Банк міндеттемелері

Оқу-әдістемелік мәліметтер

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті. «Коммерциялық банктегі қаржылық талдау» пәні бойынша оқу-әдістемелік кешен (ПОӘК 042-18-4.1.2903-2015). Баспа №1, 11.09.2014 ж. 5В050900 — «Қаржы» мамандығына арналған. Семей, 2015.

Мазмұны

  1. Глоссарий
  2. Дәрістер
  3. Практикалық сабақтар
  4. Студенттердің өзіндік жұмыстары

Глоссарий

Төменде коммерциялық банктегі қаржылық талдауға қатысты негізгі ұғымдар қысқаша әрі нақты түрде берілді.

Акция
Иеленушінің акционерлік қоғамдағы меншікті капиталдың бір бөлігіне құқық беретін бағалы қағаз.
Ақша активтері
Жеке және заңды тұлғалардан ақша сомаларын алу құқығы. Оларға банктегі депозиттер, облигациялар, акциялар, несиелер, қарыздар және т.б. жатады.
Валюта
1) елдің ақша бірлігі; 2) шетел мемлекеттерінің ақша бірліктері; 3) халықаралық есеп айырысу бірліктері мен төлем құралдары.
Валюталық бағам
Бір елдің ақша бірлігінің екінші елдің ақша бірлігіне қатысты бағасы.
Валюталық паритет
Валюталық бағамның негізі болатын, заңды тәртіппен белгіленетін екі валюта арасындағы шекті қатынас.
Дивиденд
Акционерлік қоғам пайдасының акционерлер арасында акциялардың құндылығына қарай бөлінетін бөлігі.
Дисконт
Қор биржасындағы бағалы қағаздың номиналдық құны мен ағымдағы биржалық бағасының айырмасы.
Депозит
Клиенттердің (жеке және заңды тұлғалардың) банктегі шотқа салған және өздері пайдалана алатын қаражаттары.
Депозиттік емес тартылған қаражаттар
Банктің қарыз алу немесе меншікті қаражаттарын сату арқылы тартатын қаражаттары.
Депозиттік сертификат
Белгілі бір мерзім өткен соң салым сомасын және есептелген пайызды алуға құқық беретін, банк эмитентінің жазбаша куәлігі.
Диверсификациялау
Тәуекелді төмендету құралы: капиталды әртүрлі бағалы қағаздар, салалар, аймақтар, мемлекеттер және мерзімдер бойынша бөлу тәуекелді азайтады.
Банк ресурстары
Пассивті операциялар нәтижесінде қалыптасатын, өтімділікті қамтамасыз ету және пайда табу үшін активтік операцияларға орналастырылатын меншікті және тартылған қаражаттар жиынтығы.
Бөлінбеген пайда
Дивидендтер мен резервтік қорға аударымдардан кейін қалған банк пайдасының бөлігі.
Валюталық нарық
Шетел валюталары мен шетел валютасындағы бағалы қағаздарды сатып алу-сату жүзеге асырылатын нарық.
Валюталық интервенция
Ұлттық валютаның бағамына ықпал ету үшін орталық банктің валюта нарығына сатып алу-сату арқылы араласуы.
Еншілес банк
Жарғылық капиталдың 50%-дан астамы бас банкке тиесілі, дербес балансы бар заңды тұлға.
Қарыз міндеттемелері
Инвестор (несиегер) мен эмитент (қарыз алушы) арасындағы қарыз қатынасын дәлелдейтін құжаттар жиынтығы (облигациялар, мемлекеттік қарыздар, сертификаттар, вексельдер және т.б.).
Қарыз бағалы қағаздар
Пайыз түріндегі табыс алуға арналған және қарыз алушының белгіленген уақытта қарызды қайтару міндеттемесін бекітетін бағалы қағаздар.
Инвестициялар
Құнын сақтау немесе көбейту мақсатында экономиканың әртүрлі салаларына салынатын ұзақ мерзімді капитал салымдары.
Инвестор
Инвестициялық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.
Инновациялар
Ғылым, техника, технология жетістіктерін енгізу арқылы негізгі капиталды немесе өнімді жаңарту.
Ипотекалық несие
Жылжымайтын мүлікті кепілге алып, ұзақ мерзімге берілетін несие.
Қаржы-несиелік саясат
ҚР Ұлттық Банкінің қаржылық реттеу әдістеріне сүйенетін мемлекеттің саясаты.
Қаржылық салымдар
Бағалы қағаздарды сатып алу арқылы инвестициялық портфель құру. Банктер үшін бұл — несие-қаржы қызметінің маңызды бөлігі.
Коммерциялық банк
Ерекше өнім шығаратын кәсіпорын әрі қолма-қол және қолма-қолсыз төлем айналысын реттейтін ақша-несие институты.
Конверсиялық операциялар
Ұлттық валютаны шетел валютасына және керісінше қолма-қол/қолма-қолсыз түрде сатып алу және сату мәмілелері.
Күмәнді несиелер
Қайтарылу мерзімі кешіктірілген, ұзартылған және банк үшін тәуекел туғызатын несиелер.
Қаржы лизингі
Лизинг затының толық амортизациялық құны лизинг мерзімі ішінде өтелетін ұзақ мерзімді лизинг.
Дисконтталған таза пайда
Белгілі бір базалық уақытқа келтірілген (дисконтталған) тиімділіктер ағындарының жиынтық сомасы.
Лизинг
Лизинг берушінің құрал-жабдықтарды, техниканы және басқа активтерді белгілі мерзімге, лизингтік төлем шартымен пайдалануға беруі.
Мерзімді депозит
Белгілі мерзімі бар, тұрақты пайыз төленетін және алдын ала алуға шектеу қойылатын салым.
Несиелік саясат
Несиелеу процесін ұйымдастыру негізі және оған қажетті құжаттар жүйесін құру шарттары.
Несиелік тәуекел
Қарыз алушының негізгі борышты немесе сыйақыны уақытында қайтара алмауына байланысты банктің зиян шегу қаупі.
Овернайт
Ұлттық банктегі корреспонденттік шотта дебеттік қалдық туындағанда бір түнге берілетін несие.
Пайыз тәуекелі
Берілген несиелер бойынша пайыз мөлшерлемесі мен тартылған қаражаттар бойынша төленетін пайыз мөлшерлемесінің өзгеруі нәтижесінде туындайтын шығындар қаупі.
Резервтік қор
Банк қызметінде болуы мүмкін зияндардың орнын жабу үшін құрылған ақшалай қаражаттар қоры.
Тұтыну несиесі
Жеке тұлғаларға тауар сатып алу және тұрмыстық қызметтерді төлеу үшін берілетін несие.
Траст операциялары
Клиенттің сенімді өкілі ретінде оның мүлкін басқаруға және тапсырмасы бойынша қызмет көрсетуге байланысты банк операциялары.
Факторинг операциясы
Жабдықтаушының төленбеген төлем құжаттарын банкке сату арқылы жүзеге асатын комиссиондық-делдалдық операция.
Форфейтинг операциясы
Форфейтордың (банк/арнайы компания) экспорттаушыға төленуге тиіс импорттаушының төлем құжатын сатып алуы.
Чек
Ағымдағы шот иесінің банкіне белгілі бір соманы төлеу немесе басқа шотқа аудару туралы жазбаша бұйрығы.

