Батырлар
Қаракерей Қабанбай (1691—1769)
Қабанбай жастайынан жоңғарлардың қатыгездігін көзімен көріп өсті. Жеті жасқа толғанда әкесі Қожағұл батыр жау қолынан қаза тапты. Он бес жасында ағасы Есенбайды қалмақтар далада өлтіріп кетті. Осы екі қасірет қайсар баланың жүрегіне өшпес кек болып қатты.
Жас батыр жалғыз жортып, қалмақтың ел шапқыш батыры Жырғыл мен Асыланды орайын тауып өлтіріп, кегін қайтарды. Бұдан кейін Қабанбай ауылында тұрақтай алмай, Керей еліндегі жездесіне келіп, жылқыға тиген шапқыншыларға қарсы шайқаста көзге түседі.
Есімінің қалыптасуы
Бала кезінде бітімі кесек, тұлғалы Ерасылды жеңгелері «Нар бала» деп атайтын. Ал жездесі қайрат-күшіне, батылдығына сүйсініп, оған «Қабан» деген ат береді.
Ержете келе жойқын күшімен, алғырлығымен, қайтпас қайсарлығымен танылған батырдың есімі «Қабанбай» түрінде айбынды, сес қалпында орнығып қалады.
1750 жылдардың орта шенінде Жоңғар қақпасы маңында жаудың негізгі күшін үш қабат қоршап алып, талқандайды. Осы жеңістен кейін Қабанбай батыр Қас өзенін өрлеп барып, Арыстанды тауының баурайына қоныстанады.
Сол таудың мұзды басы бүгінге дейін Қабанбай шыңы деп аталады.
Бөгенбай батыр (1690—1775)
Қазақтың ұлтарақтай жерін жауға бермей, қызғыштай қорғаған халық қорғаны, халықтың сүйікті ұлдарының бірі — Бөгенбай батыр. Ол 1690 жылы Бөген өзенінің жағасында дүниеге келген.
Үлы атасы Әлдеубек — Еңсегей бойлы Есім ханның атақты батырларының бірі. Әлдеубектің баласы Ақша батыр Тәуке ханның 80 мыңдай қолын бастаған сардар болған.
Ерте қолбасшылық
1708 жылы, 18 жасында Бөгенбай 30 мың қолға қолбасшы болып, қазақ елінің берекесін алып, құтын қашырған казак-орыстарды талқандап, оларды Еділден асыра қуып тастайды.
1710 жылы Қарақұмда бүкіл қазақтың құрылтайы өткені белгілі. Құрылтайға қатысушылардың бір тобы тағдыр талқысына көніп, жоңғар-қалмаққа бағынуды жөн көрді. Басқалары үй-күйін тастап, Еділдің сыртына көшіп жан сақтағысы келді, енді біреулері қоян сияқты жан-жаққа бытырап кетпек болды.
Сол сәтте ерлігімен әйгілі рубасы батыр Бөгенбай мұндай әрекеттердің бәріне тыйым салған деп жазады Я. Гвардовский.
XVIII ғасырдың 20-жылдарының басында (1723 ж.) жоңғарлардың бір тобы Тарбағатай мен Сауыр жоталарын асып, екінші бір қолы Түрпаннан шығып, Жоңғар қақпасынан өтіп, Итішпес — Алакөл маңына тоғысады.
Қасарысқан жаумен арпалыс үстінде Қабанбай мен ел арасы бір мезет араздасып, шекісіп қалған кезде, Абылай хан даудың шешімін Бөгенбай батырға жүктегені айтылады.
Шапырашты Наурызбай батыр (1706—1781)
Құттымбетұлы Наурызбай (1706—1781) — Үлы жүз Шапырашты тайпасының Асыл руынан. Ол қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жалпақтас, Серіктас өңірінде туған.
Наурызбай — Абылай ханның ту ұстаушы үш батырының бірі: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай.
Жоңғарға қарсы күрес
Наурызбайдың ғұмыры жоңғарларға қарсы соғыспен өтті. Осы шайқастарда оның Құдайберген, Шолпан, Дүйсен есімді үш бауыры бірдей қаза табады.
1729 жылы қалмақ батырлары Шамал хан мен Қаскелеңді жекпе-жекте өлтірген ерлігі қазақ даласына кең тараған.
Қаскелеңмен жекпе-жек
Ежелден ханға — хан, бас батырға — бас батыр шығатын жекпе-жек дәстүрі бар. Қаскелең жорғалатып өзі майданға шығады. Ала атына мінген Наурызбай қарсы беттегенде, қалмақ жағы ду ете түседі.
Наурызбай салған көк сүңгі лезде-ақ Қаскелеңнің жауырынынан шығып, ол жерге сылқ етіп құлайды. Бұл шайқаста қазақ қолы жеңіске жетеді.
Шамал ханмен шайқас
Балқаш көлінің маңында Шамал хан мен Наурызбай жекпе-жекке шығады. Наурызбай Шамал ханды шоқпарымен бір-ақ ұрып құлатады.
Бұл жолы да қалмақ әскері кейін шегініп, қазақтар жеңіске жетеді.