ҚАРА СУЫҚ

Софиевка ауылы
№21 орта мектеп
2 ә сынып оқушысы
Сырғабай Елжас

Мұқағали Мақатаев

ИЫҒЫМА ЫЛҒИ АСЫЛҒАН

Иығыма ылғи асылған,
Күнім бар менің, түнім бар.
Өзгеден ұрлап жасырған
Өзіндік менің мінім бар,
Түзетер соны кімің бар?

Тар кеудемде өшпеген,
Талықсып шыққан үнім бар.
Көктеген, бірақ өспеген,
Бағымда раушан гүлім бар.
Тыңдайтын үнді кімің бар?
Мәпелер гүлді кімің бар?

Тамылжып тұрып сөйлесең,
Тамағың – бұлбұл, тілің бал...
Суықта қалдым жейдешең,
Көзіме қара, мұңым бар.
Сезінер мұны кімің бар?

Көрсетпе маған жасуды,
Көретін алда күнім бар!
Ауырлап жүрмін басымды,
Айықтырар кімің бар?..
ҚУАНАЙЫН

Қуан дейсің,
Ал, енді қуанайын,
Қуаныштан қолым ту алайын,
Қайыра бір қасыма соғар ма екен,
Аулақ кеткен адасып құралайым.

Шаттан дейсің,
Ал, енді шаттанайын.
Шарқ ұрып, мақтанайын.
Анамның отыздағы жасын қайтар.
Жоғалт та, үсік ұрған аұ самайын.

Күл дедің-ау,
Ал, енді күліп берем.
Күлкімен ішегімді тіліп көрем.
Тулаған туыстарға татулық бер,
Бастары дастарқанда бірікпеген.

ЕМХАНАДА

Өкінішті...
Мына құрғыр сырқаттың беті күшті.
Жүрегім көтеріліс жасап жатыр,
Бұзбақ болып кеудемде бекіністі.
Өкінішті...

О, Жүрек!
Менің алтын қазығым-ау!
Қайтейін, қажыдың-ау.
...Қытықтаған бауырдың назы мынау.
Қажыдың-ау, байғұсым, қажыдың-ау!

Не істемекпін?
Жаным-ай, саған шипа істемек кім?!
Жаралғанда бүтін ем, үш бөлекпін:
Жүрегім – Африка, бауырым – Кипр
Миым – Мұзды мұхиттай...
Не істемекпін?..

КҮЗДЕ

Сен – менің танысым ең, тұрмысым ең,
Сен үшін өмір сүріп тырмысып ем.
Жыл құсымен оралған жаным менің,
Бірге аттанып кетесің жыл құсымен.

Күзі келіп, өмірдің жазы қайтып,
Қазы қайтып, аттанар назын айтып.
Айдын көлдің бетінде сызат қалар,
Қазы қайтып келгенше жазылмайтын.

Құстар кетті қоштасып көліменен,
Жеріменен, тауымен, көгіменен.
Жаным менің, тағдырым жазбағай-ды,
Қош айтысар кезеңді сеніменен.

Қызылы жоқ қырманда – күзде міне,
Қайтқан құстың қараймын тізбегіне.
... Бара жатыр аттанып аққу-қаздар,
Біздің жақтан күдерін үзгені ме?

ҚАРА СУЫҚ

Қар да жаумай қырсықты мына маңға.
Қара суық қатайып, қуараңдап,
Беттен осып, құлақты бұрағанда,
Табаныңнан тоң ұрып, қуарар жақ.

Анау үй мен мынау үй қатынаған,
Қара жолдың қақ төсі қақыраған.
Қара суға қақ тұрған майысқақ мұз,
Шертіп қалсаң, быт-шыт боп шатынаған.

Тозаңы ұшып ақ қардың қылаулаған,
Тұнжырайды анау – қыр, мынау – далам.
Күрк-күрк кәрі қыс жөтеліп тұр,
Әлдеқайда әлсіреп, тұмаураған.

Қаңтар келді.
Қар жаумай қырсығып тұр.
Қара суық қариды құлшынып бір.
Шолақ көйлек бойына қамсау болмай,
Түсі қашып қарайды қымсынып қыр.

