Жеке органдар қызметін зерттеу

Бағдарламаның жаңалықтары

Бағдарлама мазмұны мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиелеудің мемлекеттік стандарты аясында әзірленіп, «Тәй-тәй» бағдарламасы мен дамыту технологиясын талдау арқылы аймақтық және ұлттық мазмұнмен тереңдетілді.

Құрылым

  • Тәрбие мен білім мазмұнының модульді-блокты құрылымы
  • Оқыту мазмұнындағы тақырыптық жоспарлау
  • Пәнаралық сабақтастықты жүйелі жүзеге асыру

Даму бағыты

  • Баланың өздігінен іздену әрекетіне бағдарланған оқыту
  • Әр баланың бірегей табиғи қабілетін дамыту
  • Генетикалық дарындылықты саралап анықтау және тереңдетіп дамыту

Рефлексия және орта

  • Балалар мен педагогтердің рефлексивті іс-әрекетіне басымдық беру
  • Коммуникативтік мәдениетті жоғары әдептілік арқылы қалыптастыру
  • Жас ерекшелігі мен физиологиялық даму туралы білімді енгізу

Ұлттық және аймақтық мазмұн

  • Этнопедагогика негіздерін жүйелі қолдану
  • Аймақтық компонентті оқу мазмұнына енгізу
  • Отбасылық тәрбие тәжірибесімен табиғи байланыс орнату

Көкейкестілік: отбасы, аймақ және ұлттық негіз

Бағдарламаның өзектілігі — үш жасқа келген баланың ұлттық-генетикалық негіздерін сақтай отырып, оны әлеуметтік ортаның белсенді мүшесі болуға бағыттау. Бала алғашқы тәрбиені отбасынан алады. Сондықтан бағдарлама мазмұны жеке тұлғаның отбасында ұлттық сипатта дамуына сүйенеді.

Баланың дамуы өзі өмір сүретін аймақтың құндылықтары, қоршаған ортаның бағыт-бағдары, табиғат ерекшеліктері арқылы кеңейеді. Халық ауыз әдебиеті үлгілері (тыйым сөздер, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, ертегілер), аймақтық салт-дәстүрлер, сондай-ақ жергілікті жануарлар мен өсімдік жамылғысы баланың «Мен» сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.

Коммуникация, рефлексия және шығармашылық

Рефлексия арқылы әлеуметтену

Коммуникативтік қасиеттерді дамыту міндеті рефлексия жүйесі арқылы іске асырылады. Қарым-қатынасты жоғары әдептілік деңгейінде жүргізуге баулу түсіністік пен сыйластықты қалыптастырып, баланың әлеуметтенуіне қолайлы жағдай жасайды.

Қиял мен шығармашылық қабілет

Балалардың қиялын дамыту және шығармашылық қабілетін жетілдіру музыка мен қолөнер арқылы жүзеге асады. Ұлттық бейнелеу өнерінің қыр-сырларымен таныстыру балаға эстетикалық талғам мен жасампаз ойлауды орнықтыруға бағытталады.

Тәрбиелік мәні

Бағдарлама жалпыадамзаттық құндылықтарды орнықтыру арқылы баланың интеллектін өсіруге, тұлғалық менталитетін қалыптастыруға және өзін бағалау мәдениетін дамытуға қызмет етеді.

Модульді–блокті–рейтингті жүйе

Модуль

Балабақшаның апталық тақырыбы. Модульде үлкен мәселе қойылады.

Блок

Модульді жүзеге асыратын базалық пәндер жиынтығы. Әр пән тақырыпты өз бағытымен жан-жақты ашады.

Рейтинг

Оқу нәтижелерін бақылау мен бағалауға негізделген жүйе. Мониторинг көрсеткіштері осы құрылымға сәйкестендіріледі.

Бұл жүйе пәндер арасындағы байланыс пен жас ерекшеліктеріне сай топтардағы оқыту-тәрбиелеу жұмысының сабақтаса орындалуына мүмкіндік береді.

Күн тәртібіндегі ұйымдастыру: «ашық алаң» және белсенді орталықтар

Таңертеңгі жиындағы «ашық алаң»

Әр топта жас ерекшелігі ескеріле отырып, модуль мәселелері балаларға ұсынылады. Модульді тез әрі жан-жақты ашу үшін балалар өз еріктерімен белсенді орталықтарға бөлінеді.

Негізгі мақсат

  • Балалардың алдына мәселе қою
  • Жағымды эмоциялық көңіл-күй қалыптастыру
  • Топтық қарым-қатынас атмосферасын құру

Қосымша міндеттер

  • Әлеуметтік және қарым-қатынас дағдыларын дамыту
  • Белсенді орталықтарды өз еркімен таңдауға жағдай жасау

Әрекеттен кейінгі «ашық алаң»

Белсенді орталықтардағы жұмыстардан кейін сабақ мазмұнының балаға әсері, әр баланың көңіл-күйінің сабақ басынан аяғына дейінгі өзгерісі байқалады және талқыланады.

