Лепті сөйлем

Лепті сөйлем: анықтамасы және ерекшелігі

Айтушының түрлі көңіл күйін білдіру мақсатымен айтылған сөйлем лепті сөйлем деп аталады. Лепті сөйлем қуаныш, сүйсіну, көксеу, аяу, өкіну, шаттану, қорқу, зерігу, жирену, мысқыл, таңдану, ризалық білдіру сияқты алуан сезімдерді жеткізеді. Мұндай сөйлемнің айту әуені (интонациясы) көбіне асқақ, көтеріңкі болады.

Жазудағы белгісі

Жазуда лепті сөйлемнің соңына леп белгісі (!) қойылады.

Мысалдар

  • О да бір қызық дәуір екен-ау!
  • Шіркін, қайта айналып келер ме еді!
  • Япырмай, мына жерге ауыл орнап, дүкен құрылғаны жақсы болды-ау!

Лепті сөйлемге айналу мүмкіндігі

Мақсатына қарай айтылған кез келген хабарлы, сұраулы, бұйрықты сөйлем ерекше эмоциямен, көтеріңкі интонациямен айтылса, лепті сөйлемге айнала алады.

Хабарлы → лепті

Хабарлы
Мынау қой жепті ғой.
Лепті
Мынау қой жепті ғой!

Сұраулы → лепті

Сұраулы
Не күдігіңіз бар еді?
Лепті
Не күдігіңіз бар еді!
Сұраулы
Қандай айғақ таптыңыз?
Лепті
Қандай айғақ таптыңыз!

Бұйрықты → лепті

Бұйрықты
Телғара, күшіктің оянбағанын қарашы.
Лепті
Телғара, күшіктің оянбағанын қарашы!

Лепті сөйлемнің жасалу жолдары

Лепті сөйлем ерекше эмоциямен, сезіммен айтылады. Оның жасалуына көтеріңкі интонациямен бірге одағай сөздер мен демеуліктер жиі қатысады.

Мысал

Қап, әттеген-ай! — деп өкіндім мен, — аттың нашарлығын-ай.

Сұраулы-лепті сөйлем

Кейбір сөйлемдер әрі сұраулы, әрі лепті мәнде айтылады. Мұндайда сөйлем соңына сұрақ белгісі мен леп белгісі қатар қойылады: ?!

Мысал

Осы ма еді, осындай ма ең мені тосқан қу ажал?!

517-жаттығу

Мәтінді мәнерлеп оқығаннан кейін сұраулы, лепті және бұйрықты сөйлемдердің тиісті тыныс белгілерін қойып, көшіріп жазыңыз.

  1. — Ал мына бір сурет нені бейнелейді? — деп сұрадым. — Колхозымыздың жайлауы ғой!

  2. Коллектив қуанышының дәмін қаршадайынан татқан жас ұланның тәтті қылығы — тамашасын-ай, сен!

  3. Жеңінің ұшын қалай дейсіз, осылай бүріп келтірген қонымды ма? Өңіріне, етегіне, беліне дейін аударыңызшы. Келісе ме? Белбеуі тым жалпақтау емес пе?

  4. — Сіздер алмайтын болдыңыздар ма? Олай болса, маған рұқсат етіңіздер, — деді бір жас әйел.

    — Маған чек жазып беріңізші, — деді әйел үстіндегі пальтосын шешпестен, дүкеншіге барып.

    Дәл осы минутта ол не ойлады, нендей қиялға шомды? Оны мен біле алмадым. Мүмкін, ол әр отбасының қалаулы бұлбұлы болғысы келді ме екен? Әлде тіпті ән емес, өз бойында бар өнерден әсемдік іздеп, соның ләззатын татсам-ау деген сезімнің шырынын жұтып отырғанын да кім білсін!