Эссе тақырыптары

Нұсқаулық

Эссе жазу: тақырыптар, талаптар және бағалау өлшемдері

Қазіргі таңда ЖОО-да білімді бағалаудың тиімді құралдарының бірі — эссе. Сонымен қатар батыс елдерінде оқу орнына құжат тапсырғанда да эссеге ерекше мән беріледі. Төменде эссе туралы қысқаша әрі жүйелі нұсқаулық және жиі жіберілетін қателіктер берілген.

Эссе тақырыптары

Берілген тақырыптардың бірін таңдап, эссе жазыңыз:

  • Отбасындағы кикілжің
  • Бизнестегі конфликт
  • Мен және менің әлемім
  • Конфликт және стресс
  • Жұмыс орнында туындайтын конфликт

Эссе дегеніміз не?

Эссе (фр. essai — «тәжірибе», лат. exagium — «өлшеу, таразылау») — философиялық, әдеби, тарихи, публицистикалық, әлеуметтанулық, саяси және басқа да салаларға қатысты, ғылыми емес, автордың жеке көзқарасын білдіретін прозалық мәтін.

Тарихи дерек

Жанр ретінде эссені 1580 жылы Мишель Монтень енгізген. «Эссе» атауын алғаш қолданып, осы жанрда 1597 жылы Френсис Бэкон еңбектер жариялаған.

Қолданылуы

Эссе әдеби жанр ретінде де, білімді бақылау әдісі ретінде де қолданылады. Көптеген батыс елдерінде ЖОО-ға түсу кезінде талап етіледі.

Эссенің түрлері және көлемі

Эссе түрлері

  • Субъективті

    Негізгі мақсаты — автордың тұлғалық қырын ашу, өзін таныту.

  • Объективті

    Негізгі мақсаты — белгілі бір тақырып бойынша автордың көзқарасын негіздеп көрсету.

Көлемі

Жалпы практика

Көлемі кейде 500 сөзден басталып, 1–2 беттен 20 бетке дейін өзгеруі мүмкін.

Осы тапсырмаға қойылатын талап

Эссенің жалпы көлемі басылған мәтіннің 1 A4 парағынан аспауы керек (қаріп өлшемі — 14, интервал — 1, мәтін шекарасы — 1,5).

Эссе жазу кезеңдері

  1. 01

    Проблеманы анықтау

    Нақты мәселені белгілеп, эссенің өзегін айқындаңыз.

  2. 02

    Ойлану

    Тезис, дәлел, мысал және қарсы пікірлерді жинақтаңыз.

  3. 03

    Жоспарлау

    Кіріспе–негізгі бөлім–қорытынды құрылымын алдын ала құрыңыз.

  4. 04

    Жазу

    Аргументация мен логиканы сақтап, мәтінді тұтас етіп жазыңыз.

  5. 05

    Тексеру

    Грамматика, пунктуация, стиль, термин қолдану, дереккөздер мен логикалық байланыстарды қайта қарап шығыңыз.

Эссе жазуда қатаң сақталатын талаптар

  • Жеке көзқарастың айқын көрінуі
  • Фактілі дәлелдер (аргументтер)
  • Теориялық негіздеме
  • Терминдерді орынды қолдану
  • Дәйексөздер келтіру
  • Әртүрлі көзқарастарды мысалға алу
  • Логикалық заңдылықты сақтау
  • Салыстыру және қорытындылау әдістерін қолдану
  • Сауаттылық және стильдік бірізділік
  • Қолданылған ғылыми еңбектерге сілтеме жасау

Эссенің құрылымы

1) Кіріспе

Тақырыптың негізгі мәні мен өзектілігін қысқа түрде көрсетіп, негізгі тезисті ұсыныңыз.

2) Тақырыпты дамыту (негізгі бөлім)

Тақырыпқа сәйкес біліміңізді (теория, фактілер, идеялар, ақпарат, аналогия, ассоциация, теңеу, сұрақ қою және т.б.) қолданып, ойыңызды дәлелдеңіз. Аргументацияны мына үлгіде құру ыңғайлы:

Аргумент 1

Түсіндіру → мысал (факт) → байланыстырушы сөйлемдер

Аргумент 2

Түсіндіру → мысал (факт) → байланыстырушы сөйлемдер

3) Қорытынды

Жалпылау жасап, келтірілген аргументтерден логикалық қорытынды шығарыңыз. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» осы бөлімде көрінуі тиіс.

Жиі кездесетін қателіктер

  • Проблема толық ашылмайды.
  • Автордың жеке позициясы байқалмайды.
  • Теориялық негіздеме берілмейді.
  • Терминдер орынсыз немесе сауатсыз қолданылады.
  • Тым қарапайым тұрмыстық мысалдар шамадан тыс көп болады.
  • Ауызекі сөздер, диалект, сленг, жаргон қолданылады.
  • Келтірілген мысалдар автор позициясына қайшы келеді.
  • Қорытынды жоқ, түйін шығарылмайды.
  • Логикалық байланыс әлсіз немесе сақталмайды.

Бағалау критерийлері

95–100%

Өте жоғары деңгей

  • Ғылыми бағыттылығы мен өзектілігі жоғары.
  • Мазмұны тұтас, бірегей, құрылымы жинақы.
  • Тіл мәдениеті көркем, түсінікті, креативті және мақсатқа сай.
  • Тақырыптағы мәселе терең түсінілген және мазмұн тақырыпқа толық сәйкес.
  • Өзекті мәселе бойынша автордың жеке ойы анық көрінеді.
90–95%

Жоғары деңгей

  • Ғылыми бағыттылығы мен өзектілігі бар.
  • Мазмұны тұтас, бірегей; тіл мәдениеті талапқа сай.
  • Өз ойын өмірлік фактілер мен жеке әлеуметтік тәжірибеге сүйеніп жеткізеді.
  • Ішкі мағыналық бірлік сақталған; тұжырымдар өзара келісімді.
  • Тілдік нормалар сақталады; грамматикалық, пунктуациялық және стилистикалық қателер мұқият тексеріледі.
85–90%

Жақсы деңгей

  • Нақты тезистер берілген және пікірлермен негізделген.
  • Негізгі бөлім мен қорытындысы бар, ойы анық баяндалған.
  • Мәтін мұқият, қатесіз жазылған (немесе қателері өте аз).

Ескерту

Эссе мәтіні талаптарға сай безендірілмесе немесе бағалау критерийлері ескерілмесе, жұмыс тексерілмейді және есептелмейді.