Тараздың көне моншалары.
Тараздың көне моншалары
Көне деректерге сүйенсек, Тараз қаласы — Талас өңіріндегі саяси және мәдени өмірдің ірі орталығы болған, республикадағы ең ежелгі қалалардың бірі. Бұл шаһар арқылы сан түрлі елдің көпестері, мемлекетаралық іспен шұғылданған елшілер, әртүрлі діни ағымдарды таратқан миссионерлер, жолаушылар, тарихшылар өткен.
Археология не дейді?
Соңғы жылдардағы археологиялық қазбалар кезінде ірі қоғамдық ғимараттардың тұғырлары мен қабырғаларын безендіруге пайдаланылған ою-өрнекті бедерлі тақтайшалардың көптеп табылуы Таразда сәулетті сарайлар мен қоғамдық ғимараттар болғанын айғақтайды. Сонымен қатар қазба барысында сәнді сарайлар мен халық жиналатын қоғамдық орындарға қойылған өрнекті бірнеше қола шырағданның табылуы да осыны дәлелдей түседі.
Тарихтан белгілі: осындай сәулетті сарайлардың бірінде 568 жылы Византия елшісі Земархты Түркі қағаны Дизабұл (Естеми) салтанатты түрде қабылдап, келісім шартқа қол қойған.
Тараздағы монша мәдениеті
Бүгінгі күнге жеткен қоғамдық құрылыстардың ең маңыздысының бірі — ортағасырлық моншалардың қалдықтары. Тарихи деректерге қарағанда, көне қалалардың әрқайсысында кемінде 5–6 монша болған. Ал Тараз жұртынан екі монша орны анықталған.
Орналасуы
Зерттеу моншаларды салуда санитарлық тазалық мәселесі ескерілгенін көрсетеді: олар қаланың сыртқы қорғаныс дуалдарының ішкі жағына орналастырылған.
Су жүйесі
Талас өзені деңгейінің төмендігі және биіктеу жерден табылған су құбырлары моншаға су өзеннен арнайы шығыршақ арқылы су қоймасына құйылып, кейін көлбей тартылған құбырлармен жеткізілгенін аңғартады.
Кейде қос моншада су жеткіліксіз болғанда, қабырғалары тастан өрілген құдықтан су алған кездер де болған.
1939 жылғы қазба: Бернштам тапқан алғашқы монша
1939 жылы көрнекті археолог А.Н. Бернштам көне қаланың шығыс-солтүстік бұрышынан моншаны қазып ашты. Құрылыстың көлемі шамамен 13,60×12,40 м, ал бір бөлігінің өлшемі 50×6,5 м болып, күйдірілген кірпіштен тұрғызылған 6 бөлмеден тұрған.
Киім шешетін бөлме
Бірінші бөлмеден екі орындық және пештің қалдығы табылған.
Жуынатын астау
Оңтүстік-батыс бөлмесінде 1,75×4 м жуынатын астау және судың сыртқа ағуына арналған қуыстар анықталған.
Қазба нәтижесіне қарағанда, үш бөлменің қабырғалары геометриялық өрнектермен безендірілген. Екі бөлменің қабырғалары мен жуынатын астауда сегіз бұрышты өрнек сары бояумен салынып, айналасы қара түспен көмкерілген. Ал алтыншы бөлмеде ақ, қызыл, сары бояулы тақталар қиылыстырылып, кей жерлерде шөп тәрізді өрнек қолданылған.
Төбеден түскен қалдықтар моншаның көп күмбезді болғанын көрсетеді. Еденнен X–XI ғасырларға жататын 17 көне тиын және өте жақсы сақталған шырағдан табылған.
Бернштам қабырғалардағы геометриялық және өсімдік тектес ою-өрнектердің Айша-бибі кесенесіндегі нақыштармен ұқсастығын атап өтіп, бұл моншаны XI ғасырдағы Қараханидтер дәуірінің жәдігері деп тұжырымдаған.
1970 жылғы олжа: Орталық базар маңындағы екінші монша
1970 жылы Орталық базарда жабық базар құрылысын салу үшін жер қазу жұмыстары жүргізілгенде, қабырғалары қызыл кірпіштен қаланған құрылыс анықталған. Осыған байланысты құрылыс жұмысы тоқтатылып, археологиялық зерттеу басталды.
Нәтижесінде көлемі 10,5×10 м, төртбұрышты, қабырғаларының биіктігі шамамен 1,5 м, қалыңдығы 90 см күйдірілген кірпіштен қаланған, 4 бөлмелі екінші моншаның орны табылды.
Бөлмелердің қызметі
- 1-бөлме — шешінетін орын.
- 2–3-бөлмелер — жуынуға, буға түсуге немесе массажға арналған.
- 4-бөлмеде — ыстық су құятын шағындау астаудың орны бар.
Жылу және су ағызу жүйесі
Қазба барысында табылған кішкене қыш құбырлардың көпшілігінің өзегінде ыстық су жүргенін дәлелдейтін ақ дақтардың ізі сақталған. 2–3-бөлмелердің астында жылу жүретін жолдар болған: үсті жалпақ тастармен жабылып, әк аралас ерітіндімен сыланған.
Мұндай шешім моншаға келгендердің аяғы астынан жылу беріп, денені қыздырып, жайлы демалуына мүмкіндік жасаған. Еден астындағы жылу жолдары әсем әрі берік қаланып, бүгінге дейін бүлінбей сақталуына ықпал еткен.
