Майлықожа Сұлтанқожаұлы туралы
Майлықожа Сұлтанқожаұлы — ХІХ ғасырдың екінші жартысында күнгей Қазақстанда өмір сүрген көрнекті ақындардың бірі. Оның өнегелі сөздерін халық өз қазынасындай көріп, асыл мұра ретінде сақтап, ауыздан ауызға көшіріп, атадан балаға жеткізіп келеді.
Ақын жырларының жол саны жүздеп емес, мыңдап саналады. Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми кітапханасы қолжазбалар қорында сақталған мол материалдар осы пікірді толық дәлелдейді.
Туған жері мен әке туралы деректер
Майлықожа 1835 жылы Сырдария өзенінің бойында, қазіргі Шымкент облысы Қызылқұм ауданына қарасты «Қожатоғай» өңірінде (кейін қаракөл қой совхозы орналасқан жерде) дүниеге келген.
Ақынның әкесі Сұлтанқожа Атақожаұлы — орта дәулетті, өжет мінезді, тура сөзді адам болған деседі. Оның кейбір тосын қылықтары туралы аңыз-әңгімелер ел ішінде күні бүгінге дейін сақталған.
Ел аузындағы бір оқиға
Сәске түсте шағын қараша үйдің алдынан өтіп бара жатқан Сұлтанқожа үй табалдырығынан сыртқа шығып жатқан біреудің аяғын байқайды. Сол сәтте аяқтан тартып сыртқа сүйреп шығарса — еңсесі түскен, селсоқ жігіт екен. Жасын сұрағанда әлгі жігіт: «Жиырма бестемін», — деп жауап береді. Сонда Сұлтанқожа: «Саған қор болған қайран жиырма бес», — деп қамшымен осып жібереді. Ел ішінде бұл оқиға жалқаулық пен қырсыздыққа берілген қатал сабақ ретінде айтылады.
Осындай мінез-құлықтарының салдарынан болар, ел-жұрт оның есімін өзгертіп атап кеткен. Қазақ тілінде архаизмге айналып бара жатқан «шата» (тентек, шатақ) деген сөзден шығарып, әуелі «Шатан», кейін «Шотан» деп атап жіберген. Сондықтан қолжазба қорларындағы материалдардың көбінде Майлықожаның әкесінің аты «Шотан» болып көрсетіледі.
Мұны қуаттайтын тағы бір дәйек бар. Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін ұқыпты жинаушы Әбубәкір Диваевтың мәліметіне қарағанда, Қазан төңкерісіне дейін Мәскеуде жарық көрген «Этнографическое обозрение» журналының 1907 жылғы 3-санында «Өлең — қырғыздың махаббат жыры» деген тақырыпшамен Майлықожа өлеңі жарияланған. Мақала соңында: «Шымкент уезі, Арыс болысының қырғызы (қазағы) Майлықожа Сұлтанқожин жазып берген қолжазбадан аударылды» деген ескертпе берілген.
Жетімдіктің жүгі және алғашқы жырлар
Майлықожа әкесінен ерте айырылады. Сүйенер-сенері аз қалған анасы он төрт жасар Майлықожаны және одан да кіші Есехан атты баласын ертіп төркініне, әкесі Исаның қолына келеді. Алайда көп ұзамай нағашы атасы да қайтыс болады.
Нағашы жұртындағы тұрмыстың ауырлығы ақынның ерте өлеңдеріндегі зарлы үннен аңғарылады:
Әуелінде ата кетті,
Онан кейін бота кетті,
Барша істер қата кетті,
Бір Алла, тағдыр өзіңнен.Екіншіде ана кетті,
Бұзау, баспақ, тана кетті,
Ту сиырым және кетті,
Бір Алла, тағдыр өзіңнен.Құрыды ма сорым, құлқыным,
Көп тарттым зарын жылқының.
Енді саған бермеспін,
Бұл байталдың бір қылын.
Кедейлік, кәсіп және өлеңмен күн көру
Жоқшылықтан көзі ашылмаған Майлықожа ағайын-жұрағаттың жәрдемімен Әбдірахман деген кісінің қызы Еркеайымға үйленеді де, туған жері — Сырдария бойына қайта көшеді. Бұл жақта да диқаншылықпен бірге өлең-жыр айту дағдысын тастамайды.
Ауыл ішіндегі ақындық қызметі
- Жастарға арнап махаббат өлеңдері мен сәлем хаттар шығарып береді.
- Қазаға ұшыраған үйлерге жоқтау өлең шығарып, жұрттың мұңын сөзге қосады.
- Күнкөріс қамы ретінде өлеңді кәсіпке айналдыру кейін де, үлкен жиын-тойларда жиі алдынан шығып отырады.
Әзіл-айтыс үстінде шешендігі мен алғыр ақындығы арқылы абырой-атаққа ие болған нағашысы Мәделіқожа сөз бәсекесіне түскенде, жиені Майлықожаның осы тұрмыс жақтарын бетке ұстап, айтып барып жеңіске жетіп жүргені айтылады. Бұған Мәделіқожаның айтыс үстінде айтқан мына сөздері дәлел ретінде келтіріледі:
Ақын Майлы, сен неғып бойлап жүрсің,
Қолға алып домбыраңды ойлап жүрсің.
Байы өлген қатындармен жоқтау жоқтап,
Сен-дағы өз пайдаңды ойлап жүрсің.Атыңды қамшылайсың желсе екен деп,
Дүниені шақырасың келсе екен деп.
