БАЙБЕКҰЛЫ ӘЙТЕКЕ БИ

Әйтеке би: елдік пен әділдіктің тұлғасы

Байбекұлы Әйтеке би (1644–1700) — Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандар тұсында мемлекет ісіне араласқан ірі мемлекет және қоғам қайраткері. Ол Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Кіші жүздің төбе биі, әрі «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасауға қатысқан тарихи тұлғалардың бірі.

Тегі мен туған ортасы

Әйтеке бидің шыққан тегі — Кіші жүздің Алшын тайпасының Әлім руы. Ол қазіргі Қыз-Бибі тауының етегінде дүниеге келген. Халық жадында оның текті әулеттен шыққаны ерекше аталады. Атақты Сегіз сері батасында:

«Тобықты Әнет бидей баталы бол,
Кіші жүз Әйтекедей аталы бол»

Оның арғы атасы Сейітқұл Жәдікұлы Шығай ханның серігі болған. Шығай хан Бұхардың Абдолла ханымен одақтасып, Сырдария сағасындағы қонысын тастап, Самарқан маңындағы Нұрата тауына көшкенде, қарауындағы елмен бірге Сейітқұл да қоныс аударған.

Әулет шежіресі және саяси ықпал

Сейітқұлдың сегіз ұлының бірі — Әйтеке бидің әкесі Ақша. Ал тағы бірі — кейін Самарқанның билеушісі болған, атақты қолбасшы Жалаңтөс баһадүр. Тарихи деректерде Жалаңтөс баһадүр Салқам Жәңгір хан 600 жауынгермен жоңғар қоңтайшысы Батырдың қалың қолына қарсы тұрған шақта дер кезінде көмекке келіп, қазақ әскері үшін шешуші жеңіске жол ашқаны айтылады.

Жалаңтөс Самарқанда әмір болғаннан кейін ағасы Ақшаның ықпалын күшейтіп, оны Қоқан ханы ретінде тануға ықпал еткен деген мәлімет те бар. Осы тарихи орта — билік, дипломатия және әскери-саяси тәжірибе тоғысқан кеңістік — Әйтеке бидің тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етті.

Білім, тәлім және «Жеті жарғыға» апарар жол

Әйтеке би Ұлықбек медресесінде оқып, тәлім алған. Ол әуелі әкесі Ақша ханның қасында, әкесі дүние салғаннан кейін ағасы Жалаңтөстің тәрбиесінде болып, ел басқарудың қыр-сырына қанықты. Кейін Әз Тәуке хан тұсында «Жеті жарғы» секілді елдік маңызы бар құқықтық жүйені қалыптастыруға қатысқанда, осы білім мен тәжірибенің пайдасы мол болғаны анық.

Ел қорғаны болған билік бірлігі

Бір жағынан Қытай, бір жағынан жоңғар, енді бір жағынан орыс-казак шептері қысым жасап, шекараға әскер шоғырланған ауыр кезеңдерде Әйтеке би Төле би және Қазыбек би секілді ел ағаларымен тізе қоса отырып, жер мен жұртты қорғау ісіне белсене араласты. Мәртөбе мен Күлтөбедегі жиындарда алты алашқа сөзін өткізген үш бидің бірі — орақ ауыз, от тілді Әйтеке би еді.

Қастандық, қайту және аманат сөз

Ел басына қауіп бұлты төнген тұста Әйтеке би ұзақ жыл үзеңгілес болған серіктерінен амалсыз ажырап, дерт меңдеген күйде ата жұрты — Нұрата тауына оралады. Айтылатын дерекке қарағанда, бұл дерт кездейсоқ сырқат емес: «Тура би туғанына жақпайды» дегендей, ел тағдыры таразыға түскенде бет пен беделге қарамай әділін айтқан бидің сөзін кек тұтқан кейбір сұлтандардың қастандығымен байланыстырылады.

Ата жұртқа аттанар алдында Төле би мен Қазыбек биге жолдаған сәлем-аманатында ол: «Елінен айырылған ер бақытсыз, жерінен айырылған ел бақытсыз. Құдайым ондай күнді маған көрсетпегей!» — деген екен.

Елін сүйген ердің тілегі әрдайым ақ. Көкірегі даңғыл, кемеңгер би өзі тілегендей, халқының «Ақтабан шұбырынды» зұлматын көрмей, бұл дүниемен қош айтысты.