Үкілі Ыбырай. Тайгадағы түс. “Қалдырған” әні

Үкілі Ыбырай. Тайгадағы түс. “Қалдырған” әні

Смағұл Рахымбек, журналист

Тайга ішінің аязы бүгін ерекше шаңытып тұр. Барактан барынша жылы киініп шыққан қария қуаты қайтып бастағанын бойының лезде қалтырағанынан аңғарғандай болды. Қалың оппа қардан малтығып, бірер аттап үлгергені сол еді, жайдың оты түскендей, әлде не жақын маңнан шатыр ете қалды. Қарағай мен самырсын селк етіп, ағаштардың өн бойынан қар ұшқыны саулап қоя берді.

Еңсегей бойлы қария өзін басып қала жаздаған ақ ұлпаны қағып-сілкіп, қарсы алдына көз салды. Әлгінде ғана тұлғасы аспандай зорайған алып қарағай аязға шыдамай қақ айырылған екен. Өзегінің қызғылт беттерінен сары алтындай шырыны бұлақ болып ағып жатыр. “Ғұмыры біткен соң, қарағай да жылайды екен-ау”, — деп тебіренді ақын жаны.

Дұшпандарының жаласымен Қиыр Шығысқа айдалып келгелі Үкілі Ыбырай болмысы боркеміктікке ауысқандай. Көзіне жас алды. Жоқ, бұл әлсіздік емес еді. Ақынның Айыртаудай ардағын, Көкшетаудай қымбатын, өзін әз көтерген асыл жұртын сағынғаны еді.

Өлең

Шіркін бір дүние кең едің,

Біраз күн алдап бөгедің.

Өкпеледім, дүние-ай,

Жолдас едің демедің.

Арғын, Найман ұлынан,

Талайдан сарқыт жеп едім.

Жетпістен асқан шағымда,

Сақал, мұртым қуарып,

Тамыр біткен суалып,

Неліктен мұнша жүдедім?

— Қария, баракқа қайтқаныңыз жөн болар. Түсіңіз қашып кетіпті, — деді ағаш дайындап жатқан алаңда балтасын құлаштай сілтеп, құлатылған қайыңдарды бұтақтарынан арылтып жүрген башқұрт жігіті. — Бүгінгі нормаңызды біз-ақ орындаймыз.

Тұтқындағы жұрт кешкілік бараққа жиналып, темір пешті паналаған сәттерінде Үкілі Ыбырайдың әндерін елти тыңдайтын. Олар жетпістен асқан қарт ақынды әрі аяйтын, әрі сыйлайтын.

Ыбырайдың осында келгелі қарағайдан қиып жасап алған домбырасы ақынның екпіні қайта бастаған дауысын демеп отырар еді. Сұрапыл аязда қатып қалған орман қоянын тауып алып, темір пешке жібітіп, етін елге беріп, тоқ шегін бабына келтіре илеп, домбырасына таққан ақын оның үнінің қоңырлап шығар қаз даусын ұнатқан. Салалы саусақтары аспабының шанағына тигені сол еді, тұтқындағы домбыра да өзгеше бір сазды қаузай жөнелетін.

Оқжетпестің түбіндегі әуен

Үкілі Ыбырайдың есіне сері інілері Сәкен мен Сәбитпен жүздескен айбоз күндері оралды. Бұл — 1927 жылдың шыбынсыз жазы. Ел ішінде жер бөлісі деген айқай-ұйқайы көп науқан жүріп жатқан. Байлардың шұрайлы жайлауы мен құнарлы шабындығын жаңа үкімет кедейлер еншісіне бере бастаған. Болыстыққа өз адамын отырғызып, биліктен ажырағысы келмеген ауқаттылар қандай қулық-сұмдыққа бармады десеңізші: сіңірі шыққан, сауатсыз кедейлерді бойтаса етіп, “жер де, мал да соныкі, мендегі мынау ғана” дейтін көзбояушылыққа дейін барған. Бірақ Сәкендей сауатты, Сәбиттей талапты жастарды ақиқаттан адастыру оңай емес еді.

