ИСАНЫ ТАНИ АЛДЫҚ ПА?

ИсанЫ тани алдық па?

Біз әдетте талантты адамды көрсек, «сегіз қырлы, бір сырлы» деп қоя саламыз. Оның өнерінің қандай қасиеттері бар екеніне үңілмей, әйтеуір мадақтың жөні осы секілді жаттанды сөзді оңды-солды қолдана береміз. Ал сөздің де сауабы мен обалы барын ескере бермейміз.

Исаға арналған ғылыми конференцияның бағдарламасы айқындалар тұста да сан түрлі ой-пікір айтылды. Әуелде «Иса Байзақов — ауызша және жазбаша әдебиеттің алтын көпірі» деген тақырып ұсынылды. Бірақ ой елегінен өткізсек, Исаның осы бір қырын ғана сөз ету аздық ететіні анықталды. Өйткені Иса — қазақ мәдениетіндегі айрықша құбылыс, қайталанбас дарын. Ел егемендік алған кезеңде мұны ерекше атап өту — тек парыз емес, ғылыми қажеттілік.

Қалыптасқан көзқарастан шығу

Ең алдымен қалыптасып қалған көзқарас шеңберінен шығуымыз керек. Кеңес дәуірінде Иса шығармашылығы жайында сөз қозғағандар оның өнерпаздығы, әсіресе ақындығы жазба әдебиеттің әсер-ықпалымен жетілді, сол арқылы жарқырай көрінді деген тұжырымға жиі тоқталатын. Кейін де осы пікірге ілескендер аз болған жоқ.

Еске түсірер екі пікір

Мұхтар Әуезов 1928 жылы: «Иса — сахна өнеріндегі таза қазақ тумасы. Исасы жоқ болған заман да, уақыт та үзіледі. Тағы бір Исаның келуін күтеді» — деп, театр өнерінің өсіп-жетілу жолдарына байланыстыра айтқан.

Есмағамбет Ысмайылов 1946 жылғы оқулығында: «Иса поэмаларын зор ақындық шабытпен, тамаша лирикалы толғаумен жазады. Сөздері қарапайым халықтық, сонымен бірге керемет сұлу; поэмаларындағы уақиғалар оқушының жан сезімін тербетерлік өте қызықты, әсерлі болып отырады», — деп жазған.

Осы ойларды жаңа қырынан жаңғырта отырып, Темірғали Нұртазин Иса бойындағы үш түрлі ерекшелікті тарата баяндаған. Ең алдымен — ол мәдениетті ақын. Өлең, сөз бойына сыймай тасқындап жүретін төкпе ақын Исаның маңайы үйірілген өлең еді. Исаның даналығы, терең ақылы, көрегендігі, алғырлығы, мінезі, байсалдылығы мен ұстамдылығы — бәрі де өлеңде және өлең жасау үстінде көрінетін.

Өлеңді төгілте жөнелткен сәттен бастап, Иса кемелдік күйге түсетін деген байқаулар, өкінішке қарай, кейінгі уақытта еленбей келеді. Бұл — Исаның қазақ мәдениетіндегі қайталанбас, тек өзіне ғана тән құбылыс екенін таныта түссе де, еуроцентристік түсініктің ықпалынан толық арыла алмай отырғанымызды аңғартады.

Еуроцентристік өлшем және өз табиғатымыз

Отаршылдық қамытын кигеннен бері «мәдениеті көмескі, театры болмаған, әдебиетінде драматургия, проза, сын жанрлары өркендемеген, тек поэзияға ғана сүйенген ел» деген түсінікке бой ұрдық. Соның салдарынан өз сөз өнеріміздің сыры мен құпиясын, ерекшелігін анықтауға салғырт қарап, талай қате пікірді малданып келдік. Мұндай ойға сүйенетіндер әлі де аз емес.

Әдебиеттің мақсаты — адам образын бар қасиетімен жасау: ең әуелі ақыл-санасымен, екінші — пенделік сезім-түйсігімен, содан кейін — қабілет-дарыны мен күш-қуатымен. Ендеше «бір ғана жанрда — поэзияда ғана дамыған әдебиет» деген тұжырымға неге қол қоюымыз керек?

