Ата қоныс ұрпағы Оңғар Орманов

Орман бидің ұлы — Оңғар аға туралы

Жоғарыда аталған елден шыққан ер азаматтарымыздың лайықты жалғасы болатын тұлғалардың бірі — Орман би ұлы Оңғар аға. Орман атамыз елден ертерек кеткендіктен, Оңғар аға 1922 жылы Ташкент облысы Піскент ауданында дүниеге келген.

Білім жолы және соғысқа аттануы

Өсе келе Ташкенттегі педагогикалық оқу орнын тәмамдап, ұстаздық қызмет атқарған. Алайда соғыс басталғанда әскерге алынып, майданға аттанады.

Майдандағы мергендігі

Майдан шебінде Оңғар аға жастайынан қызығып, ерекше мән берген мергендік бойынша арнайы курсты аяқтайды. Жылдың төрт мезгілінде де тасада жатып, мергендігімен жау күшін жойып отырған.

Ол айтулы Курск майданына қатысып, жаудың арнайы құрылған дзоттарындағы атқыштарды жою тапсырмаларын орындаған. Екі жылға созылған шайқастар кезінде сол қолынан жараланып, жеке кітапшасында жаудың 65 солдатын жойғаны жазылған.

Майдандағы дерек

Сол кезеңдері майдан газетінің беттерінде «Оңғар мерген» деген тақырыппен мақала жарияланған.

Соғыстан кейінгі ұстаздық қызметі

Соғыстан кейін отбасын құрып, жоғары оқу орнын тәмамдап, қайтадан ұстаздық жолға түседі. Жанындағы өмірлік серігі Фатима апай түннен тұрып, шайын беріп, атын ерттеп, қызметтік сапарға шығарып салатын.

Оңғар аға қай жерде еңбек етсе де, мектепті жаңартуға, оны ірілендіруге, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі оқушыларға қолдау ұйымдастыруға күш салған. Бұл үшін жоғары басшыларға барудан тартынбай, көздеген мақсатын орындататын қайраткер ұстаз болған.

Еңбегінің бағалануы

Еңбегі еленіп, халыққа білім беру саласының атағына ие болып, көптеген мақтау қағаздарымен марапатталған.

Жауапты қызмет

Өмірінің соңғы кезеңінде мектеп директоры қызметін атқарған.

Елге оралу арманы

Сәті түскен сайын ұл-қыздарына, ағайын-туыстарына елге оралу жайын көп айтатын. Ұл-қыздарымен Шаян–Үсіктас жаққа қыдырып барғанда, жолай Қарауылтөбеге тоқтап: «Анау тұрған біздің ауыл — Сарқырама. Аманшылық болса, ендігі келгенімізде ауылды аралап қайтамыз» деп, ауыл көрінісіне ұзақ көз тастап тұратын.

1976 жылы Оңғар аға арнайы Шаянға барып, оқу бөлімінің басшыларымен жолығып, елге келетінін айтып кеткен. Алайда көп ұзамай қан қысымының көтерілуінен дүниеден өтті.

Аманттың орындалуы

Адал жары Фатима апай көп кешіктірмей, ұл-қыздарын марқұмның асыл арманы орындалсын деген ниетпен Шымкент қаласына көшіріп әкелді. Оңғар ағаның рухы разы болсын: ұл-қыздары Сарқырама ауылындағы ағайындарымен араласып, байланысы беки түсті.

«Жұбайы жақсының аты өшпес, ұлы жақсының ізі өшпес» деген сөз осындайда айтылса керек.