БУМЫН ҚАҒАН
Бумын қаған және Түркі қағанатының көтерілуі
Бумын қаған (? – 552 ж.) — түркілер өздері «Мәңгі ел» деп атаған әйгілі Бірінші Шығыс Түркі қағанатының негізін қалаған тарихи ұлы тұлғалардың бірі. Оның есімі тарихқа Батыс Вей империясынан түркі еліне елшілердің келуімен байланысты таныла бастайды.
Сол кезеңде түркі елі Жыужән қағанатының құрамында болып, темір кенін өндірумен айналысқан бодан жұрт еді. Бумынның иеленген лауазымы — ұлы йабғу (даиеху). Бұл билік оған түркі елінің басшысы болған әкесі Ту (Туву) қайтыс болғаннан кейін мұрагерлік жолмен өткен.
Алғашқы деректер және 545 жылдан басталатын хронология
Кезінде хатқа түспегендіктен, Батыс Вейден елші келгенге дейінгі түркі елінің де, оның басшысы Бумынның да тарихы дереккөздерде көмескі. Сондықтан тарихшылар ортағасырлық түркілер тарихын шартты түрде елшілер келген «Тун жылнамасының» он бірінші жылынан — яғни 545 жылдан бастайды.
Елшіліктің негізгі мақсаты — түркілерді Батыс Вейдің бақталасы Шығыс Веймен одақтас болған Жыужән мемлекетіне қарсы қою, қарсылас күшін әлсірету және түркілерді өз жағына тарту еді.
Көреген саясат: асығыстықтан сақтану
Бумынның ірі саясаткер, көреген басшы екенін танытатын тұс — осы кезең. Ол алып империяның айдапсалына еріп, билікке таласушылардың қолшоқпарына айналмай, өз бағытын ұстанды. Империя қолдайды екен деп, аңдаусыз әрекетке барудың апатқа соқтыратынын терең түсінген сақ басшы ретінде шешім қабылдады.
Ақпарат жинау
Батыс Вей елшісі кеткен соң, Бумын өз елшісін жіберіп, жағдайды өз адамдары арқылы толық анықтайды.
Шынайы күшті бағалау
«Көмектеседі» делінген империяның өзі қиын күйде екенін көріп, азаттық күресінде тек өз күшіне сүйену керек екенін түсінеді.
Уақыт ұту
Қызбалыққа еріп, дәуірлеп тұрған жыужәндарға бірден қарсы шығудың қауіпті екенін байқап, алдымен қуатты күшейтуге кіріседі.
Теле тайпалары және 546 жылғы шешуші қадам
Осы себепті Бумын күтпеген шешімге барады: жыужәндарға қарсы аттанған теле тайпаларын қолдаудың орнына, оларға тосыннан соққы беріп, бүкіл елін өз қарауына қосады. Мұның мәні — бір мезетте адам санын да, әскери қуатты да арттыру еді.
Дерек
«Жыу кітабы» (Жыушу) былай дейді: «Осы кезде (546 ж.) телылар жыужәндарға қарсы жаза жорығына шығады. Тумын (Бумын) өзіне қарасты тайпаларды бастап, оларға орта жолда бүйірден тиісіп, талқанын шығарады. Сөйтіп 50 мың түтіндік бүкіл елін бағындырады».
Еліне ел қосып, жауынгерлер санын көбейткен соң ғана Бумын жыужәндарға қарсы іс-қимылға көшеді. Бірақ бұл жолы да ол алдымен қарсыласын өзі соғысқа итермелейтін тәсілді таңдайды.
Дипломатия тілі: тең дәрежені талап ету
Бумын Жыужән мемлекетінің билеушісі Анагүйге қызын өзіне әйелдікке беруді сұрап, елші жібереді. Ол дәуірдің дипломатиясында бұл ишара: «енді менің терезем тең, менімен санасуың керек» деген мағынаны білдіретін.
Анагүйдің жауабы және қақтығыстың ушығуы
Анагүй бұл ұсынысты қабылдамай, ашуға булығып, Бумынды қорлап: «Сен менің темірші құлымсың, бұлай істеуге қалай батылың барады?» деп, арнайы шапқыншы жібереді. Бумын дәл осы қадамды күткен еді: енді дәстүр бойынша қорланған тарап ретінде кез келген жауапты әрекет жасауға моральдық және саяси тұрғыдан толық мүмкіндік алатын.
Өшпенділікті күшейту үшін Бумын Анагүйдің шапқыншысының басын алуға әмір береді. Қаған шапқыншысын өлтіру — соғыс ашуға сылтау болатын қадамдардың бірі саналды.
552 жыл: шешуші шайқас және Жыужән қағандығының құлауы
Ақыры «Фи-ди жылнамасының» бірінші жылының (552 ж.) бірінші айында Хуәйхуанның терістігіндегі кең жазықта жыужәндар мен түркі әскері шешуші айқасқа шықты. Жеті жыл бойы жүйелі дайындалған Бумын ашудың жетегінде асығыс жиналған жыужән әскерін тас-талқан етеді.
Нәтиже
- Ойсырай жеңілген Анагүй өзін-өзі жарып өлтіреді.
- Байтақ далада бір жарым ғасыр бойы үстемдік құрған Жыужән қағандығы құлайды.
- Оның орнына Ұлы Далада бірнеше ғасыр ықпал еткен атақты Түркі қағанаты орнайды.
Бумын қағанның таққа көтерілуі және соңғы жылдары
Түркі елі жиналып, Бумынды ақ киізге көтеріп, «Ел қағаны» деп жариялайды. Жұбайына «Ел Білге қатын» атағы беріледі.
Қысқа ғұмыр, ұзақ мұра
Алайда Бумын қаған өзі негізін қалаған қағанаттың дәуірлеп, дүркіреген шағын толық көре алмады: 553 жылдың қозы айында өз ажалынан қайтыс болды.