САБАҚ
Сабақ №45: Сумен және жылумен қамту жүйелеріндегі ақаулар және оларға техникалық күтім мен ағымдағы жөндеу
Жолаушылар вагондары эксплуатация кезінде үнемі қозғалыста болады. Сол себепті кузовтың тербелісі мен дірілдің әсерінен сумен және жылумен қамту жүйелеріндегі құбырлардың қосылған жерлерінде, бактарда, сондай-ақ жылыту қазандықтарының түйіскен орындарында жарықтар пайда болуы мүмкін. Бұған қоса клапандар мен жабу арматураларында табиғи үйкелістен тозу байқалады, ал металдардың шіруі (коррозия) жүйелер үшін жиі кездесетін мәселе болып саналады.
Сумен қамту жүйесіндегі негізгі ақаулар
- Бактың ақаулы жерлерінен судың ағуы.
- Құбырлардан, умывальник крандарынан су ағуы.
- Унитаз клапандарының және педаль механизмінің істен шығуы.
- Жабу (запорлық) вентильдерінің істен шығуы.
- Кипятильник (су қайнатқыш) тораптарының ақаулары.
- Ыстық су жүретін құбыр желілеріндегі ақаулар.
Жылыту және су жүйелеріндегі жиі кездесетін техникалық мәселелер
Жылыту жүйесінде ауаның пайда болуы (ауа тығыны) жылу алмасуды төмендетіп, жылыту процесін баяулатады. Сонымен қатар құбырлардың бітелуі, сызаттардың пайда болып жарылуы, судың қағы (накипь) және коррозия сияқты факторлар жүйенің жұмысын күрделендіреді.
Назар аударатын белгілер
- Қосылған құбыр тораптарынан су ағуы.
- Құбыр ішінде бітелу (засор) және өткізу қабілетінің төмендеуі.
- Бұрын дәнекерленген (сварка) жерлерде су тамшылауы.
Жөндеу мен техникалық күтім қай кезде жүргізіледі
Сумен және жылыту жүйелеріндегі ақаулар жоспарлы жөндеулер кезінде де, техникалық күтім барысында да анықталып, жойылады. Ағымдағы жөндеу көбіне вагонды ағыту арқылы орындалады.
Жоспарлы жөндеулер
Деполық және капитальдық жөндеу кезінде жүйелер толық тексеріліп, қажет тораптар ауыстырылады.
Техникалық күтім (ТО)
ТО-1 — поезд құрастырылатын және айналым пункттерінде, сондай-ақ жол үстінде; ТО-2 — жазғы/қысқы тасымал маусымы алдында; ТО-3 — бірыңғай техникалық ревизия барысында.
Ағымдағы жөндеу
Жедел анықталған ақауларды тез арада жоюға бағытталады және қажет болғанда вагон ағытылып жөнделеді.
Кеңейткіштер мен калориферлердегі ақаулар
Кеңейткіштерде (расширитель) және калориферлерде құбырлардың коррозияға ұшырап шіруі кездеседі, кей жағдайда түйіндер қызып, күйіп кетуі мүмкін. Бұрын дәнекерленген жерлерде су тамшыларының пайда болуы — герметиканың бұзылғанын білдіретін маңызды белгі.
Насостардағы жиі кездесетін ақаулар
- Плунжерлі жұптың тозуы.
- Құбыр қосылыстары тұсында су ағуы.
- Клапандардың тозуы.
- Сальниктер арқылы су ағуы.
- Тығыздағыш прокладкалардың істен шығуы.
- Арматура корпусында жарықтардың (трещина) пайда болуы.
Құбыр қосылыстарындағы ақаулардың негізгі себебі
Екі құбыр қосылған жердегі ақаулардың басым бөлігі резьбалы қосылыстардың босаңсуынан туындайды. Бұл көбіне поезд қозғалысы кезіндегі тұрақты діріл мен механикалық әсерлердің нәтижесінде пайда болады.