ДҮНИЕ СӨЗДЕН БАСТАЛАДЫ

Дүние сөзден басталады

Мұхтар Әуезовтің бар ғұмыры ғасырлар қойнауынан жеткен қара сөз бен өлең сөздің құпия қатпарларын зерттеп, танып, көкеймен қабылдауға арналды. Ол туған этносына ғана ерекше сұлу, сырлы, терең көрінетін жұмбақ қасиетке қасиет қосып, құнарлы тілдің тұқымын егіп, жемісін сан ұрпаққа мәдени мұра етіп қалдырды. Әуезов үшін сөзді сүю — өмірдің өзін сүюмен бірдей еді.

Шын мәнінде, сөз — таңбалық белгі ғана емес, тіршіліктің символы. Біз білетін Сөз болмаса, роботқа айналамыз. Тәңірі жаратқан табиғи қалыптан айырылудың қандай жақсылығы бар? Ұлттар тағдыры сынға түскен қазіргі техногенді, постиндустриялық заманда көркем тіл туралы мәселенің көтерілуі — маңызды қадам.

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті Әуезов шығармаларын, Әуезов тілінің әсемдігін де, ішкі қуатын да әрдайым әспеттеді. Бұл үрдістің кері шегінуі әдеби дамудағы ілгерілеу бола алмайтынына сенімдіміз.

Дала менталитеті және тілдің көркем қалыбы

Ұлы суреткер алғашқы туындыларының өзімен-ақ бүкіл тіршілігі сөз бағып, сөз өсірумен келген дала тұрғындарының дара менталитетін дәл аңғарып, айтар ойына «алтын айдар тағуды» машық қылды.

Үзінді — «Текшенің бауырында»

«Біз жағалап келе жатқан жіңішке өзен кейде жағасы ұсақ тоғайлы болып, кейде қалың шалғынды болып, иіріліп, көлденең таудың ішін жарып өтуші еді. Соның жағасындағы жалғыз аяқ жолмен бірде шұбырып, бірде қатар жүріп келе жаттық. Жанымызда жіңішке өзен сылдыр қағып, жас жыланша сумаңдап, нәзік тілмен бір нәрсені былдырлап айтқандай болып, еріп келе жатты. Кей жерде суы кеңейіп, алаңға шығып, ай сәулесімен ақ беті жарқырап күлгендей болады. Кей жерде күлкілі жүзі өзгеріп, қоңырқай тартады».

Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 2-т. — Алматы: Ғылым, 1998. — 147-б.

Шығарманың тұтас контексінде бұл үзіндінің нейросемантикалық ыңғайда өз заңдылығы бар екені анық. Этномәдени құндылықтарға бай туындыда қазақ тұрмысындағы кек қуу, барымта, серілік тәрізді — құптауға да, сынауға да лайық — негізгі оқиғалар «әңгіме ішіндегі әңгіме» түрінде беріледі.

Жоғарыдағы мәтінде автор мен кейіпкер, сондай-ақ кейіпкер-баяндаушы субъектілердің тығыз араласымы арқылы төңірек сипаты мен табиғат нысанының мекеншақтық бітімі суреттеледі. Ландшафт кескінін жеткізуде көзаула кеңдігі мен нақтылық, жады назарының ширақтығы байқалады. Өзен мен жас қаһарманның психологиялық сыңарластығы дүние сырын тануға, қызықтауға құштар сергек жүрек соғысын бедерлейді.

Әуезов суретінің қайталанбас қуаты

Үзінді — «Абай жолы»

«Ысқақ ауылында бай үйіне алғаш кірген түйеші Жұмыр еді. Аяғында сырма киіз етік, басында талай жылғы тозығы жеткен, сыбағысқан ескі сеңсең тымақ. Жыртық шапанының жеңі, жұртта бір жыл жатқан қу шүберек тәрізді. Белін құрым баудың үзіндісімен буыпты. Осы үзік бау — жоқшылықтың дарына асылып, содан үзіліп түсіп киілген шала өлікті танытқандай».

Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 5-т. — Алматы: Жазушы, 1979. — 167-б.

Бұл — Мұхтар Әуезовтен басқа ешкімде, еш жерде кездеспейтін, ешқашан қайталанбайтын: ауыр да, «күн астындағы Күнікейдей» сұлу да сурет. Бүгінгі күннің тірлік-тынысы күрделі өзгерістерге түскенімен, қара сөз дәстүрлі құрылымынан алшақтап кеткен жоқ. Әуезов тіліндегі биік өлшемдер эстетикалық, поэтикалық құндылығынан айырылмайды.

Тәуелсіздік дәуірі прозасындағы тіл және моральдық бағдар

Көрнекті қаламгерлер тілінде мұндай ұстаным толық сақталды десек, қателеспейміз. Алайда олар жөнінде бірқатар пікірлер қалыптасқандықтан, көпке таныла қоймаған немесе жаңа ғана бағасын ала бастаған жазушылар туралы ой өрбіту де әділетсіздікке жатпас.