Дәрістер

Дәріс — пәннің теориялық мәселелерін логикалық құрылымда қарастыратын оқу сабағының нысаны. Ол барлық оқу сабақтарының, соның ішінде студенттердің өзіндік жұмыстарының мазмұны мен бағытын айқындап, білімнің іргетасын қалайды.

Теориялық база Негізгі бағыттарды анықтау Өзіндік жұмысқа бағдар

Модуль I. Қаржылық талдаудың теориялық негіздері

Тақырып 1. Банктегі қаржылық талдау курсының мәні, құрылымы мен міндеттері

  1. Курстың пәні, құрылымы және өзіне тән ерекшеліктері
  2. Қаржылық талдау ұғымы және оның мәні
  3. Қаржылық талдаудың негізгі бағыттары
  4. Ішкі және сыртқы қаржылық талдаудың сипаты
  5. Қаржылық талдау элементтері

Банктегі қаржылық талдаудың мәні және құрылымы

Қаржы секторының тұрақты жұмыс істеуі — елдің экономикалық дамуының негізгі қағидаттарының бірі. Әлемдік қаржы дағдарысы Қазақстанның қаржы жүйесіндегі осал тұстарды айқындап, тәуекелдердің күшейе түсуіне ықпал етті. Мұндай жағдайда тәуекел көздерін зерттеу және банк секторының қаржылық ахуалын талдау қаржы институттарының және тұтастай қаржы жүйесінің орнықты жұмысын қамтамасыз ететін негізгі факторларды анықтауға мүмкіндік береді.

