Ғашықтар күні

Мейрамның сәні мен мағынасы

Бүгін Әулие Валентин күнін католик дінін ұстанатын жұрт әдеттегідей қызу атап өтпек. «Ғашықтар мейрамы» деген атауы да кең тарап кетті. Осы қарбаластың ауқымын бір ғана дерек аңғартады: тек әуе жолымен жүк тасымалдайтын әйгілі Lufthansa Cargo компаниясына еуропалықтар осы мейрамға орай Кения, Эквадор, Колумбия секілді елдерден 1 миллион тонна раушан гүлін жеткізуге тапсырыс беріп үлгерген.

Бұл дүрмектің ішінде Әулие Валентинге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын біздің біраз қандасымыз да бар (бәрі деп көпке топырақ шашудан аулақпыз).

Ресми шаралар және қоғамдағы ықылас

Тіпті бұл күнді ресми түрде атап өтпек мекемелер де бар көрінеді. Мәселен, Астанадағы «Жастар» сарайы бірнеше кезеңнен тұратын шоу-бағдарлама өткізбек. Қатысушылардың тізімінде «Би-Арт», «Эрос» секілді топтармен бірге «Айша бибі» аталатын халық би ансамблі де бар.

Ұйымдастырушылар не дейді?

Сарай директорының міндетін атқарушы Арман Асенов баспасөз мәслихатында мерекелік шараларға қатысушылар үшін арнайы жүлделер қарастырылғанын хабарлаған.

Көрші елдердегі көзқарас: үйренісу ме, үрей ме?

Әулие Валентин күніне Орта Азияда жатқан, нәсілі бөлек қазақ баласы түгілі, бір табан болса да жақын, діні бір орыстардың өзінде алаңдаушылық бар. Кеше Мәскеуде баспасөз мәслихатын өткізген «Левада» орталығының социологтары соңғы кездері ресейліктердің Әулие Валентин күнін атап өтуге және көшедегі ашық сүйісулерге біртіндеп үйрене бастағанын айтты.

Жыл сайын жүргізілетін арнайы сауалнама бұл құбылысқа наразылар санының азайып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен Валентин күнін православ шіркеулері толық мойындай бермейді.

Тарихи негізі: «ғашықтар күні» ме, әлде діни күн бе?

Кімдер үшін мереке?

Бұл күн — негізінен христиан дінінің католик тармағын ұстанатындар үшін мереке. Кең тараған түсініктегідей «ғашықтар күні» емес, тарихи тұрғыдан діни мәні басым дата ретінде қарастырылады.

269 жылдың 14 ақпаны

Аңыз-әңгімелерге сүйенсек, біздің дәуіріміздің 269 жылы 14 ақпанда католик шіркеуінің діндары, Әулие Валентин өлім жазасына кесілген. Ол Рим императоры Юлий Клавдийдің жауынгерлердің үйленуіне тыйым салғанына қарамастан, жасырын неке қию рәсімдерін өткізгені үшін айыпталған.

Ежелгі мейраммен тұспа-тұс келуі

Валентин жазаға тартылған күн римдіктер махаббат тәңірі деп білетін Юнонға арналған мейраммен сәйкес келеді. Арада шамамен 200 жыл өткенде бұл датаға Әулие Валентиннің есімі қосылып, католиктер үшін құрметті күндердің біріне айналғаны айтылады.

Ой түйін

Осындай күндерге ықылас танытқан жастарымыз Жаратқан Иеге, әрі екі дүниенің елшісі Мұхаммед пайғамбарға да құрметті дәл осылай көрсете білсе деген ой қалады.

Айқын газеті.