Тәуелсіздік жылдарының әдебиетінен қазіргі нарықтық қатынастарға негізделген қоғам өмірінің түрлі қабаттары айқын аңғарылады. Әсіресе кейіпкерлер әрекетінің философиясын саралаған тұста қаламгерлердің ежелден келе жатқан кісілік парасатты аяқасты қылмайтын әлеуметтік бағдары ұлттық өнердің күретамыры үзілмегенін дәлелдейді. Ұлттық мәдениет феникс секілді жанып, қайта тіріліп, түлеп ұшуға бейімделгендей.

Апбаз Қаражігітов: тілдің мығым буыны

Апбаз Қаражігітовтің «Қарабет» әңгімесінде ауылдағы шаруашылықты бөліске салғанда пысықтық жасап, түбі бір туыс ағайын есебінен байыған жігіттің тоғышар істеріне қалың қауым ақсақалын алға ұстап, өткір тойтарыс бере алады. Төмендегі тіркестер автор қаламының бұғанасы мықты екенін аңғартады:

  • «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды қияды»
  • «Екі дәу Абыр мен Бабыр торға түскен аюдай қанша жанталасса да шығар есікке жете алмады»
  • «Аяз сорған аппақ дала сықырлап кетті. Дала мүлгіп қана жатыр»
  • «Бірінің сөзіне, дітіне түсінбей, екі дүлей қараңғы зынданның түбінде кездескендей жұлқысып-ақ кетті»

«Қазақ әдебиеті», 11.02.2005. — 13-б.

Мәтін сапасы: ұтымды тұс пен күмәнді тұс

Дегенмен кейбір сөйлемдерде синтаксис дұрыс болғанымен, лексикалық және стилистикалық ақаулар кездеседі. Мәселен, «О шеті мен бұ шеті атшаптырым ауылдың бір шетінде...» тіркесінде «шеті» лексемасы артық қайталанады. «Тоғанақтаған» сөзі мен «пісте май» тіркесінің де қолданысы орнықты еместей әсер қалдырады.

Сондай-ақ «ішіне жылан толып кеткендей» деген бейне шындыққа жанасымы әлсіз көрінгендіктен, драмалық жағдайды абайсызда комизмге бұрып жіберуі мүмкін.

Заря Жұманова: ашық лиризм және нәзік өрнек

Заря Жұманованың «Сырлы әлемге сіңген сыбызғышы» әңгімесінде жас археолог-ғалым жігіттің дәуірдің қатыгез салтынан қалған әсер-сезімі нанымды суреттеледі. Автордың кей тұста М. Мағауиннің «Жалғыз арша», «Тұлымханның бақыты», «Қуыршақ», «Екеу» секілді шағын жанрдағы шығармаларында кездесетін мотивтерге жақын келетін тұстары да аңғарылады: айналаға таңырқай қарау, оқыс шешімге ұмтылу машығы байқалады.

Соған қарамастан жазушының өзіндік қолтаңбасы — үтірі де, жақшасы да жоқтай көрінетін ашық лиризмінен, нәзік тіл өрнегінен танылады. Сирек қолданылатын киім атаулары, пішіндік детальдағы нақтылық суреттеу нысанына даралық сипат береді.

Бейнелі синтагмалар

«Желден жүйрік елік көңілін үркітіп аламын ба деп...»
«...егде еркекке басқа галактикадан келген беймәлім тіршілік иесін көргендей қарап қалды...»
«Сыбызғының аққу үні»
«...аршыған жұмыртқадай аппақ көлігінен...»
«Ашу-ызасы әбден пісіп-жетілген сыздауықтай бұрқ ете қалды»

Бұл жолдарда дыбыс үндестігі, метафораның предикативті табиғаты, эпитеттегі зоонимдік сипат пен эмотивтік деңгейдің семантикалық сәйкестігі, дәстүрлі теңеулер мен жаңа зияткерлік танымның ұштасуы — жазушы стилінің өзіне хас нақыштарын айқындайды.

«Қазақ әдебиеті», 04.11.2005. — 9-б.

Диалог репликаларының салмағы

Көркем тіл стихиясының өмір сүру аяларының ішінде диалог репликаларының мәні ерекше. Мәселен, Роза Мұқанованың «Тұтқын» әңгімесінде кейіпкердің сөзі психологиялық портретті ғана емес, тұтас моральдық ахуалды да жинақтайды:

Үзінді — Р. Мұқанова, «Тұтқын»

«Сұмдық ұрысқақ — тырысқақ бола тұра, мейірбан, кеңпейіл, парасатты, дана болып көрінесіз. Тіпті солай сөйлейсіз де. Өзіңіз тумаған баланы туғанмын дей саласыз. Әйтеуір ғажап шеберсіз, өтірік өмір сүресіз. Рас па?..»

«Егемен Қазақстан», 28.05.2003. — 5-б.