Жат қолында романы Оянған өлкенің екінші кітабы

1-аралық бақылау тапсырмалары

Төмендегі әдеби шығармалар бойынша сұрақ-жауап форматындағы жұмыс орындалады. Әр тапсырма 7-аптада тапсырылады және 15 балл көлемінде бағаланады.

Шығарма Түрі Апта Балл
1 Ғ. Мүсірепов — Жат қолында Сұрақ-жауап 7 апта 15
2 О. Бөкей — Өз отыңды өшірме Сұрақ-жауап 7 апта 15
3 Ә. Нұрпейісов — Қан мен тер (трилогия) Сұрақ-жауап 7 апта 15
4 Ә. Кекілбаев — Үркер Сұрақ-жауап 7 апта 15

1-тапсырма: Ғ. Мүсірепов — «Жат қолында»

Оқу: «Жат қолында» романын оқу.

Әдістемелік нұсқау

«Жат қолында» — «Оянған өлке» романының екінші кітабы. Шығарманың композициялық құрылымы, тарауларға жіктеу тәсілдері, оқиғалардың даму логикасы және кейіпкерлерді сомдау принциптері «Оянған өлке» эстетикасымен сабақтас.

Романда шетел капиталының қазақ жеріне сұғына енуі, ауылдағы таптық жіктеліс, қазақ оқығандары арасындағы түрлі ағымдар, жұмысшы ұйымдарының қалыптаса бастауы және коммунистердің тарихи рөлі секілді әлеуметтік мәселелер жеке тағдырлар мен адам образдары арқылы көркем талданып беріледі.

2-тапсырма: О. Бөкей — «Өз отыңды өшірме»

Оқу: «Өз отыңды өшірме» романын оқу.

Әдістемелік нұсқау

Романда тапқа жіктелген қоғамның алмағайып, аласапыран кезеңі адамдардың тұлғасы, іс-әрекеті және өзара қарым-қатынасы арқылы, көпқабатты тартыс аясында суреттеледі.

Оқиғалар құрылымы бес салаға жіктеліп, әр сала бүгін мен кеше бейнесін қатар беретін тараушаларға бөлінеді. Жазушы адам тағдырын танытуға айрықша мән береді.

Шұрайлы тілмен өрнектелген кейіпкерлер болмысы мен ішкі иірімдерінде тынымсыз ой, шиыршық атқан сезім, ашу мен ақыл, парықсыздық пен парасат, сатқындық пен адалдық, аярлық пен тазалық тәрізді қарама-қайшылықтар авторлық баяндау мен суреттеулер арқылы қақтығыса көрінеді.

3-тапсырма: Ә. Нұрпейісов — «Қан мен тер» (трилогия)

Оқу: «Қан мен тер» трилогиясын оқу.

Әдістемелік нұсқау

Шығармада дәуір тынысы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен бастап, Колчак пен Дутов әскерлерінің талқандалу кезеңіне дейін кең тыныста қамтылады.

«Қан мен терде» өзге туындыларда көбіне тек аталып өтетін патшашыл ақ әскердің тіршілік келбеті мейлінше толыққанды бейнеленеді. Авторлық мақсат, сюжеттік арналар және көркемдік зерттеу нысанының жаңалығы айқын сезіледі.

Ә. Нұрпейісов әлеуметтік-психологиялық талдау өнерінің қазақ прозасындағы жетілген биігін танытады. Сюжеттік-композициялық желілер бір бағытта өрістегенімен, авторлық-лирикалық шегіністер оқиғаларды жаңа сапамен толықтырып, қаһарманның есею үдерісін ашуға және әрекеттердің психологиялық уәжін дәлелдеуге қызмет ететін мәнді детальдар ретінде көрінеді.

4-тапсырма: Ә. Кекілбаев — «Үркер»

Оқу: «Үркер» романын оқу.

Әдістемелік нұсқау

«Үркер» және «Елең-алаң» романдары кейбір үстірт пайымдаулардағыдай Әбілқайырды ақтап алуды мақсат етпейді. Керісінше, оның болмыс-бітімі мен кескін-келбеті мол тарихи-ғылыми деректерге сүйеніп сомдалып, оқырманға шынайы түрде ұсынылады; қорытынды жасау мен пікір түю оқырманның өз еркіне қалдырылады.

Дилогияның ерекшелігі — автор әр кейіпкердің адамға тән тыныс-тіршілігін: қуанышы мен ренішін, ниеті мен мінезін кең ауқымда бейнелеп, күрделі тарихи кеңістіктегі жеке тұлға әлемін жан-жақты ашып көрсетеді.