Қазіргі педагогтың кәсіби біліктілігі
Аханова Б.Ж., №92 қазақ гимназиясы
Көркем мәтінді проблемалық талдай оқыту жолдары
Мектепте әдебиетті оқытудың мәні мен маңызы көркем туындыны оқыту, оны талдау және оқырмандық пікір қалыптастыру арқылы айқындалады. Көркем шығарманы жай оқу мен оны талдау — екі бөлек үдеріс. Талдау оқусыз жүзеге аспайды: оқу — оқушының жеке еңбегі, ал талдау — мұғалімнің ұйымдастыруы, жоспарлауы және тиімді тәсілдерді ойластыруы арқылы орындалады.
Оқушы мәтінді қалай оқиды, қалай қабылдайды, қандай ой түйеді, көзқарасын қалай жеткізеді — мұның бәрі оқушы мен мұғалімнің бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Қазіргі әдістемеде ұсынылатын талдау түрлері
- Образ бойынша
- Тақырыптық
- Проблемалық
- Тұтас (автор ізімен)
Талдаудың негізгі мақсаттары
Талдаудың қай түрін қолдансақ та, түпкі мақсат өзгермейді. Әдіскер Қ. Бітібаеваның тұжырымдарын негізге ала отырып, көркем туындыны талдаудың басты міндеттері төмендегідей:
-
1) Қабылдау мен эмоцияны тану
Оқушының шығарманы қалай қабылдағанын, алған әсерін, эмоциялық күйін аңғарту.
-
2) Эстетикалық талғамды қалыптастыру
Әсемдікті тануға, көркемдік құндылықты бағалауға үйрету.
-
3) Таным мен ойлау дербестігін ұштау
Ойлау белсенділігін арттыру, дәлелдеу мәдениетін қалыптастыру, дербес қорытындыға жетелеу.
-
4) Талдау және пікір айту жолдарын меңгерту
Тақырып, авторлық идея, образдар жүйесі, сюжеттік-композициялық құрылым, көркемдік-эстетикалық ерекшелік сияқты компоненттерді кешенді қарастыра отырып, сауатты пікір айтуға баулу.
Сапалы талдау үшін автордың мақсаты мен ойын ашатын әрбір детальді, көркемдік тәсілді дәл танып, жазушы шеберлігін оқушыға дұрыс ұғындыру қажет.
Проблемалық талдау: ізденіске жетелейтін әдіс
Оқушының танымдық-шығармашылық қабілетін дамытатын тиімді тәсілдердің бірі — проблемалық талдау. Бұл әдіс көркем туындыдағы проблеманы дәл танып, ізденіске, пікірталасқа жетелейтін сұрақтар жүйесін құрастыруды талап етеді. Сұрақтар авторлық идеяға, негізгі проблемаға, кейіпкер әрекетіне және мәтіндегі дәлелдерге сүйеніп туындайды.
Назарда
- проблеманы дәл тану
- мәтінге сүйенген дәлел
- балама пікірді салыстыру
Нәтиже
- ойлау белсенділігі артады
- талдаудың логикасы қалыптасады
- өз көзқарасын негіздеп айтуға үйренеді
Талдау жобалары мен сабақтағы үлгілер
Төменде проблемалық талдауды ұйымдастыруға көмектесетін бірнеше үлгі ұсынылады.
I) Автор ойы мен идеясына талдау
10-сыныпта М. Дулатовтың азаматтық лирикасын оқытуда мәселені дәстүр мен жаңашылдық тұрғысынан қарастырған тиімді. Отаршылдық езгіге қарсы күрескерлік үнді, әсіресе жер мәселесін XVIII ғасырдағы жыраулар поэзиясымен, XIX ғасырдағы «зар заман» ақындарымен, Махамбет поэзиясымен байланыстыра талдау оқушының әдеби сабақтастықты түсінуіне мүмкіндік береді.
Дәстүрлі тақырып және Міржақыптың оған жаңаша көзқарасы туралы әңгіме өткен материалды қайта пайымдауға, негізгі идеяны саналы игеруге жетелейді.
II) Кейіпкер әрекетін салыстыру арқылы образ жасауды ашу
11-сыныпта М. Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанын талдауда төмендегі сұрақтар кейіпкерге мінездеме беруге де, автор шеберлігін тануға да бағыттайды:
- 1Баян — ел намысын ойлаған күрескер ме, әлде ашу-ыза құрбаны ма?
- 2Інісін өлтіруі — саналы, мақсатты әрекет пе, әлде қызғаныштан туған қадам ба?
- 3Ноян — ел намысын аяққа басқан сатқын ба, әлде албырт сезім мен махаббат құрбаны ма?
- 4Қалмақ қызы неге «сұм сұлу» аталған? Автордың оған көзқарасы қандай?
М. Әуезов әңгімелерін оқытуға бағыт-бағдар
(«Қорғансыздың күні», «Жетім» т.б.) шығармаларын талдауда мына сұрақтар өзекті:
- Жазушы «қорғансыз» деп кімді атайды? Олар неден қорғалуы керек?
- Қорғансыздар тағдыры қандай ойға жетелейді?
- Автордың қорғансыздарға көзқарасы қалай танылады?