Әр халықтың тұрмыс-тіршілігі шешуші фактор болса, қазақ халқының өркендеу жолының өзіне тән өзгешелігі бар екенін енді айғайлап тұрып айтуымыз керек. Және оған ғылыми дәлел келтіруіміз қажет. Еуропада ғана емес, бүкіл әлемде жасалған рухани байлықтан қазақ елі құралақан болмағанын әдеби тұрғыдан танытуымыз керек.

Сөз өнерінің негізі көркем образ жасау екені рас. Ендеше халық санасындағы Қорқытты, Асанды, Аяз биді; Алпамыс, Қобыланды, Қамбар, Тарғындарды; елді аузына қаратқан Қыз Жібек, Баян, Жамалдардың көркем бейнелерін еске алсақ, бұлардың бәрі эстетикалық талап-шарттың үдесінен шығады. Жыр мен өлең түрінде жасалғаны — айып емес, қайта артықшылық.

Қазақ табиғаты ұйқастырып, келістіріп, қиыстырып айтқанды айрықша қалап, бірден қағып алып жадында сақтайды. Қазіргі магнитофон мен диктофон секілді құралдарды бізге табиғаттың өзі сыйлағандай: көшпенді тұрмыс оны еріксіз таңған. Жаттап алуға, есте сақтауға өлең сөз өте ыңғайлы болғандықтан, халық қара сөзбен айтылмады, диалогпен берілмеді деп қам жемеген. Бұл міндетті ақындар айтысы атқарып, жыршы-жыраулар үстей түсіп, халықты рухани аштыққа ұшыратпаған.

Сондықтан қазақтың ұйқасы оп-оңай әнге айналып кетеді. Демек, эстетикалық талаптың бар шартына жауап береді деп түсініп, еуроцентристік өлшемді мансұқтап, өз табиғатымызға жақындауымыз керек.

Иса Байзақов: көпқырлы тұтастық

Иса Байзақов өнерпаздығын сөз ете бастағанда-ақ осындай көркемдік мәселелер өзінен өзі алдыңнан шығып, ғылыми ізденіске еріксіз жетелейді. Қалыптасқан қате көзқарасты қайта қарауда Иса шығармашылығы айрықша қолайлы.

Иса өнерпаздығына байыппен қарасақ, бір ақындығының өзінен сан тарау жол шығады. Ол — эпик те, лирик те; сонымен қатар суырыпсалма, төкпе ақын. Осы сипаттардың бойына ауызша да, жазбаша да поэзияның шарттары түгел сыйып тұр. Берілген тақырыптың сырын ашу барысында ауызша және жазбаша поэзия талаптары жымдасып, айрықша тұтастық пайда болады: тыңдаушысы көркемдік әлеміне еніп, айызы қанады.

  • Әншілігі мен сазгерлігі — шабытты үдетіп, бұрын естілмеген әуенге жол ашады.
  • Желдірмелері — ұзақ отырып ойланудан емес, көбіне шабыт үстінде туады.
  • Домбырашылығы — ән мен сөзді елге табиғи, еркін жеткізетін арна.
  • Актерлігі мен әртістігі — көргенді елең еткізетін, әсері басым өнер.

Бұған қоса, халық әндеріне жазбаша мәтін түсіруі, бір ғана Елубай Өмірзақовтың қырыққа жуық әніне сөз жазып беруі — ақындық әлемінен тараған өрісті бұтақтар, көз тартқан гүлдер. Құдай берген дарынын төгіп-шашпай, бойында сақтап, жетілдіруінің арқасында мәдениет тарихынан ойып тұрып орын алған Исаға қазақтың рухани әлемі айрықша қарыздар.