АЛАТАУ, АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ!

Көзінің де, көңілінің де нұрын алған талайдың,
Алатауға тамашалап, таңмен бірге қараймын,
Уа, ассалаумағалейкум, әппақ басты арайлым!

Шаруа-ата секілденіп, өміріңді сарып қып,
Үлкен үйдің ошағындай дүниені қарық қып,
Аман-есен жатырмысың, айналайын жарықтық?

Жат осылай тапжылмастан, осыныңды хош алам,
Баурайыңда бауыр да аман, тең-тұс, аға, дос аман.
Жат осылай тапжылмастан уа, тәкаппар босағам!

БОЛАШАҚҚА

Білемін,
Керемет бір күн келеді!
Жайнайды жасыл бағым, гүлденеді.

Көремін, керемет бір күн кешемін!
Болашағым, сенімен бірге өсемін.
Мен сенің үніңменен үндесемін,
Мен сенің тіліңменен тілдесемін.
Сауық құрам бойында бір көшенің.

Болашағым, сен тұрсаң, мен өлмеспін!
Ақиқаттың алдында бөгелмес кім?!

Жоғалмас не, өмірден жөнелмес кім?!
Сен есен бол!
Мен, мүмкін, еленбеспін.
Сол ақиқат – мен сенсіз көгермеспін!!!

ӨТІНІШ

Ескі көздер бара жатыр азайып,
(Олар жайлы ойламаудың өзі айып).
Ей, тірілер
Соларды бір еске алып,
Тебіренейік, толғанайық, жазайық!
Кетті олар.
Келмеске енді жол алды,
Қажымайтын солдаты еді қоғамның.
Қасиетін паш етейік олардың,
Қателігін кешірейік олардың...
Тіршілікте көрінеміз өлместей,
Тұра алмаймыз ерегеспей, белдеспей.
Өтейікші бірімізді-біріміз,
Өшіктірмей, өкпелетпей, сен деспей?

САҒАТЫМ ҚАЙДА, САҒАТЫМ

Қалған ба тағы таң атып?!
Жайған ба жасыл қанатын?!
...Таусылмс менің тағатым
Соқ, соқ, соқ менің сағатым!

Келген бе тағы күн шығып?!
Күн шығып, Жерге құлшынып,
Енген бе тағы тіршілік?!

Армысың, асау тіршілік!
Тұрмысқа қажет табатын,
Беретін және алатын,
Мезгіл де болып қалған ба,
Алатын жерге баратын?!
Таусылмас менің тағатым –
Соға бер,
Соқ, соқ, сағатым!

ОТАН
Отан!
Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен кетер ем.

Құс ұясыз,
Жыртқыш інсізболмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.
Тірі адамға – сол қайғы!

Күн көреді,
Әкесізде, анасыз,
Өмір сүрер.
Әйелсіз де, баласыз,
Ал, Отансыз –
Нағыз сорлы панасыз?

Білесің бе,
Отанның.сен не екенін?
(Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.)
Екі Отан жоқ.
Жалғыз Отан – мекенің!
ЕЙ, ӨМІР

Дүниенің ағын да, қарасын да,
Мыңқ етпйсің, қабылдап аласың да.
Қарасымен шамаң жоқ таласуға,
Ей, өмірім, зымырап барасың ба?

Жел мен көктің желпініп арасында,
Желігесің, түсесің қара суға.
Құйын қуған қаңбақтай аласұра,
Ей, өмірім, зымырап барасың ба?

Мен отырмын теңіздің жағасында,
Бересім де жоқ оған, аласым да.
Мені тастап толқындар, барасың ба?
Толқындатып, өмірім, барасың ба?

Шаң шығарып ізінен құйындаған,
Барасың ба, өмірім, қиындаған?
Сыйын маған,
Ей, өмір, сыйын маған,
Сыйыңды алам мен сенің бұйырмаған.

АРЫЗ ЖАЗЫП КЕТЕЙІН...

Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.