III) Көркемдік өрнек пен автор стиліне талдау
Бұл бағыт көбіне үндес, ұқсас мәтіндерді салыстыру арқылы жүзеге асады. 11-сыныпта С. Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы мен М. Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанындағы Көкше келбетін қатар талдап, әр ақынның стильдік ерекшелігін ашуға болады.
Салыстырмалы талдау (оқушы жұмысының үлгісі)
Тағы бір оқушы І. Жансүгіровтің «Құлагер» дастанындағы суреттермен салыстырып, мынадай қорытынды ұсынады:
«Ақындар кейіптеу арқылы Көкшенің сұлу табиғатын жанды суреттейді: Көкшетау — кербез, кең далада бойын күткен (Ілиясша) бір ару. Меніңше, Мағжанның көкше аруы мұңдылау, қалың ой құшағында; ақын осы арқылы алдағы трагедияны сездіреді».
IV) Тақырыптас шығармаларды қатар талдау
10-сыныпта XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі әйел теңсіздігі мәселесін төмендегі шығармалар негізінде салыстыра талдауға болады:
- М. Дулатов — «Бақытсыз Жамал»
- М. Сералин — «Гүлһашима»
- С. Көбеев — «Қалың мал»
- С. Торайғыров — «Қамар сұлу»
Талқылау өзегі
«Бір мәселе, бір тақырып: бірнеше шешім — үйлесім мен қайшылық». Осы сұрақ төңірегінде талдау жүргізу арқылы оқушы автор идеясын, кейіпкер тағдырының әртүрлі шешімін және көркем шығарма табиғатын тереңірек түсінеді.
Ұқсастықтары
- Тақырыбы — қазақ әйелінің теңсіздігі.
- Реалистік бейнелеу, жастарды бостандық пен теңдікке үндеу.
- Бас кейіпкерлер білімді, көзі ашық, махаббат пен теңдікке ұмтылады.
- Оларға қолдау көрсететін жақындары/достары бар.
Айырмашылықтары
Әр шығармада авторлық шешім, кейіпкер мінезі, әлеуметтік орта және финал әрқилы. Айырмашылықтарды талдау оқушыны дәлелді салыстыруға және мәтіннің көркемдік логикасын тануға үйретеді.
V) Тарихи және көркем шындық негізінде талдау
Бұл бағытта мұғалім тарихтың шығармада тек реңк екенін, ал жазушының өмір шындығын кейіпкер бейнесін жасауға қалай пайдаланғанын ескергені дұрыс.
Ш. Құдайбердіұлы мен М. Абайұлының «Еңлік–Кебек» дастандарын, кейін М. Әуезовтің «Еңлік–Кебек» пьесасын оқытуда үш туындының да өзегіндегі махаббат трагедиясының әр дәуір шындығымен, ел ішіндегі әлеуметтік ахуалмен сабақтастығына назар аударылады.
Ізденіске жетелейтін сұрақтар
- 1Трагедиялық оқиғаның тууына қандай қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар себеп болды?
- 2Неге Шәкәрім «Ақтабан шұбырынды» оқиғасын астар ретінде қолданады?
- 3Ғашықтар трагедиясына кім немесе не кінәлі? Сен қалай бағалайсың?
Оқушы ой-толғанысы (үзінді)
«Шәкәрім ғашықтар қазасын бір руға, топқа немесе жеке адамға аудармайды. Қатігездік көптің тарапынан жасалған, сондықтан кінә жеке адамда емес, тұтас қоғамда. Кеңгірбай би де жастарға ара түсе алмай, заман мен жағдайға бас иген».
«“Ақтабан шұбырындыны” астар етудегі мақсаты — трагедияға себеп болған қоғамдық-әлеуметтік жағдайларды айқындау, оқиғаның өмірлік мәнін көрсету. Қараңғылық пен ескі салт-сана үстем тұрған заманда ғашықтар тағдырының қайғылы аяқталуы заңды деп ойлаймын».
Проблемалық талдаудың ұтымды жақтары
-
1
Ақиқатқа жету және проблеманы шешу үшін оқушы ізденеді, зерттейді.
-
2
Оқығанын ой елегінен өткізіп, зерделеп қабылдауға дағдыланады.
-
3
Мәтінге сүйеніп, өз ойы мен болжамын, көзқарасын ашық айтуға машықтанады.
-
4
Оқытудың жалғаспалылық пен жүйелілік қағидалары тоғысып, терең білім қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Әдебиеттер
- 1. Ақшолақов Т.Қ. Шығарманың көркем айшықтарын таныту. Алматы, 1994.
- 2. Ахметов Қ.К. Әдебиеттану әліппесі. Алматы, 2000.
- 3. Әбдіғазиев Б. Шәкәрім Құдайбердиев: творчестволық өмірбаяны (методикалық нұсқау). Алматы, 1989.
- 4. Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. Алматы, 1997.
- 5. Дәулетбекова Ж. Оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру. Алматы, 1997.
- 6. Хамзин М.Х. Қазақ романдарын қазіргі кезеңде оқыту мәселелері (оқу-әдістемелік құрал). Жезқазған, 1993.