Қоршаған ортаны қорғау

Қоршаған ортаны қорғау: өзектілік және жауапкершілік

Қоршаған ортаны қорғау — қазіргі заманның ең көкейкесті мәселелерінің бірі. XXI ғасыр халық санының қарқынды өсуімен және ғылыми-техникалық прогрестің бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуы арқылы сипатталады. Бұл үрдістер табиғи байлықтарды шамадан тыс пайдалануға алып келіп отыр.

Қоғам дамыған сайын экологиялық жағдайдың шиеленісуі айқын сезіледі: табиғи ресурстардың қоры азаяды, қоршаған орта ластанады, бұл адамдардың денсаулығына әсер етіп, барлық тірі ағзалардың биологиялық негіздерін әлсірету қаупін күшейтеді.

Жақында Қазақстан Республикасының Үкіметі екі маңызды құжатты қабылдады: «Тұрақты дамуға көшу тұжырымдамасы» және ҚР Экологиялық кодексі. Бұл құжаттар халықтың өмір сапасын арттыруға, табиғатты ұтымды пайдалануды ынталандыруға және қоршаған ортаның ластануын төмендетуге бағытталған міндеттерді айқындайды.

Экологиялық кодекс — орындалуы міндетті заң. Ол экологиялық заңнаманы жаңғыртуға арналған маңызды қадам ретінде негізгі ережелерді іске асыру тәжірибесіне еніп отыр. Дегенмен, мұны тұрақты даму жолына өтудің «соңғы нүктесі» деп қарастыруға болмайды — бұл ұзақ мерзімді, жүйелі жұмысты талап ететін бағыт.

Қазіргі таңда Қазақстан энергия тұтыну деңгейі бойынша алдыңғы қатарда. Бұл елеусіз қалдыратын жайт емес. Ғылымның үлесі айрықша: қалдықсыз технологияларды әзірлеу, энергияның баламалы көздерін дамыту, өндірістің экологиялық әсерін төмендететін шешімдерді енгізу — күн тәртібіндегі нақты міндеттер.

Негізгі ой

Экологиялық мәселелерді тек заңмен шешу жеткіліксіз. Әрқайсымыз өз орнымызда жауапкершілік танытып, табиғатты қорғауға бағытталған талаптарды орындауға және күнделікті өмірде экологиялық құндылықтарды ұстануға тиіспіз.

Бүгінде экология жайлы жиі айтылады: жазылады, талқыланады, теледидардан көрсетіледі. Экология таза ғылыми ұғым шеңберінен шығып, әрбір мемлекеттің де, әрбір адамның да ойлануын талап ететін ортақ мәселе деңгейіне көтерілді.

Табиғатты, қоршаған ортаны, өз әлемімізді өзімізден басқа ешкім сақтап қала алмайды. Көп нәрсе біздің түсінігімізге, әрекетімізге және қоршаған ортаның сапасын сақтау құндылығын қаншалықты бағалайтынымызға байланысты.

11.3 Табиғатты сақтау бойынша шаралар (тоқыма кәсіпорындары мысалында)

Тоқыма кәсіпорындарының цехтарынан бөлінетін өндірістік қалдықтар атмосфераға шығарылмас бұрын, қағида бойынша, екі сатылы тазалаудан өтуі тиіс. Жабдықтардан пневмотранспорт жүйелері арқылы, сондай-ақ сұрыптау-тыту, тоқу, иіру бөлімшелерінен және рециркуляция бөлмелерінен бөлінетін ауа да екі сатылы тазартылуы қажет.

Бірінші сатыда тоқыма кәсіпорындарында торлы сүзгілер (айналып тұратын металл торы бар) қолданылады. Екінші саты үшін жеңұшты маталы сүзгілер пайдаланылады. Бұған қоса, атмосфераға шығарылатын зиянды заттарды ұстау үшін шаң тұндырғыш камералар қолданылады.

Шаң тұндырғыш камераның көлденең қимасы ауа жылдамдығы күрт төмендейтіндей етіп есептеледі — осылайша шаң мен талшықтардың тұнуына жағдай жасалады. Талшықты шаңдардан тазалау тиімділігін арттыру үшін баяу айналатын торлы барабандар (конденсорлар) пайдаланылады.

Шаңды ауа торлы барабанның сыртқы торлы бетіне бағытталады, ал тазартылған ауа барабан ішіне еніп, ашық торцалары арқылы сыртқа шығарылады. Талшық қиқымдары барабан бетіне қабат болып тұнып, арнайы білік арқылы алынып тасталады. Конденсор қолданылғанда камераның тазалау әсері айтарлықтай жақсарады.

Мысалы, диаметрі 1400 мм және ұзындығы 2700 мм болатын торлы барабан үш секциядан тұрады. Секциялар ортақ білікке бекітіліп, білік электрқозғалтқыштан редуктор және храповик механизмі арқылы айналады.

Талшық қиқымдарын алып тастайтын құрылғы сорғыш қуыстан, ені 25–30 мм түтікшелерден және қуыстың барабанның бүйір бетіне қатысты орнын реттейтін тетіктен тұрады. Ауа барабан торы арқылы өткен кезде оның бетінде мақта талшығы қиқымдарынан сүзгі қабаты түзіледі.

Барабан айналғанда осы сүзгі қабаты түтікшенің сору тесіктеріне жылжып, сорғыш факелдің әсер ету аймағына түседі де барабан бетінен үзіліп, сыртқа шығарылады.

Қауіпсіздік талабы: ұшқыннан қорғау

Жергілікті сору құрылғыларымен машиналардан шығарылатын ауа атмосфераға жіберілмес бұрын ұшқын сөндіргіш құрылғылар арқылы өткізілуі тиіс. Жергілікті сору бөлімшелері ұшқын сөндіргіштерге дейін табақты асбестпен оқшауланады.