Банктер — қазіргі экономиканың ажырамас буыны. Олар қоғамдық өнімді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну процестерін үздіксіз байланыстырған жүйені қалыптастырады. Нарықтық экономика жағдайында банктер уақытша бос ақша қаражаттарын жинақтап, оларды салалар мен аймақтар арасында қайта бөлу арқылы экономиканы қосымша капиталмен қамтамасыз етеді және қоғамдық байлықтың өсуіне жағдай жасайды.

Талдаудың негізгі бағыттары

Коммерциялық банктердегі қаржылық талдау банк қызметінің экономикалық тиімділігін және басқару сапасын бағалау жүйесі ретінде, негізінен екі бағытта жүзеге асырылады:

  • Қаржылық нәтижелерді талдау (табыс, шығын, пайда құрылымы және динамикасы).
  • Қаржылық жағдайды талдау (өтімділік, төлем қабілеттілігі, тәуекел, капитал жеткіліктілігі және т.б.).

Қазіргі жағдайда қаржылық талдау — қаржылық басқарудың тек элементі ғана емес, оның негізі. Кез келген коммерциялық банкті тиімді басқару жүйелі талдаусыз мүмкін емес.

Объектілер және ұстанымдар

Талдау объектілері

Қаржылық нәтижелер мен қаржылық жағдай көрсеткіштері, басқару жүйесінің тиімділігі, операциялар мен технологиялардың тиімділігі.

Негізгі ұстанымдар

  • Ғылымдылық
  • Жүйелілік
  • Жинақтылық
  • Объективтілік
  • Нақтылық
  • Жоспарлылық
  • Оперативтілік

Ұйымдастыру кезеңдері

  1. Объектілер мен субъектілерді анықтау
  2. Ұйымдық форманы таңдау
  3. Жоспарлау
  4. Міндеттерді бөлу
  5. Әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз ету
  6. Мәліметтерді өңдеу және рәсімдеу
  7. Нәтижелер бойынша ұсыныстарды іске асыру

Өзін-өзі тексеру сұрақтары

  1. Қаржылық талдау ұғымы мен мәні қандай?
  2. Талдаудың негізгі кезеңдері мен әдістері қандай?
  3. Талдау объектілері мен субъектілері қалай анықталады?

Ұсынылатын әдебиеттер

  1. «Банктер және банктік қызмет туралы» ҚР Заңы, 31.08.1995 ж.
  2. Батракова Л.Г. «Экономический анализ деятельности коммерческого банка». — М.: Логос, 1998.
  3. Масалимова С.Ж., Есенгельдинова С.Ж. «Коммерциялық банктегі қаржылық талдау». Оқу құралы. — Семей, 2012. — 116 бет.

Тақырып 2. Ақпараттық база, банк қызметін талдаудың түрлері мен әдістері

  1. Талдаудың негізгі кезеңдері мен тәсілдері
  2. Талдаудың объектілері мен субъектілері
  3. Сыртқы және ішкі ақпарат жүйесі
  4. Қаржылық талдауды жүргізуді ұйымдастыру
  5. Қаржылық талдаудың міндеттері мен принциптері

Ақпарат көздері

Қаржылық талдау банк қызметін практикалық басқарудың негізгі құралдарының бірі болғандықтан, ақпарат жүйесінің маңызы ерекше. Ақпараттар ішкі және сыртқы дереккөздерден қалыптасады.

Сыртқы ақпарат көздері

  • Мемлекеттік басқару органдарының мәліметтері (заңдар, қаулылар, нормативтік актілер)
  • Қазақстан Республикасының орталық банкінің мәліметтері
  • Банктер және басқа қаржылық институттардың деректері
  • Халықаралық қаржылық ұйымдардың материалдары
  • Шетелдік инвесторлар мен кредиторлардың ақпараты
  • Қарыз алушылардың қаржылық есептілігі және қосымша деректер
  • Қор және валюта нарықтары, банктік жүйе туралы стратегиялық және ғылыми материалдар

Ішкі ақпарат көздері

  • Құрылтай құжаттары
  • Ішкі нормативтік құжаттар
  • Бизнес-жоспарлар
  • Эмиссия проспектілері және есептер
  • Банк қызметі туралы ішкі есептер
  • Бухгалтерлік есеп мәліметтері
  • Электрондық деректер базалары
  • Ішкі және сыртқы аудит материалдары

Қаржылық-аналитикалық қызмет

Банктің аналитикалық функциялары тиісті құрылымдық бөлімшелер арқылы орындалады. Ұйымдастыруға банк стратегиясы, капитал мен активтер көлемі, персонал саны, филиалдар желісі, қызметкерлердің біліктілігі әсер етеді.