Терістік жақтағы пеш орны бұзылып кеткен. Болжам бойынша, оттың қызуы еден астындағы қуыстарды бойлап, негізгі қабырға мен оның аралығындағы аумағы үлкен арна арқылы сыртқа шығатын болған. Ыстықтың ұзақ сақталуы үшін от жүретін қуыстардың астына қиыршық тас төселген.
Сүзгіш, құдық және пайдаланылған су
Моншаның батыс жағында екі жерден бір бағытқа тартылған, лас жуынды су ағатын көлемі шамамен бір метрлік, қыштан күйдіріліп жасалған түбі жалпақ сүзгіш табылған. Пайдаланылған су осында жиналып, әрі қарай су құбыры арқылы тастан қаланған құдыққа құйылған.
4-бөлменің батыс жағындағы астауға жақын маңнан тереңдігі 4 метрге дейін, айналасы тастан қаланған құдық қазылғанымен, түбіне жету мүмкін болмаған. Моншаға қажетті ауыз су осы құдықтан алынған.
Еденді қазғанда жоғарыдан түскен қалың сынықтардың көптігі моншаның көп күмбезді болғанын әрі бірнеше рет жөндеуден өткенін аңғартады. Қазба кезінде қала тұрғындарының тұрмысында жиі қолданылған заттар — кішігірім тастар, құмыралар, ою-өрнекті қола шырағдандар және басқа да құнды бұйымдар табылған.
Қазба барысындағы қызықты олжалардың бірі: екінші бөлменің шығыс жағында орындық ретінде қойылған тастардың арасынан алтын сақина табылған. Айтылған дерек бойынша, бұл сақинаны моншаға келген тараздық бір сұлу абайсызда жоғалтып алған болуы мүмкін. Кейін сақинаны Астана мұражайы алып кеткен.
Екі моншаның сақталу деңгейі және мұражайға айналдыру мүмкіндігі
Тараз жұртынан табылған алғашқы моншаның қабырғаларындағы ою-өрнек жақсы сақталғанымен, еден астындағы жылу жүретін құбырлар сақталмаған. Ал екінші монша әлдеқайда жақсы күйде жеткен: онда жылу жүретін қуыстар да, лас су ағызатын құбырлар тізбегі де бар. Оның үстіне қазба кезінде табылған ыдыс-аяқты өз орындарына қоюға мүмкіндік болған.
Мүмкіндік болса, бір бөлмеде бірінші моншадан табылған экспонаттар мен ою-өрнек үлгілерін жинақтап, бір қабырғада көрнекі түрде безендіріп көрсету — өте орынды шешім болар еді.
Қалпына келтіру туралы пікір және нақты жағдай
Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінің 5 маусым күнгі нөмірінде Қанат Тұяқбаевтың «Көне шаһар маржандары» атты мақаласы жарияланып, онда «мүмкіндік болса Тараз моншасын толық қалпына келтіруге немесе тап сондай көшірмесін салуға» қатысты орынды мәселе көтерілген.
Алайда алғашқы монша орны ертеректе-ақ талқандалып, орнына үйлер салынып кеткені, ал ол жөніндегі деректердің негізінен А.Н. Бернштам еңбектерінде сақталғаны ескеріле бермейді. Сонымен бірге Орталық базар маңындағы №2 моншаның көмулі жатқанын дәлелдейтін тақтадағы жазуды бәрі бірдей байқай бермеген секілді.
Қорғау мәртебесі және ұсыныс
Бұл ескерткіш есепке алынып, қорғауға алынған. Егер тиісті салалық мекемелер мен жауапты тұлғалар қолдау көрсетіп, Тараздан табылған екінші моншаны шағын мұражай ретінде ашуға көмектессе, тарихи мұраға жасалған нақты қамқорлық болар еді.
Моншаның мәні: денсаулық, эстетика және қоғамдық өмір
Ортағасыр дәуіріндегі дәрігерлер моншаның адам өміріне әсерін жоғары бағалаған. Мәселен, атақты ғалым-дәрігер Ибн Сина: «әрбір моншаның ыстығы бірқалыпты, кіреберіс бөлмесі кең әрі жарық, ал қабырғаларында сұлулықты дәріптейтін тамаша суреттер болуы керек» деген.
Демек, ортағасыр адамдары монша қабырғаларындағы мазмұнды суреттер мен әртүрлі тақырыптағы бейнелерден эстетикалық ләззат алып, қиялын байытып, жайлы тыныққан. Сонымен бірге монша — ертеден-ақ көпшілік бас қосатын орын: онда тек тән тазалығы ғана емес, саудагерлер мен лауазымды адамдардың кездесулері өтіп, маңызды мәселелер талқыланған.
Қорытынды: аманатты сақтау
Тараз моншалары — ата-бабамыздан аманат болып жеткен бірегей ескерткіш. Сондықтан «бұзылып, қирап қалған» деп қолды бір сілтемей, қолда барын көздің қарашығындай сақтап, қамқорлық жасап, мүмкін болса қаржы бөліп, мұражай ашу қажет.
Осындай жәдігерлерді ғылыми әрі көрнекі түрде таныстыру арқылы қазақ халқының ықылым заманнан-ақ мәдениеті өркендеген, өркениетті ел болғанын әлемге кеңінен көрсетуге болады. Бұл — қаланың екі мың жылдық мерейтойына лайық тарту да болар еді.