Айқын

Ақпарат дәуірі және индустрияның үстемдігі

«Айқын» туралы әңгімені алыстағы Америкадан бастаудың жөні бар. Бүгінгі күні жер-дүние Американың меншігіндей көрінеді: Американың саясаты — саясат, мәдениеті — мәдениет, ғылымы — ғылым, киносы — кино, ақпараты — ақпарат. Басқалар бір-бірін мүйіздесе, көбіне «екіншінің» рөліне таласқаны.

Бұрын «жалғыз ақ сұңқар — Рим империясы еді» дейтін алаөкпе ғылыми ағым енді қолмен ұстап, көзбен көретін шындыққа айналғандай. Неге? Өйткені әлемдік базардың, нарықтың тұтқасы соның қолында. Сол базардың бір пұшпағын бауырға басып, бір сэндвичті бөліп жеп, бір кока-коладан ұрттап отырғандардың бірі — біз.

Негізгі ой

Мықтылық тек әскери қуат пен қаржы айналымында емес — нарық мүмкіндігін өз мүддеңе толық бағындыра білуде.

Тереңірек үңілсек, бүгінгі нарық заманының басты артықшылығы — мүмкіндіктерді өз мақсатыңа жегу және соған жүйелі түрде ұмтылу. Американың көр-жерді түгел илеп-билеп отырғандағы сүйенген механизмі — индустрия. Оның саясаты да, мәдениеті де, өнері де, ғылымы да индустрияның логикасына бағынады. Бұл кәдімгі базарға тауарды үсті-үстіне тоғытудың тетігі.

Америкада ақпарат саласы индустрия механизмімен жұмыс істейді деу аз; ақпарат — индустрияның жанармайы. Индустрия дегеніміз — өндіріс, ал оның ақпараты — тауар. Тауар сатылады. Мәселен, бұдан жиырма жыл бұрын әлемде ақпарат пен ақпарат технологияларын сату және пайдалану көлемі 2 триллион долларды құраған еді. Қазір бұл көрсеткіш бірнеше есе артқаны анық.

Бүгін Америкада біреу ауласында отырып түшкірсе, сол күні-ақ бүкіл әлем селк ете қалады. Ақпараттық индустрияның құдіреті — осы. Базарда тауардың үлкен-кішісі болмайды: адамға қажет нәрсенің бәрі — тауар.

«Айқын» және нарық логикасы

«Айқын» газетінің алғашқы стратегиялық бағытын айқындағанда біз базардың сұраныс–ұсыныс–сұраныс механизмін ұстануды мақсат еттік. Иә, ақпараттық газет жарыққа шыққан күні-ақ бізді сынап-мінегендер аз болған жоқ.

«Бір жапырақ мақалалардан тұратын газет бола ма? Қазақ баласы көлдей-көлдей сараптаманы ғана оқиды. Ал аузыңды тұшытпайтын ақпаратпен алысқа бара алмайсың», — деген әріптестер де табылды.

Мұны біз нарық конъюнктурасын, сұраныс пен ұсыныстың табиғатын білмейтін кешегі көзқарас деп қабылдадық. Қателеспеппіз. Нарық жүйесінің тәттісі мен ащысын татып үлгерген қазақ оқырманының бүгінгі ақпаратқа қажетін кешегі өлшеммен есептеу — жаңсақтық. «Айқынның» таралымы ай сайын өсіп келеді.

XXI ғасыр: ақпарат — саясаттың да, құндылықтың да өзегі

XXI ғасыр — ақпарат заманы. Әлемдік ақпарат алмасу жүйесіне шекара қоюға талпынғандар аз емес, бірақ одан ұтылғаны да көп. Өйткені бүгін саясат та, жаңалық та, құпия да, жарнама да, имидж де, құндылық та — бәрі ақпаратқа келіп тіреледі.

Соңғы жылдары әлемдегі саяси тартыстың көбінің ақпарат құралдарының айналасында өрбуі — соның дәлелі. Көрші Ресейдегі «бірінші» және «алтыншы» түймеге қатысты дау-дамай да осыны айғақтайды. Әйтпесе айдаладағы Тед Тернер НТВ-да бірдеңесін «ұмытып» кетпес еді.

Есімі әлемге әйгілі саясатшылардың бірі: «Маған атом бомбасының орнына ақпарат құралын бер. Бір жылда елде төңкеріс жасаймын», — деген. Бұл — шындық, оған өзіміз де куәміз.

Американың ақпараттық индустриясы адам атаулының шақша басын «төңкеріс алаңына» айналдырып, алапат ақпаратын тықпалап жатыр. Ал ұлттық құндылықтар қусырылып, құрсағы тарылып қалғандай. Ұлт болашағын ойлайтындар тиянақ таппай тыпырлайтын заман — осы.

Саясатшылардың ақпарат құралын зеңбіректің ұңғысымен теңейтіні сондықтан шығар. Сана төңкерілген елге әскер кіргізудің өзі артық: ақпарат индустриясы идеологияның зеңбірегіне айналып отыр.

Ұлттық құндылықтарды «өтімді» ету үшін қандай жол керек?

Ұлттық құндылықтарды насихаттағымыз келсе және ол өтімді болсын десек, базардағы ақпараттық индустрия механизмін пайдалануға тиіспіз. Әлдекімге алақан жайып ақша сұрау — нарық заңдылығы емес.

Қаржылану қағидасы

«Айқын» газеті базардағы жарнама мен тендерлердің қаржысына өмір сүреді.

Сенім — капитал

Оқырман сенімі — «Айқынның» акциясы: таралым өскен сайын ол да қымбаттайды.

Таралым артқан сайын тендер ұтып алу мүмкіндігіміз көбейеді. Тендерді алған сайын бәсекеге төтеп беріп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға қуат ала түсеміз. Ұлтты насихаттаудың мүмкіндігін сол нарықтың өзінен өндіріп алуымыз керек. «Айқынның» нарықтық концепциясы — осы.

Ақпарат — экономикалық тауар, ұлттық байлықтың өлшемі

Экономикада ішкі ұлттық өнім деген ұғым бар. Қазір әлемнің дамыған елдері ақпарат құралдарының ұлттық байлыққа қосатын үлесін есептеуге көшкені айтылады. Критерийлер, әрине, салыстырмалы болуы мүмкін. Бірақ бұл ақпаратты әрі экономикалық тауар, әрі ұлттық құндылық ретінде тану деген сөз.

Дамыған елдерде ақпарат құралдарының ұлттық байлыққа қосатын үлесі 50 пайызға дейін жетеді деген пікір бар. Біз ақпарат базарының есігін енді ғана айқара ашып кірдік. Мақсатымыз — ақпарат пен ұлттық құндылықтарды насихаттауда индустриялық жолды ұстану.

Түйін

«Арманың аласа болса, тұғырың төмен болады» дейді. «Айқынның» өз «америкасы» — осы индустриялық механизм. Бүгінгі нарық тетіктерін танып-білуге, меңгеруге ұмтылған адамға бұл таңсық емес.

«Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деген ұлы Мұқаңның өлең жолдары қазақ болмысын бүгінгі заманның ақпаратына айналдырып, өзіне қайтаратын «Айқынға» арнап айтылғандай.