Оқу-тәрбие үдерісі: шағын топ, дербестік, ата-ана қатысуы

Оқу-тәрбие үдерісі «Тәй-тәй» технологиясы бойынша белсенділік орталықтарында ұйымдастырылады: бала өзінің мүмкіндігі мен қызығушылығына сай шағын топта тәрбиешінің басшылығымен бірлесе әрекет етеді, сонымен қатар өз бетінше іс-қимыл жасап, жеке тапсырмаларды орындайды.

Әр топта ата-аналар негізгі әрекеттерге қатысып, өз баласының алғашқы педагогі, даму деңгейінің зерттеушісі әрі қорғаушысы (адвокаты) ретінде қолдау көрсетеді.

Түстен кейінгі уақыт

Әр баланың бойындағы ерекше қасиетті дамыту мақсатында ойын түрінде жеке жұмыс және үйірме жұмыстары ұйымдастырылады.

Жобалау іс-әрекеті

Балалардың зерттеуге қызығушылығын және өздігінен білім алуға ынтасын арттыру үшін ата-аналармен бірлескен жеке жобалар педагогтің бағытымен жүзеге асырылады.

Тұлғаға бағытталған нәтиже

Авторлық бағдарлама оқу-тәрбие үдерісінің негізгі қатысушыларын — педагог пен баланы — толық қамтиды. Педагог өзіндік талдау негізінде тәжірибе жинақтап, шеберлігін арттырады; ал бала педагогпен бірлескен іс-әрекет барысында білімін, білігін және дағдыларын дамытады.

Негізгі міндет — баланың өзін-өзі тану, өзін-өзі дамыту, ойын еркін жеткізу, өзін бағалау, үлкендермен және құрдастарымен дұрыс қарым-қатынас жасау қабілеттерін қалыптастыру.

Мониторинг және сапаны бағалау

Балалар мониторингі

Оқу жылында екі рет балалардың бағдарламаны меңгеру деңгейі мониторинг арқылы бағаланады. Зерттеу белгілері бағдарламаның рейтингтік жүйесіне сәйкес құрылады.

Педагог мониторингі

Бағдарламаны нәтижелі іске асыру жоғары педагогикалық дайындықты талап етеді. Сондықтан педагогтердің кәсіби құзыреттіліктері жыл сайын зерттеліп отырады.

Құзыреттіліктерді зерделеу

Педагогтердің құзыреттіліктер мониторингі олардың педагогикалық және психологиялық дайындығын, ұйымдастырушылық, диагностикалық, құрастырушылық, зерттеушілік қабілеттерін бағалайды. Нәтижесіне сәйкес әдістемелік көмек беріліп, педагогтер өздігінен білім жетілдіру арқылы қажетті бағыттағы құзыреттерін арттырады.

Әдістемелік жұмыс және нәтижелер

Педагогтермен жүргізілетін әдістемелік жұмыс ғылыми-шығармашылық және оқу-әдістемелік бағытта ұйымдастырылады. Ұжымның эксперименттік жұмыс жүйесіне толық енуі барлық іс-әрекетке жаңа көзқараспен қарап, жаңа ұстанымдармен жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Бұл педагогтердің кәсіби деңгейін көтеріп, теориялық білімін тереңдетіп, зерттеушілік қабілетін шыңдай түсті.

Дайындалған әдістемелік құралдар

  • «Мектепке дейінгі балалардың тілін дамытуда модульдеу әдісін қолдану тапсырмаларының жинағы»
  • «Мектепке дейінгі балаларға арналған ұлттық нақыштағы жаттығулар мен ұлттық ойындар жинағы»
  • «Балалардың бағалау қабілеттерін дамыту жолдары»
  • «Балалардың қиял-шығармашылығын дамытуда ұлттық қолданбалы өнерді қолдану сабақтарының жинағы»
  • «Мектепке дейінгі балаларға домбыра аспабында ойнауды үйретудің алғашқы қадамы» және т.б.

Бұл жинақтар балабақшаның эксперименттік жұмысының нәтижесі ретінде іс-тәжірибе қорына енгізіліп, облыс көлеміндегі қазақ балабақшаларында қолданылып келеді. Қазіргі таңда педагогикалық ұжым «Мен – жеке тұлға» бағдарламасының нұсқауларына сәйкес сабақ үлгілерін әрі қарай жинақтауды жалғастыруда.