Сол науқанның қарбалас бір күнінде Сәкен Сейфуллин 71-ге иек артқан Үкілі Ыбырайды алдырды. Ақынның алысқа кеткен даңқына тәнті екендерін айтты. Ыбырай мақпал бешпентінің жез түймелерін жарқыратып, Оқжетпестей еңсесін тік ұстап отырды. Дауысы да кең тыныс, ерек екпінінен жаңылмағандай көрінді.

— Ыбекеңді Оқжетпестің түбінде отырып тыңдайық, — деді Сәкен Сейфуллин қасына ерген бозбала Сәбитке, мұнарланған көгілдір Көкшенің жасыл жоталары қоршаған шыңды иегімен меңзеп.

Үкілі сусар бөркін желкесіне жылжытып, құндыз жағасы күнмен шағылысып құлпырған шапанын желең жамылып, тізерлеп отыра қалды. Күмбірлеген тынысты домбырасын толғап-толғап, шырқай жөнелді.

“Қалдырған”

Кез болдың тәтті ұйқыда биыл маған,

Жел көңіл жігіттікте тыйылмаған.

Бір дұшпан арадағы қас ойлар деп,

Қалмады елде құрбым сыйынбаған.

Қардан аппақ етің бар,

Қаннан қызыл бетің бар.

Қайта айналып келгенше,

Көкіректе зарлы дертім бар.

Ал, Қаракөз,

Қалдың кейін,

Мен не дейін,

Уа, шіркін!

Ақын даусы қиянға шырқап, Оқжетпестің ұшар басына қанат қақты. Айдын көлдің беті жел тұрмай-ақ, әннің екпінімен толқып қалғандай. Ақ қайыңның көлеңкесіне жайылған текеметте қисайып жатқан Сәкен ән біткенде орнынан атып тұрып, Ыбырайдың алдына келіп, тізерлей отыра кетті.

— Айналайын, ағатай-ай! Не деген құдіретті едіңіз. Япыр-ай, мұндай да көркем, биік дауыс болады екен ғой! — деп тамсанды Сәкен, ақ жүзі алабұртып, аса бір ризашылықпен.

Ғажайып әннің әсері Арқаның самал желіндей көңілді желпіп, жанды жадыратқан шақта Сәкен де қанаттанып, жырдан шашу шашты.

Сәкеннің бағасы

Әнші бар Көкшетауда талай ірі,

Ыбырай топ жарғанның — о да бірі.

Қаңбақша қыз-бозбала қағып алып,

Жайылған талай әсем ән мен жыры.

Өзі ақын, ән шығарғыш, домбырашы,

Сауықтың жан думаны, болған пірі.

Ақырып арыстандай ән салады,

Ыбырай — жүйрік тарлан, әлі тірі.

Ақан сері, Балуан Шолақ, Біржан сал секілді қазақтың небір саңлақ ардагерлерін жырына қосқан Сәкен Үкілі Ыбырайға да осылай өз бағасын берді. “Ыбырай — жүйрік тарлан, әлі тірі”, — деп күбірледі ақын, сол бір думанды күндерді көз алдына елестеткендей. Тайганың ақырған аязы тынысын тұншықтырғанмен, жадындағы үнді тұншықтыра алмады.

Қызылжардағы кеш және “Қалдырған”

Енді бірде 1924 жылдың соңындағы Қызылжардың базарлы, думанды күндері келді көлбеңдеп. Жастар кешінде, Құлымбетов пен Сейфуллин қатысқан сол отырыста Ыбырай ақын айрықша шабытпен, зор дауыспен өзінің “Қалдырған” әнін тамылжыта орындаған. Шау тартса да, қуатынан таймағаны талайды тамсандырған.

Өлең

Суаты құмдақ көл қайда,

Жағалай қонған ел қайда.

Қыз-бозбала бас қосса,

Ыбырай ақын, сен қайда.