Мына дүние неге жатыр үндемей?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
- Мынау – шапан,
- Мынау – атың, мін! – демей?!

Мына жұртқа жақпады ма әлде нем?
Бекер өмір сүргенім бе, әлде мен?
Халқым,
Сенің қасиетіңді білем деп,
Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!

Айтамын деп қуанышың, мұңыңды,
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!
Мен, бәрібір өзіңменен бір болам,
Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды.

...Тойланбаса тойланбасын,
Не етейін.
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін...

ӨМІР ДЕГЕН НЕ ДЕСЕМ

Өмір деген не десем,
Өмір деген осы ма?
Үрейлендің неге сен?
Үрікпе, жаным, шошыма.

Өзіңе-өзің жүк артып,
Өмір деген – тер төгу.
Бір нәрсеге құмартып,
Бір нәрседен жеркену.

Біреулерді алдау да,
Біреулерден алдану.
Қор боп өтпей жалғанда,
Қолдан келсе, жан бағу.

Кейде шалқып шаруам,
Кейде қашып берекем,
Өмір деген – жаным-ау,
Өзім екем, мен екем...

ӘКЕ

Әке, сенің тастап кеткен мұранды,
Төрт немерең көрген шақта қуанды.
Терің сіңген тақияға жармасып,
Алма-кезек бірінен сон бірі алды.

Иіскейді танауларын шүйіріп,
Шешем отыр тәуба жасап сүйініп.
Мазалаған әлдеқандай бір сезім,
Тұрды менің алқымымда түйіліп.

Кейіс пішін. Келінің де тұр қарап,
Сәбилер-ай, сәби кімді тындамақ.
Сездің бе, әке, сенен қалған мұраны
Ұрпақтарын жатыр әне жұлмалап.

Сезбейсің-ау, сезбейсің-ау, ардағым,
Осыншама артында ұрпак қалғанын.
Пай, пай, шіркін. Ортасында отырсаң,
Ию-қию базар болып жан-жағың.

Сезбейсің-ау өшпегенін отыңның...
Ортасында өзің шашқан қоқымның,
Өзің жоқсың.
Озіңе ұсап отырмын.

Құры алақан емеспін қуаныштан,
Қуаныштар алдымда құрақ ұшкан.
Бір арыстан өмірден өткенімен,
Өмір сүріп келеді тірі арыстан.

Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
Ұрпағың бар, ел менен ер намысын,
Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын.

ҮШ БАҚЫТЫМ

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай ақ кел дағы, от ал меннен.

Түтін, түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста:
Жақсылық күтпегейсің,
От емес, оқ сұрасаң менен егер!



Ұқсас жұмыстар

Суық қарутану мен жарылғыштану. Суық қарутанудың түсінігі, түрлері
Түстану – түс туралы
Отандық психологияның негізін қалаушылардың бірі А. Н. Леонтьев
Түр-түстердің қалыптасуының архетиптік бейнесі
Түс туралы ғылымның сипаттамасы
Түстердін араласуы
Зоналық топырақтар
Түстердің адам психологиясына әсер етуі
ТМД-дің көлемі, географиялың орны мен шекарасы
Бейнелеу өнірінің түрлері мен жанарларын бастауыш сыныптарға өтудің теориялық негіздері
ҚАРАШАҰЛЫ БӘЙДІБЕК
ӘБДІКӘРІМ САТҰҚ ҚАРАХАН
ҚАРАБУРА
Қазақстанның халықаралық экономикалық қатынастардағы орны
АЛТЫНАЙҰЛЫ ҚАРАСАЙ
Социум және әлеуметтік қатынастарды әлеуметтік жұмыс өрісінің объектісі ретінде қарастыру
Экранды басқаратын процедуралар мен функциялар
Халықаралық кедендiк ынтымақтастық және мемлекеттiк экономикалық қауiпсiздiк
Ақша қаражаттарының қоры қаржы қатынастарының материалдық-заттық көрінісі ретінде
Бәсеке, оның экономикалық табиғаты мен елдің шаруашылық өміріндегі атқаратын рөлі