғыз, Өзбек, Түркімен, Жайылхан.

«Не жетім?»

Қариполла:

Не жетім?

Маржангүл:

Жаңбыр жаумаса — жер жетім.
Басшы болмаса — ел жетім.
Ұқпасқа айтылған сөз — жетім.

Ананың мейірі, әкенің қаталдығы

Алишер:

Дүниеде не тәтті, не жұмсақ, не қатты?

Жадыра:

Ананың сүті тәтті.
Ананың қолы жұмсақ.
Әкенің жүрегі қатты.

Дина:

«ӘКІМ» деген сөздің мәнін ажырата білесің бе?
«Ә» — әділ бол.
«К» — кекшіл болма.
«І» — ілтипатты бол.
«М» — менмен болма, мейірімді бол.

Үш сауап

Салтанат:

Үш сауап туралы не білесің?

Асылхан:

Үш сауап: шөлге құдық қазған, өзенге көпір салған, жолға ағаш еккен.

Ақерке:

«Қазақ биі».

Апта күндері (қазақша атаулар)

Дина:

Қазақша күн аттарын білесің бе?

Ерқанат:

Бүгін — дүйсенбі.
Ертең — сейсенбі.
Бүрсігүні — сәрсенбі.
Арғы күні — бейсенбі.
Ауыр күні — жұма.
Соңғы күні — сенбі.
Азына — жексенбі.

Он ата

Фархат:

Әке, Бала, Немере, Шөбере, Шөпшек, Немене, Туа жат, Жүре жат, Жек жат, Жұрағат.

Жеті қазына

Әуез:

Жеті қазына дегеніміз не?

Ботагөз:

  1. Ер жігіт.
  2. Сұлу әйел.
  3. Ілім-білім.
  4. Жүйрік ат.
  5. Құмай тазы.
  6. Қыран бүркіт.
  7. Берен мылтық.

Дина:

Жеті қазына дегеніміз не?

Жанат:

Қыдыр, бақ, ақ жаулық, ақыл, денсаулық, тұз, ит.

«Жұт — жеті ағайынды»

Маржангүл:

«Жұт — жеті ағайынды» дегеніміз не?

Салтанат:

Құрғақшылық, мал жұтау, оба, өрт, соғыс, жер сілкінісі, сел жүру.

«Кім жақын?»

Қымбат:

Тату болса — ағайын жақын.
Ақылшы болса — апайың жақын.
Бауырыңмал болса — інің жақын.
Инабатты болса — келінің жақын.
Алдыңа тартқан адал асың —
Қимас жақын қарындасың.

«Не қымбат?»

Дина:

Не қымбат?

Лаура:

Алтын ұяң — Отан қымбат.
Құт-берекең — атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат.
Асқар тауың — әкең қымбат.
Бәрінен де ұят пен ар қымбат.

Ән:

«Түркістан».

«Не қиын?»

Дина:

Не қиын?

Алишер:

Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын,
Шаншылаған сөз қиын,
Жазылмаса дерт қиын,
Іске аспаған серт қиын,
Ақылыңнан адасып, өзің түскен «өрт» қиын,
Не істеріңді біле алмай, ашиды сонда бас миың.

Қонақ түрлері

Дариға:

Қазақтың қонағы неше түрлі болады?

Маржангүл:

Қазақтың қонағы төрт түрлі болады:

  1. Арнайы қонақ
  2. Құдайы қонақ
  3. Қыдырма қонақ
  4. Қылқыма қонақ

Қария сөзі — қазына

Лаура:

Көп жасаған қария,
Ақылы — теңіз-дария.
Көп өнегелі сөзі бар,
Сөзі — шоқпар, өзі — нар.

Үш сұрақ: дүние, адам, жансыз

Дина:

Дүниеде не қымбат? Адамға не қымбат? Жансызда не қымбат?

Асылхан:

Дүниеде адам қымбат.
Адамға бала қымбат.
Жансызда гауһар қымбат.

Достық туралы

Арай:

Достық нешеу?

Салтанат:

Достық екеу: бірі — адал достық, екіншісі — амал достық.
Адал достық — өмірлік нұсқа болады.
Амал достық — өрісі қысқа болады.

Ән:

«Қошақан».

Би:

«Шығыс биі».

Бата

Ата салтымыз бойынша ақ тілек айтылып, бата беріледі.

Дина:

Ата салтымыз бойынша бата сұраймыз.

Ерқанат:

Қуаныштың тұрағы бол,
Ұлан істің бұлағы бол.
Мерекенің құрағы бол,
Сабырлының сыңары бол.
Пәк үлгінің шынары бол,
Тұралықтың тұмары бол.
Әумин.

Жанат:

Құрдасыңа — қуаныш бол,
Сырласыңа — сынақ бол.
Жылағанға — жұбаныш бол,
Туысыңа — тұнық бол,
Татулыққа — тамаша бол.
Ықыласқа — ақ бол,
Ана алдыңда — аласа бол.
Ар алдыңда — биік бол.

Райымбек:

Әлемнің бетін жарық ет,
Ұл-қызды түгел білімді ет.
Келесі оқу жылына,
Аман-есен түгел жет.

Меккедегі Мұхаммед,
Түркістанда Қожа Ахмет,
Осы айтқан тілеуімді,
Құдай қаласа, қабыл ет!

Қорытынды

Дина: Құрметті қонақтар, біздің «Аталар сөзі – ақылдың көзі» атты сынып сағатымыз аяқталуға жақын.

Сөз кезегі мектебіміздің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Раушан Бақытбекқызына беріледі.