Жан-жаққа гүлің балбырап,

Қызықты дүние сен едің.

Орта жүзді қыдырған,

Жалғыз да бұлбұл мен едім.

— Жас кезімде жазық далада шырқаған әнім жеті шақырым жерге жететін, — дейтін Үкілі Ыбырайдың жан сырына жұрт имандай сенетін. Расында, кең тынысты кеудесінен жүрегін жарып шыққан дауыстың шалқар аясына елдің қуана қол соғуы, риза пейілі мен еркелеткен қамқорлығы қуат қосатын.

Тайгадағы түс: домбыраның қайтарылуы

1931 жылы Қиыр Шығысқа айдалып келген алғашқы айлардың бірінде, жетпістен асқан Үкілі Ыбырай сонау бала кезіндегі — сегіз жасындағы — ғажайып түсін өзгеше мазмұнмен қайта көрді. Сол түстен кейін өмірінің соңғы сәттері жақындағанын ақындық түйсікпен сезгендей болды. Күндіз ағаш кескендерден бөлініп, тайганы кезіп кететінді шығарды.

Түсінде ауылы аясы көз жеткісіз шалқар көлдің жағасына қоныпты. Айдынның аққу-қазы сұңқылдап, шағалалары шаңқай түстің шұғыласына аппақ қанаттарын шағылыстырып, аунап-төңкеріліп еркелей ұшады. Жағалауда Ыбырай ақ боз ат мініп, көлдің арғы бетіне көз тігеді.

Бір сәтте көкжиектен бері ойысқан ақ киімді, ақ сақалды қария көрінеді. Қолында үкілі домбыра. Сол қолындағы аса таяғымен бергі жақты нұсқап, әлденені айтқандай болады. Ыбырай толқынды белден кешіп, арғы бетке жақындай бергенде абыз қарт: “Шырағым, мына домбыраны бала күніңде саған сыйлап едім, енді өзім қайыра алдым. Сен ренжіме” — дейді.

Сол жолы азынаған суық барақтағы темір кереуетте жатқан қария қалтырап, шошып оянған. Ал бүгін тайгада тасты талқан етер сұмдық аяздан күңірене қақ айырылған алып қарағай құшағын жая құлап жатыр.

“Менің де тамырым сенікіндей тереңде еді, қарағай! Құламастай, еш пенде құлата алмастай көруші едім өзімді, дариға!”

Қарт ақынның жаны сыздап қоя берді. Жастығының жалаулы, жеңісті күндеріндегі ғашығы Кәкимә елестеді. Сол жазиралы шақтарда ақын жыры қалай төгілетін еді...

Өлең

Құс салып, айдын көлде дабыл қақтым,

Ән салып, талай елдің дәмін таттым.

Жетсін деп осы дауысым Гәккуіме,

“Гәккуді” қоңыр қаздай қаңқылдаттым.

Түрлентіп тоқсан түрлі ән саламын,

Жай тастап құлашымды кең аламын.

Түскенде сен есіме, ерке Гәкку,

Құлпыртып осынау әнді толғанамын.

Барақтың өлеусіреген май шамының болар-болмас жарығымен ақын қағазға сонау бір жылдары бастаған “Тотының тоқсан толғауын” мұңдана қайта жаза бастады. Арабша сауатқа зирек Үкілі Ыбырайдың айдауда жүргізген күнделік дәптеріне 75-тен асқан жанның елді сағынған, қиналған сәттерінің сызды сырлары тайганың аппақ қарының бетіндегі жұмбақ іздердей өрнек болып түсе берді.

Мына бір дүние өткен күн,

Кейінгі қуып жеткен күн.

Қара бура қартайып,

Жар басы…

Ескерту: Мәтін редакциялық өңдеуден өтті — тыныс белгілері мен грамматикасы түзетіліп, оқылымы жеңілдетілді; өлең жолдары мен атаулар бастапқы мазмұнын сақтай отырып берілді.