ЕТІСТІКТІҢ РАЙ КАТЕГОРИЯСЫ

Рай категориясы қимылдың болмысқа қатысын сөйлеушінің түсінуін, көзқарасын білдіреді. Қазақ тілінде райдың төрт түрі бар: бұйрық рай, қалау рай, шартты рай, ашық рай.

1) Бұйрық рай 2) Қалау рай 3) Шартты рай 4) Ашық рай

1. Бұйрық рай

Біреуге арналып, бұйыра айтылған етістік мағынасын бұйрық рай дейміз. Бұйрық мағына көбіне түбір етістіктің өзінде беріледі. Сондықтан бұйрықтың қай жаққа қатысты екенін көрсету үшін түбір етістікке тек жіктік жалғау жалғанады. Бұл жіктік жалғаулар басқа рай түрлерінде қолданылмайды.

Бұйрық райдың жіктелуі (мысалдар)

Жекеше
Мен
кел-ейін, сана-йын
Сен
кел, сана
Сіз
кел-іңіз, сана-ңыз
Ол
кел-сін, сана-сын
Көпше
Біз
кел-ейік, сана-йық
Сендер
кел-іңдер, сана-ңдар
Сіздер
кел-іңіздер, сана-ңыздар
Олар
кел-сін, сана-сын

2. Қалау рай

Қимылды субъектінің қалайтынын, тілейтінін білдіретін етістік түрін қалау рай дейміз.

Мысалдар

Менің аралап қайтқым келеді. (С. М.)

Сонда да айтқыза түсіп, танығысы келеді. (М. Ә.)

Қалау райдың түрлері

  • Ерікті қалау рай
  • Тілекті қалау рай

Ерікті қалау рай

Ерікті қалау рай етістіктің түбіріне -ғы, -гі, -ңы, -кі жұрнақтары жалғанып, оған кел көмекші етістігінің тіркесуі арқылы жасалады.

Мысал

Амантайдың жігітке көмектескісі келеді.

Жақтық мағына

Ерікті қалау райдағы етістікке жіктік жалғауы жалғанбайды. Жақтық мағына тәуелдік жалғауы арқылы беріледі:

  • Менің оқығым келеді.
  • Сенің оқығың келеді.
  • Оның оқығысы келеді.

Ерікті қалау рай тәуелдік тұлғада тұрғандықтан, қимыл иесін білдіретін сөз ілік септікте тұрады: Сенің білгің келеді.

Бұл тұлға көбіне жақсыз сөйлем жасауға бейім.

Тілекті қалау рай

  1. 1) -ғай, -гей, -қай, -кей жұрнақтары

    Етістіктің түбіріне -ғай, -гей, -қай, -кей жұрнақтары жалғанады.

    Мысал: Ол естігей еді.

  2. 2) -са/-се + (игі) + е көмекші етістігі

    Етістіктің түбіріне шартты райдың -са, -се жұрнағы жалғанып, оған игі сөзі мен е көмекші етістігінің тіркесі қосылады. Кейде игі сөзі қатыспай-ақ та жасала береді.

    Мысал: Көрсе игі еді, алса екен.

Тілекті қалау райдың жақтық мағынасы жіктік жалғауы арқылы беріледі:

  • Мен білгеймін.
  • Мен қалсам игі еді.

3. Шартты рай

Қимыл-әрекеттің болу не болмау шартын білдіретін етістікті шартты рай дейміз.

Мысал

Осыған уәде бермесең, жөнімді айтпаймын. (М. Ә.)

Шартты рай етістіктің түбіріне -са, -се жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Жақтық мәні жіктік жалғаудың қысқа түрі арқылы беріледі.

Жекеше
  • Мен бар-са-м
  • Сен бар-са-ң
  • Сіз бар-са-ңыз
  • Ол бар-са
Көпше
  • Біз бар-са-қ
  • Сендер бар-са-ңдар
  • Сіздер бар-са-ңыздар
  • Олар бар-са

Шартты райдың қосымша мағыналары

1) Мезгіл мағынасы

Жайлауға ерте көшсе, Керейдің қонысын көздейтін. (М. Ә.)

2) Салыстыру мағынасы

Ежелден мәлім: қай ауылдың үстінде болса, сол ауыл мол болса, шығасылы болмақ. (М. Ә.)

3) Қарсылық мағынасы

Ербол ат ауыстырып мінсе де, күрең төбелдің екпіні әлі басым. (М. Ә.)

Шартты рай көбіне құрмалас сөйлем жасауға қатысады: Енді аз бөгелсе, жұрт тағы кернеп кететін сияқты. (М. Ә.)

Шарт мағынасы айқын болмаған жағдайда шартты райдағы етістік жай сөйлемде де қолданыла береді:

  • Осы мен тегі ақын болсам керек. (М. Ә.)
  • Жесеңші, Абай! (М. Ә.)
  • Айтса екен, айналайын. (М. Ә.)

4. Ашық рай

Іс-әрекеттің осы шақта, өткен шақта және келер шақта болғанын немесе болатынын көрсетіп, үш жақта жекеше-көпше түрде айтылатын райды ашық рай дейміз.

Мысалдар (шақ бойынша)

Жақ Осы шақ Өткен шақ Келер шақ
Мен келіп отырмын келдім келермін
Сен келіп отырсың келдің келерсің
Сіз келіп отырсыз келдіңіз келерсіз
Ол келіп отыр келді келер
Біз келіп отырмыз келдік келерміз

Ашық рай көсемше, есімше тұлғаларына және шақ жұрнақтарынан кейін жіктік жалғаулардың жалғануы арқылы жасалады. Дара және күрделі етістіктер ашық рай тұлғасында жұмсала береді: айтамынайта беремінайтып беремін.