Көпшілік біле бермейтін бір қыр

Бұл үлкен мәселені ұзаққа созбай, Иса Байзақовтың көпшілік біле бермейтін бір қырына тоқталайын. «Құралай сұлу», «Қойшының ертегісі», «Ақбөпе», «Қырмызы — Жанай» поэмаларының бәрі де қазақ тарихында болған оқиғалардың аңызға айналған негізінде жазылған. Демек, Иса ел әдебиетінің үлгілерін көп білген, көп естіген, жадында сақтаған.

Білгенін білдірмей, сездірмей өткен ақын-жазушы аз емес. Ал Иса, керісінше, естігенін елге жеткізуге жомарттық жасаған: халық аузындағы дүниенің қағазға түспей жоғалып кетпеуі үшін ерекше қам жеген өнерпаз, патриот.

Мұрағаттан табылған құжат (1923)

Қазақстандағы архивтерді ақтарып жүріп, Орталық партия комитеті жанындағы Партия тарихы институтының мұрағатынан 1945 жылы қалың құжатқа кезіктім. Онда 1923 жылы жазылған өтініш сақталыпты:

«Қазақстанның ғылым ордасының төрағасы Жолдыбаевқа Иса Байзақұлы Алтайскийден өтініш. Мен қазақ ағарту институтында оқып, енді жазға елге қайтқалы отырмын. Халық әдебиетін бірер жыл жинадым. Өзім соның құлы — ақын болғандықтан, мен екі есе жинауым керек. Құр әркімге бос сөз қылып тапсырғанмен, халық әдебиеті жиналмайды. Шөре-шөремен кете береді. Сондықтан мен сізден сұраймын: қалыптыдай халық әдебиетін жинауыма маған сенім қағаз беріңіз, егер мүмкін болса қағаз, қарындаш яки ақша болса да (қарындаш, қағаз үшін) ескерсеңіз. Семей губерниясынан жинаймын, егер орындамасам, халық алдында ұяттымын. Менің жеткізіп айта алмағанымды өзіңіз ұғарсыз. Иса Байзақұлы Алтайский. 10.05.1923».

Сол күні-ақ Қазақстан оқу-ағарту комиссариаты жанындағы академиялық орталықтың төрағасы Молдағали Жолдыбаев: «Выдать тов. Байзакову Исе, как научному сотруднику Акцентра, мандат на предмет собирания и систематического представления в Акцентр материалов киргизской устной словестности сроком до 1 октября 1923 года» — деп қол қойыпты.

Қамқорлықты сезінген Исекең екінші өтінішін де жазған:

«Қазақстанның аймақтық халық ағарту бөліміндегі білім бөлімінің төрағасына Семейден келген ақын Байзақұлынан өтініш. Мені қызметіңізге жарар десеңіз, ағарту бөлімінде белгілі жауапты қызметші болатын есепте көріп, халық арасынан ауыз әдебиетін жиып һәм басқа да қолдан келген істі орындап келуіме маған Семей губерниясына командировка беруіңізді сұраймын. Бүгіннен орындалса екен, егер қабыл етілсе. Иса Байзақұлы. 22.05.1923».

Осы құжаттар Иса Орынбордағы қазақ қызметкерлерімен, әсіресе оқу-ағарту саласындағы азаматтармен аралас-құралас жүргенін аңғартады. Мұны оның 1922 жылдың күзінен бастап қазақ ағарту институтында бірге оқыған Қазақстанның халық әртістері Қапан Бадыров пен Елубай Өмірзақовтың естеліктері де нақтылай түседі.

Таныс-білістің жөні бөлек. Жаны жайсаң, әсіресе Сәкенді айрықша қадірлеген Молдекеңнің «Выдавать подотчетный аванс в сумме 500 рублей как командированному Акцентром в Семипалатинскому губернию Исе Байзакову» деп қол қоюынан да көп нәрсе аңғарылады. Мұнда Сәкеннің септігі болды ма — ол жағы бөлек әңгіме. Өйткені 1923 жылы 2 наурызда «Сейфуллину. Акцентр НКП... просит Вас пожаловать на заседание киргизского научно-литературного совета...» деген мазмұндағы ресми шақыру да болған.