Мәтiндегi сөздердi сөз құрамына талдаңыздар
1-жаттығу
Мәтіндегі сөздерді сөз құрамына талдаңыздар. Морфемаларға талдау беріңіздер.
Елiне, жұртына апарған соң, бақсы-балгерлерiн жидырып, бал аштырған екен. (М.К.)
Оқығандардың ішінде Қабыш көзге толымды, көрнекті деп саналатын. (М.Ә.)
Мына Биғаншалар моншаңа бір түсірші деп, көрінген жерде құлағымызды сасытады. (Ғ.М.)
Бір мезгілде бас жағынан сатыр-сұтыр, сырт-сырт сынған ши, тобылғы, қу шөпшектердің дыбысы келді де, есін жиғанша бірдеңе қасына тасырлатып келіп қалды. (М.Ә.)
Азамат ердің баласы жабыққанын білдірмес, жамандар мазақ қылар деп. (БҒЖ)
Қастары тым қою, көзінің үстіңгі кемерін тұтас жауып кетіпті. (Д.Д.)
– Көп философты оқысаң, бұдан да үлкен, бұдан да ащы шындықтарға ұшырасарсың. (М.Ә.)
– Сіздердің де жағдайларыңызды көріп тұрмыз. (М.М.)
Бірақ алыстан, осыдан үш-төрт көшіліктік жердегі колхоз орталығынан әлдебіреулер қатынаған күннің ертеңіне ала дорба қайта толып тұрды. (М.М.)
– Ана... Әже... Немене, мен аурумын ба осы? – деп, көзі жасаурап, шешелеріне қарап аунап түсті. (М.Ә.)
Дәру ғой, даулы ғой өлең деген, жаралы жүректерді ол емдеген. (Ж.М.)
Сол журналда Александр Бек деген автордың «Панфиловшылар алғы шепте» атты повесінің басы жарияланған екен. (Ә.Н.)
Абайдың көзқарасын, ой-санасын ақ қағазға түсірудің өзі — ғанибет, қызық тағылым. (Р.Т.)
Жиылған ағайындары көп іздемей-ақ, екі жас бейіттің арасында өлік болып қалған Ғазизаның сүйегін тауып алды. (М.Ә.)
Бұл сөзді жазған кездегі ақынның жан сарайына еркін бойлап бару үшін аз ғана шегініс жасап, Мұхтар Әуезовтің мына бір ойларына жан бере кетейік. (Р.Т.)
2-жаттығу
Мәтіндегі сөздерді түбір және қосымша морфемаларға бөліп, әрқайсысына түсінік беріңіздер. Қосымша морфемалардың сөз мағынасына әсерін — лексикалық не грамматикалық мағына жасауға қатысын — баяндаңыздар.
Жастардың жүзінде Абайдың бұл молаға тоқтағанына таңырқау бар. (М.Ә.)
Бірдеңелерді нобайлап, осылай болар деп тұспалдап, Бурабаевқа алып барамын. (Ә.Н.)
Шың да атанды ол, иә, тың да атанды, жер-дүниеге дауысын тыңдатады. (Ж.М.)
Ел мен елдің шабысы, таласы жайында бірталай күндер айтты. (М.Ә.)
– Не деген қатал, не деген қатты еді, – деді әжесі турасындағы іштей жүретін көмескі, жұмбақ, ауыр сезімдерін өмірінде алғаш рет сыртқа шығарып. (М.Ә.)
Дүр сілкініп алып, соңынан ерген жұртына ойқастай қарап, тәкаппар, асқақ қалыпта кекірейіп тұр. (М.М.)
– Құм санаған есепқой, саған салса, жел біздің жақтан тұрды деп, жұтқан ауаларыңа зекет бер деуден де тайынбассың. (Д.Д.)
Көбең байлар семіріп, көк би наран болған жұрт, көрпелдестер би болып, көпке кеңес айтқан жұрт. (БҒЖ)
Келген екі жігіт үй іштерімен таныс адамдарша амандасты. (Ғ.М.)
– Біздің қыстауларымыздың үстінен көп ауыл күзекке қарай көшіп өтеді, солардың малынан сескеніп, жер қорумен күн кештік қой. (М.Ә.)
3-жаттығу
Мысалдардан негізгі түбір сөздерді тауып, дәлелдеңіздер.
– Сенімен сөйлесер жауабым жоқ. Шешендікке, қаныпезерлікке Базаралымен жарысам деген бәcім жоқ. (М.Ә.)
Халықтың қалың ортасынан шыққан осы әйелді алғаш көргенде, үлкен үміткер болып қаласың. (Р.А.)
Төрт аяқты хайуан мінезінің де өзінен зерде-зейіні мүлде бөлек адамға ұқсас кездері болады: олардың да сабырлы-салмақтысы, байсалысы аз, бәтуасыз болуы мүмкін екенін қарт өзінің екі атына қарап әрқашан-ақ аңғарған. (Қ.С.)
Әкесінің сол сөзі де, сол кездегі барлық көргені де бүгін ғана болып өткендей, бүгін ғана естігендей, сол жаңа күйінде көкейде сайрап тұр. (Ә.Ә.)
Дәл осы мәжілісте, кешке тақау мезгілде ойда жоқ бір топ қонақ келген еді. (М.Ә.)
