Әсем қызыма

Қазақ кино өнерінің жұлдызы — Асанәлі Әшімов

Қазақ кино өнерінің даңқын асқақтатқан Асанәлі Әшімовтің жетпіс жасқа толған мерейтойы М. Әуезов атындағы Қазақтың академиялық драма театрында салтанатты түрде аталып өтті. КСРО халық әртісі, режиссер А. Әшімов — ұлттық киноны дамыту мақсатында жыл сайын өтетін “Шәкен жұлдыздары” кинофестивалінің президенті. Биылғы фестиваль мерейтойлық жиынмен тұспа-тұс келді.

Төменде өнер қайраткерінің шығармашылығын ғылыми тұрғыда зерттеуге ден қойған алғашқы кинотанушылардың бірі — Әсем Чапайдың күнделігінен үзінді ұсынылады. Сыншы актер шығармашылығын зерттеуді дипломдық жобадан бастаған. Бұл ұмтылыс Асанәлі Әшімовтің шығармашылық портретін, шеберлігін егжей-тегжейлі саралаған іргелі еңбекке айналарына сенім мол.

Күнделіктен: зерттеуге бастар жол

Өнер зерттеушісі мамандығын таңдағаннан болар, диплом жұмысының тақырыбын анықтау қиынға соқпады. Бала кезімнен көгілдір экраннан “Қыз Жібек”, “Атаманның ақыры”, “Жаушы” фильмдерін көріп, Асанәлі Әшімұлының шығармашылығына қызығатынмын.

Асанәлі Әшімұлы… Оның өнеріне табынушы көрерменнің бірі — мен. Кеше ғана экран алдында Бекежан, Қасымхан, Қаражал бейнелерін күтуші едім, ал бүгінде “Асанәлі Әшімұлының кинодағы актерлік шеберлігі” туралы диплом жазуға бел будым.

Төрт жылдың ішінде актердің өнерге алғаш келген уақытынан бастап бүгінге дейінгі шығармашылығына қатысты архивтік құжаттарды, театр мен кино туралы сыни пікірлерді, сондай-ақ актерден алған сұхбаттарды жинап қойғаныма өзімше ризамын. Бірақ күдік пен қорқынышқа толы күндер басталды: жазуға дайынмын, тек актердің өзінен рұқсат сұрап, хабардар ету оңай емес. “Соңғы көштің жүгі ауыр” деген осы екен.

01.10.05 — Сәрсенбінің сәттісі

Бүгінгі күнді Аллаға аманат етіп, актердің алдына баруға бел будым. Алдымен Асанәлі Әшімұлының жұмысына хабарластым. Телефонның ар жағынан сан сұрақ жауды:

– Иә, бұл кім? Қайдан хабарласып тұрсың? Не айтпақ едің?

Сол сәтте “неге хабарластым?” деп өкінгенім рас. Бірақ аз уақыттан соң:

– Кел енді!

Бармасам ұят. Оның үстіне, аз уақыт қалғанда басқа тақырыпқа ауыса алмаймын. Дайын тұрған дүниені аяқтайын дедім де, тәуекелге бел будым.

Есігін қағып ішке ендім. Алдындағы газетін беріліп оқып отырған көзілдірікті Асанәлі ағаның сұсты бейнесін көріп, іле-шала кері бұрылып кеткім келді. Алайда ол кісі сабырмен:

– Иә, амансың ба? Кел, отыр. Бұйымтайың болса, айта бер, – деді де, оқуын жалғастырды.

Мен тез-тез өзімді таныстырдым: Өнер академиясында “Кинотану” мамандығында оқитынымды, оның шығармашылығы жайында диплом жазғым келетінін, құжаттар жинағанымды айттым. Алдына төрт папка материалды қойып, ең негізгісі — рұқсат сұрауға келгенімді жеткіздім.

Құжаттарды шолып шығып: “Айта бер, менен саған енді не керек? Бар материалды жинапсың. Жазуыңа рұқсат. Сәттілік тілеймін!” — деді.

Сосын сөреден фотоальбомын алып, ішіне: “Әсем қызыма. 02.11.05.” деп қолтаңба қойып, сыйға тартты.

Кіргеннен бері қысылып отырған мен бірте-бірте еркінси бастадым. Бұрын ойымдағы Асанәлі Әшімұлы қатал, суық, тіпті қатты мінезді адам секілді көрінетін. Сол ойларымнан арылып, ақкөңіл, ашық, жаны нәзік жанның қасында отырғанымды сезіндім.

Ол кісінің адамгершілік болмысына қарап, “нағыз өнер адамы” деген ұғымның салмағын жаңа түсінгендей болдым.

Асанәлі аға бірінен соң бірін сұрақ қойды: “Актер Асанәлі Әшімұлының шығармашылығын зерттеуге нендей себептер әсер етті? Неге басқа тақырып таңдамадың? Сен актерді қай тұрғыда зерттемексің?”

Мен қысқа да нұсқа жауап бердім: біріншіден, оның түрлі фильмдердегі кейіпкерлерін сомдаудағы актерлік шеберлігін талдағым келеді; екіншіден, қазақ киносындағы тұлғалық актерлердің шығармашылығы дер кезінде жеткілікті зерттелмей жатқандықтан, соны саралап, оқырманға ұсынғым келеді.

02.11.05 — Қосымша материалдар

Бүгін Асанәлі ағаға қосымша материалдар апардым. Қасында ақын Исраил Сапарбай мен суретші Амантай бар екен. Үшеуі бильярд ойнап жатыр. Мені таныстырды. Асанәлі аға өзі құшақтап, маңдайымнан сүйді.

Күтпеген сәт: бүгін мені ерекше ықыласпен қабылдады, көңілі көтеріңкі екен. Жасы ұлғайғанымен, күлкісі баладай — таза, шынайы, жан дүниесінен шығып тұрады.

Өз кейіпкерім өзіме ұнайды.

08.12.05