Жоспарлы-экономикалық департаменттің рөлі

  • Стратегия мен тактиканы әзірлеу
  • Іске асырылуын бақылау
  • Бизнес-жоспарлау
  • Барлық бөлімшелер талдауларын жинақтау

Басқа бөлімшелердің мысал функциялары

  • Бағалы қағаздар бағыты: құралдарды, құрылымды, тәуекелді зерттеу және құнды болжау
  • Бухгалтерлік есеп бағыты: талдау үшін ақпарат дайындау, шығын/табыс/пайданы анықтау және басқаруды қолдау

Өзін-өзі тексеру сұрақтары

  1. Талдаудың ақпараттық қамтамасыз етілуі нені қамтиды?
  2. Банк бизнесінде қаржылық талдаудың рөлі қандай?
  3. Қаржылық-аналитикалық қызметтің негізгі міндеттері мен функциялары қандай?

Ұсынылатын әдебиеттер

  1. «Банктер және банктік қызмет туралы» ҚР Заңы, 31.08.1995 ж.
  2. Батракова Л.Г. «Экономический анализ деятельности коммерческого банка». — М.: Логос, 1998.
  3. Масалимова С.Ж., Есенгельдинова С.Ж. «Коммерциялық банктегі қаржылық талдау». Оқу құралы. — Семей, 2012. — 116 бет.

Тақырып 3. Коммерциялық банк балансы — қаржылық жағдайды талдаудың негізгі құжаты

  1. Банк балансы — қаржылық жағдайды талдаудың негізгі құжаты
  2. Баланс құру қағидалары, тәртібі және негізгі бөлімдері
  3. Балансты талдаудың негізгі бағыттары

Баланс мәліметтері ақшалай ресурстардың қалыптасуы мен орналастырылуына, сондай-ақ несиелік, есеп айырысу, кассалық және басқа да банктік операциялардың жай-күйіне бақылау жасауға мүмкіндік береді.

Баланс деректерін талдау белгілі бір кезеңдегі банк қызметін кешенді бағалауға, өтімділік пен төлем қабілеттілігін, сондай-ақ тәуекел деңгейін анықтауға жағдай жасайды.

Кесте 1 — Банктің топтастырылған бухгалтерлік балансы

Өлшем бірлігі: мың теңге

Баланс баптары 2007 2008 2009
АКТИВТЕР
Қолма-қол ақшалар және олардың эквиваленттері 57 759 513 95 590 527 187 766 665
Міндетті резервтер 60 880 209 21 654 652 18 036 119
Несиелік мекемелердегі қаражаттар 4 994 258 13 556 199 3 130 290
Саудалық бағалы қағаздар 31 042 793 24 903 501 2 607 613
Инвестициялық бағалы қағаздар (оның ішінде: сатуға арналған және өтеуге дейін ұсталатын) 15 603 285 24 340 361 177 905
Коммерциялық займдар мен аванстар 783 253 258 799 054 021 778 889 753
Негізгі қаражаттар 25 089 322 25 321 368 25 564 877
Басқа да активтер 4 968 772 11 363 223 9 466 360
Туынды қаржылық құралдар 1 530 039 2 591 846 25 564 877
Мерзімі кешіктірілген салықтық активтер 1 063 011 3 580 027 8 308 728
Активтердің барлығы 984 654 421 1 019 577 514 1 051 560 940
МІНДЕТТЕМЕЛЕР
ҚР ҰБ және Үкімет қаражаттары 412 062 207 033 0
Несиелік мекемелердің қаражаттары 293 755 417 317 560 754 33 690 324
Клиенттердің қаражаттары 380 605 239 343 421 095 501 639 782
Субординирленген қарыз 55 027 555 204 988 009 204 988 009
Артықшылықты акциялар бойынша міндеттемелер 1 754 774 55 156 913 55 156 913
Міндеттемелердің барлығы 909 753 957 923 684 765 991 040 487
КАПИТАЛ
Жарғылық капитал 57 897 607 89 170 492 106 878 518
Қосымша капитал 242 185 242 185 242 185
Резервтік капитал 822 230 15 181 181 15 181 181
Таза пайда (шығын) 15 823 873 -6 899 432 -6 899 432
Меншікті капиталдың барлығы 74 297 464 95 457 925 95 457 925

Ескерту: бастапқы мәтіндегі кейбір жолдар толық берілмеген немесе қайталанған күйде кездеседі; кесте сол берілген деректер негізінде редакцияланып ұсынылды.