Тебіне жөнелген екі азаматының артынан Дәркембай ұзақ қарап тұрып қалды. (М.Ә.)
Ақан да алып шықты Құлагерін, салпитып саптыаяқтай төменгі ерін. (І.Ж.)
Ақ seңсен тымақ астынан тұздай көк көзді, сары сақалды, шикіл сары кісі күліп тұр екен. (Ә.Нұрп.)
Ішінде қалың жолдастың, ешкімге масыл болмаспың. (М.Әлім.)
Барлығы да тырбанып, жұрттың қызығушылығын туғызатын жәдігерліктерді іздестіруде. (Егемен Қазақстан)
Кей шақтарда кешкі уақытта жапа-жалғыз, жұмыссыз атқа мініп, мал аралағанды сылтау етеді. (Р.Т.)
Бұл ауылдың атақты әнші қонағы соңғы бірнеше күн ел қыдырып кетіп, кеше ғана мұнда қайтқан. (М.Ә.)
4-жаттығу
Мәтіннен туынды түбірлерді көшіріп жазып, сөз тудырушы жұрнақтарға сипаттама беріңіздер.
Екеуіміз де айға қарап ойланып отырмыз. Алтайдың бойы балқып, рахаттың, тыныштықтың алтын бесігіне тербеліп жатыр. Әулиекөл айнадай жарқыраса, бетінде бейбіт жүзген қаз-үйректер ақ арудың ақша жүзіндегі меңі іспетті.
Мен осынау тамылжыған тамаша өңірдің түлегі болғаныма қуанамын. Осынау таңғажайып сұлулықтың, таңғажайып таланттың бір мысқалы дарыса деп іштей тілек тілеймін.
Мейлі, қайда жүрейін, менің көзімнен де, көкірегімнен де сиқырлы да сыбызғылы туған жерімнің асқақ әрі әсем келбеті кетпеуін тіледім.
Құс ұшса, ұясы қалар, ал менің ұям — туған жер. Мен осы туған жерге оралған сайын қайта дүниеге келемін: қайта іңгәлап, қайта қаз тұрып, тәй-тәй басамын.
Менің туған жерім картаның бетіне сыймайтынын, туған жерімнің бүкіл байлығы мен сұлулығын сол картадан ғана көре алмайтынымды, өйткені туған жерім бабаларымның қанына суарылғанын, оған ешкімнің, ешбір елдің көз алартуға қақысы жоқ екенін білемін. (О.Б.)
5-жаттығу
Төменде берілген сөздердің қосымшаларын ажыратып, олардың сөз мағынасына әсерін анықтаңыздар. Түбір морфема мен негіз сөздің арақатынасын айқындаңыздар.
Талдауға арналған сөздер
Бүршіктену, бірлестік, кепілдеме, жортуылдау, кернейлету, төңкерісшіл, меншіктендір, тоттану, өнерпаздық, орташа, механикаландыру, қызғаншақтау, құшақтату, созымдылық, сақырлат, шекірею, шолтаңдат, төрткүл, қарусыздандыру, мылтықтай, көтерме, негіздеме, мұраптың, тоқымашылық, сыпылдақ, сынықшылық, пішінсіздеу, пікірлестік, ілгерінді, жиналмалы, адақтау, марапаттау, мүжілу, мүлгу, майдала, сарғай, қысымшылық, қиылмалы, ағарт, айбарлылық.
6-жаттығу
Мәтіндегі күрделі сөздерді тауып, жасалу жолын түсіндіріңіздер.
Көрпе-жастық, асжаулық, тегене, тостаған, самауырлар тасыған жас әйелдер мен еркектер қарбаласады. (М.Ә.)
Қалада Құнанбай жағының сөзін сөйлеген қуғыншы даугерлер тіпті көбейіп кетті. (М.Ә.)
Қос қарлығаш тынымсыз жем тасуда, ұядағы тойымсыз балапанға. (М.М.)
Оқжетпестің найза денесі Ботагөзге түрлі-түсті жібек лента араластырып өрген қыздың тұлымына ұқсап кетті. (С.Мұқ.)
Ол кей адамның айғыз-айғыз әжімінен, салбыраған ұртынан, қыртыстанған маңдайынан немесе бояуы оңған көздерінен, әр алуан сақал-мұртына қарап, өзіне тән неше түрлі жанды, сызығы көп сипаттарды көргендей болатын. (М.Ә.)
Іштерінде: көп қалтаға көп есептер салып кеп отырған атқамінерлер. (М.Ә.)
Не деген балажанды еді, киіз үйге бір кіріп, бір шығады. (М.М.)
Жақыптың сөздері көне жылдарды көз алдыма әкеледі. (Б.Н.)
Жетім балалар үйінде отырғаным енді ғана есіме түсіп, ұялып қалдым. (Ғ.М.)
Яғни әр отбасында үш кісі бар деп есептесек, 15 мың адам жаңа да жайлы пәтерде тұрып жатыр деген сөз. (Егемен Қазақстан)
Қазір таяқ лақтырсаң, тәуелсіз телеарнаға түседі. (Ана тілі)
Ол жердегі 60 градустық аязда табиғи және адам қолымен жасалатын зілзалалардан аулақ жерде бұл заттар 3000 жылдың зерттеушілерін күтеді-міс. (Арай)