Эссенің құрылымы
Ветеринариялық медицина студенттеріне арналған: жазбаша емтиханда эссе жазу бойынша әдістемелік нұсқау
Эссе — белгілі бір мәселе бойынша автордың өз білімін қолдана отырып, түсінігін және ой-пікірін жазбаша түрде жүйелеп баяндауы. Оны баяндаушы өз ойын еркін білдіретін шағын көлемдегі (әдетте 2–3 бет) шығарма ретінде қарастыруға болады.
Эсседе көтерілген мәселе толық қамтылуы міндетті емес: әр студент өз түсінігін, көзқарасын жеткізеді. Негізгі мақсат — студентті ойын нақты әрі жүйелі жеткізуге, мысалдар мен дәлелдер келтіруге және сауатты жазуға үйрету.
Эссе жазудың түрлері мен тәсілдері
1) Сипаттама (expository)
Студент берілген тақырып бойынша оқыған материалдарын саралап, түсінгенін қысқаша қорытындылап жазады. Ветеринариялық медицинада эссе тақырыптары ретінде көбіне пән бөлімдері, модульдер және микромодульдар алынады.
Мақсаты: студенттің материалды қаншалықты және қандай деңгейде түсінгенін анықтау.
2) Сендіру (persuasive)
Студент тақырыпты өте жақсы меңгергенін көрсетіп, белгілі бір мәселе бойынша нақты (соның ішінде инновациялық) өз пікірін ұсынады және оның дұрыстығына аудиторияны сендіреді.
Эссе маңызды түйінмен аяқталуы тиіс.
3) Талдау (analytical)
Бұл тәсілде студент материалды тек қысқаша түйіндеп қоймай, оны талдап, салыстырып, өз түсінігін терең деңгейде көрсетеді.
Мақсаты: оқылған материалды қаншалықты терең түсінгенін анықтау.
Оқығанын талдай білу — ветеринар мамандарға, ғалымдарға және басшыларға аса қажет қасиет. Диагноз қоюда дәрігер теориялық біліммен қатар нақты зерттеу нәтижелерін саралап, салыстырып, дәл қорытынды жасай білуі керек.
4) Дәлелдеу (argumentative)
Аргумент — нақты бір мәселе бойынша автордың өз ойының дұрыстығын дәлелдеуі. Сендіру тәсілінен айырмашылығы: автор өз көзқарасын қорғап, қарсы пікірлерге уәжді қарсы дәлелдер келтіреді.
Аргумент нақты дәлелдерге сүйенуі тиіс және жұмыс маңызды түйінмен аяқталады.
Эссенің классикалық құрылымы
-
Кіріспе
Бұл бөлімде студент эссенің не туралы болатынын, қандай мәселе көтерілетінін қысқаша таныстырады.
-
Негізгі бөлім
Тақырып бойынша ойды ашады: сипаттау, сендіру, талдау немесе дәлелдеу тәсілдерін қолданып, негізгі тезистерін, мысалдарын және дәлелдерін жүйелі түрде баяндайды.
-
Түйіндеме
Баяндалған ойларды қысқаша қорытындылап, негізгі нәтижені айқындайды.
Ветеринариялық медицина пәні бойынша эссені бағалау критерийлері
| Баға | Балл / пайыз | Жауап сипаттамасы |
|---|---|---|
| A | 380–400 (95–100%) |
|
| A- | 360–379 (90–94%) | Өте жақсы жұмыс; жалпы алғанда тақырыпқа толық сәйкес. Тек бір-екі ұсақ қате немесе болмашы кемшілік кездесуі мүмкін. |
| B+ | 340–359 (85–89%) |
|
| B | 320–339 (80–84%) | Орташа деңгейдегі жұмыс; бірнеше маңызды емес қателік бар. Негізгі мазмұн сақталған. |
| B- | 300–319 (75–79%) | Орташа деңгейдегі жұмыс; бірнеше қате байқалады, бірақ тақырыптың негізгі бөлігін қамтиды. |
| C+ | 280–299 (70–74%) |
|
| C | 260–279 (65–69%) |
|
| C- | 240–259 (60–64%) |
|
| D+ | 220–239 (55–59%) | Орташа деңгейден төмен жұмыс; кемшіліктері едәуір. |
| D | 200–219 (50–54%) | Ең төменгі қанағаттанарлық деңгей: негізгі талаптардың бір бөлігі ғана орындалған. |
| F | 0–199 (0–49%) | Пәннің негізгі сұрақтарына жауап берілмеген немесе жұмыс талапқа сай емес. |
Құрастырушы: доцент міндетін атқарушы, в.ғ.к. Ахметжанов О.Н.