Мысықтай, ақын Майлы, тілеуің бар —
Тілейсің малды адамды өлсе екен деп.Жоқтайсың неге жоқтау, басың аман,
Көре алмас жорғаңды аты шабан.
Жоқтауды мен сен құрлы білмес пе едім,
Нәпсіміз сенен гөрі болса жаман?
«Қай кісі едім?» өлеңінің шығу тарихы
Жоқшылықтың жәбір-жапасын ақын жиі айтып, назаланып отырады. Қанша тырбанса да, кедейлік ноқтасын сыпырып тастай алмағанын ол Қасымбек атты болыстың бәйбішесіне арналған қысқа өлеңінде анық көрсетеді. «Қай кісі едім?» деген өлеңнің туу тарихы былай айтылады:
Сиқым руынан сайланған Қасымбек болыстың үйіне қона жатып, Майлықожа үш күн бойы өлең айтқан екен. Мінген атының ер-тоқымы жұпыны: ыңыршақ ер, шоқпыт-шоқпыт тоқым. Аттанар сәтте болыстың бәйбішесі ақынның тартпасы мен желдігін жасырып қояды. Ақын үй ішін түрткілеп іздеп жүргенде бәйбіше: «Тілің кесілгір қожа, үндемей іздей бергенше, бірдеңе жоғалса айтсаңшы», — дейді. Ақын: «Бір тартпа мен желдік бар секілді еді, сол табылмай тұр», — деп жауап береді.
Сонда бәйбіше: «Жоғалсын, қожам, жоғалсын. Сені күтеміз деп үш күннен бері шашымыз сыпырғы, қолымыз көсеу болды. Бізді де бір ауыз өлеңге қоспадың. Ылғи Қасымбектің алдында қақсадың да отырдың», — деп өкпесін айтады. Ақын осы жағдайдың үстінде:
Қазақта озған бұл жұрттың Майлысы едім,
Бір өлеңім болмаса, қай кісі едім?
Бес-алты ауыз өлеңді айтып беріп,
Көңілін қош қылайын бәйбішенің.Жоғалмаса құрысын тартпа, желдік,
Бұрын қайбір ер-тоқымым сай кісі едім?
«Сорымен айтысу» — тұрмыстың сыншыл шындығы
Майлықожаның өмірін баяндағанда «Сорымен айтысу» өлеңін аттап өту қиын. Бұл шығарма ақын тұрмысының сан қырын сыншыл көңілмен, шыншыл тілмен пайымдайды. Бақыты ашылмай, сор соңынан қалмаған ақын уытты ызамен мұңын төгеді:
Апыр-ай, сорым, шының бай-ай,
Шыныңмен айтшы сырыңды-ай.
Кежегемнен тартқылап,
Кедей ғып қақтың шырымды-ай.
Ақын сорын ертелі-кеш «жыртық үйден шықпайтын» бір бәле ретінде суреттеп, соны «көңілімді аулаймын» деп жүріп бар мал-мүлкінен, тіпті киім-кешегінен айырылғанын, бай-манаптардың күлкі-мазағына қалғанын ащы мысқылмен алға тартады. Ол сорын былай кінәлайды:
Қылқиып үйден шықпайсың,
Баласындай түлкінің.
Басқа үйге бас сұқпайсың,
Белгісі бардай сыртыңның.
Бір қызығы, ақын өз «сорын» сол дәуірдегі күш-құдірет иелері саналған, елдің еңсесін көтертпей езіп-жаншыған шынжыр балақ, шұбартөстерге теңеп көрсетеді. «Үлкендігі сорымның Асқар менен Қанайдан» деуі — Қоқан бектері мен мырзаларына, одан әрі орыс ұлықтарына сүйеніп, қара қазаққа теңдік бермеген дала жебірлерін меңзегені ретінде түсіндіріледі.
Шарасыздық пен кейістік сарындары
Алға ісім баспайды,
Кері кетіп кейіндеп,
Менің сорым таң асып
Күніге тұрар терін жеп.
Жолдас болып жақында,
Бір пәле болды басыма.
Ақ үйге соқпай келесің,
Сені құдай алсын да.
Ақын бір тұста: «Жүрер жол, барар жерің бұл емес: ішсе — тамағына, кисе — киіміне жетпейтін жарлы-жақыбайды жағалағанды қой; ақ үйлер мен ақтылы қойдың иелерін торуылда», — деп, сорына «ақыл» айтқандай болады. Қолындағы мал дегендегі жалғыз тайына тимеуді өтінеді. Бірақ өлең түйіні керісінше шығады: қалың сор — қас кедейдің ғана сыбағасы.
Атымтайдай мырза едің,
Шығайбайдай қатайдың,
Қарамағын бетіне,
Әлі де болса бір тайдың.Тамырлықпен беріп ең
Тайлағың мен танаңды,
Бұрыннан-ақ кедей ең,
Жаппағын маған жалаңды.Есігінде қоймаспын,
Итіңнен басқа қаранды.
Өміріндегі елеулі кездесу
Кедейліктің кейістігі жанын жегідей жеген ақын көп қиыншылықтан кейін шаруа жайын біршама түзеп алғандай болады. Дәл осы кезеңде оның өмірінде елеулі оқиғалардың бірі кездеседі: Қараспан маңын жайлаған ел ішінде Сұлтан деген төренің атағы шыққан Ханапа атты қызына жолығады.