Бабалардың ізі қалған, тұла бойы тарихқа толы туған жер
Ауылдың иісі — жусанның жұпары
Иә, ауылда жусан жұпарын жұтқанға не жетсін. Аршалы сай мен еңселі таулар жаныңа ләззат сыйлап, көзіңнің жауын алады. Бабалардың ізі қалған, тұла бойы тарихқа толы туған жердің әр қыры — бір әңгіме.
Күлтөбеде күбірлескен аталардың сөзі, ауыл шетінен сыңғырлай аққан өзеннің үні алақандай ауылымды тербеп тұрғандай. Бірін-бірі қуалай өскен тал-шыбықтың өзі көңіл қуантып, тамсандырады. Тал бесігім — ауылым, сенің арайлы ақ таңың да ерекше әсер береді.
Іштей тынған мұң, айтылмай жатқан сыр
Сенің қойныңда шағылмай жатқан мұң мен шертілмей жатқан сыр бар екенін сеземін. Кейде сол мұңды құлази шаққың келетінін де аңғарамын. Сенің кешкі салқының қиялыма қанат бітіріп, жан сарайымды ашқандай болады — бейне бір анамның құшағына еркелей енгендей.
Мұндай күйді менен өзге ауылдастарым да бастан кешіретін шығар. Ал түнгі тынысыңды айтып тауыса алмаспын: би алаңына жиналған жастардың сақ-сақ күлкісі, жарасымды әңгімесі — бәрін тек сен ғана тыңдап, қызықтап жатасың. Қос ғашықтың сыбырлай сөйлескен құпиясы да саған ғана аян, ауылым.
Табиғат сыйы және тарихтың ізі
Кеше ғана емес, кешегі шапқыншылықта найзасына қан қатырған бабалардың ерлігі де саған мәлім, туған жер. Жаратушы Алла саған табиғаттың тамашасын да аямаған: таңдай қақтыра тамсандырған көркің көптің қуанышына айналған.
Үштағаныңдағы табиғи үш оба үш бидің тақиясындай көрінеді. Тауыңда жортқан аң-құс та сенің көркіңе сүйсінгендей. Шынында, сендегі сұлулықты сөзбен сарқу мүмкін емес.
Ел ертеңі үшін үн қатқандар
Сенің ыстық құшағыңнан ел ертеңі үшін еңіреп, шындықты айтқан ақын-жазушылар да көп шықты. Сол асылдардың сұрқия саясаттың кесірінен атылып кетуі — тектіліктің тұрқы бөлек екенін танытқандай.
Көз тартар көркіңді көп көріп үлгердік пе, кім білсін. Қылықты қыздай бұрала өскен қайың-терегіңе балта шаптық. Өрілген өзен бойындағы талыңды отынға отап, опасыздық жасадық. Табиғат-анаға сүйкімсіздікті өз қолымызбен жасап жүргеніміз анық.
Мөлдір бұлақтың да көзін таспен көміп, қастандыққа бой алдырдық. Мұның бәрі сенің жан жараңа удай тиіп, ішіңді ашытты.
Адам түсінсе екен...
Бәлкім, төсіңде тай-құлындай ойнаған рухты ұлдарың мен қылықты қыздарың бір сәт ойланып, түсінер. Кейде, жас болсам да, сенің көркіңді көре алмайтындарға көлденең тұрып, тоқтау айтатын ақсақал жоқ па деп те қынжыламын.
Түсінем: сенің де жаның ауырады, сенің де сұлу болғың келеді, сенің де көпшілікке көркіңмен ұнағың келеді. Осы аңсарыңды адамдар түсінсе ғой. Әр адам өз туған жерін өзіндей көрсе ғой — бәлкім, сонда бәрі түзелер ме еді.
Балалықтың бал дәурені
Балалықтың бал дәурені әсте естен кете ме! Доп қуалап, талыңды ат қып мініп, бұрқыл шаңыңды бұлттарға ұластырған шағым әлі көз алдымда. Таңертең кетіп, түскі асқа соқпай, кешке бір-ақ келетінмін — сүрініп, құлап, бірақ шаттанып.
Міне, соның бәрі саған деген сүйіспеншіліктің айғағы. Қазір сыртқа бірер күн сапар шексем де, сенің далаңды сағынып, ауаңды жұтқым келіп, топырағыңды аңсаймын. Ауылым — алтын бесік, ақ босағам.
Егіннің теңізі, еңбектің дастаны
Сен туралы жаза берсең, шежірең таусылар емес. Сені мекен еткен адамдар соны шақта түрен тартты; тал қармап, тәуекел етіп жүріп, сенің еңсеңді биіктетті.
Баяғыда, бала күнімізде егін бітік шығатын. Дәнге толы басын көтере алмай иілген егіс таңғы самалмен баяу ырғалып, толқындай тербелетін — теңіз тәрізді. Алқапқа түскен комбайндар теңізде жүзген кеме секілді көрінетін.
Таңмен таласа тұрып, астық бастыруға асыққан жұрттың қарбаласы өз алдына бір дастан еді. Диқанның еселі еңбегі ерекше дәріптелетін. Таңды таңға ұрып, бел шешпей ел ырысын молайтқан майталман механизаторлардың маңдайынан моншақтап төгілген ащы тердің дәмін де алғаш сен таттың, туған жер.
Бүгінгі күй: қараусыз қалған еңбек ізі
Сол еңбекқор адамдардың іздері таңбадай боп басылған егінжайларды қазір қалың қау басқан. Өйткені ол жерлерге енді санда бар, санатта жоқ қожалықтар ие.
Бірінен соң бірі келетін науқандық жұмыстарға бұрын адам күші жетпей, сырттан көмек шақырылатын. Қазір бәрі басқаша: тепсе темір үзетін аптал азаматтар “жұмыс жоқ” деген сылтаумен бос жүреді. Бос жүргені аздай, арақ ішіп, ошағының күлін шашып жүр.
Кім дейсің бе? Кешегі сенің еңсеңді биіктетіп, ел ырысын молайтуға арқа еті — арша, борбай еті — борша болып еңбек еткен, ел аттарын құрметпен атаған азаматтардың ұрпақтары. Сол өкініш…
Абайдың ескертпесі — бүгінге аманат
Абай: “Адам баласының ең жаманы — талапсыз” дейді. Талап қылған адамға кәсіп көп.
Тағы да Абай: “Ырыс алды — тірлік” дейді. Бірақ ол тірлік — жан кеудеден шықпағандық қана емес. Ондай тірлік итте де бар. Еңбектен, қызметтен қашып, еріншектікке салынған адам — ырысқа дұшпан.
Көкірек пен көңіл тірі болса ғана адам сөз ұғады, ақыл табады. Адал еңбекпен ерінбей жүріп нәсіп табуға жігер қылады.
Туған жерге тіл қату
“Иә, ауыл, сенсіз менде тұщымды ой қызына ма? Ынтазармын тауыңа, құзыңа да. Ұлыңа да қараймын қызыға да, ғашықпын кербез сұлу қызыңа да.”
Туған жер, сенің болмысыңды, көркіңді, кереметтігіңді ауызбен айтып жеткізу қиын. Десе де, менің саған деген сүйіспеншілігім сарқылмайды. Сенің бізге деген құштарлығың да қалжырамасын.
Мен саған ғашықпын, туған жер. Сен де бізді жек көрмесең екен.