Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар
Тапсырмалар жинағы: сөзжасам және туынды сөз
Төмендегі жаттығулар мәтін ішінен туынды сөздерді тануға, олардың негіз сөзбен мағыналық байланысын түсіндіруге, сондай-ақ туынды сөздерді сөзжасамдық тип және сөзжасамдық мағына бойынша топтастыруға бағытталған.
1-жаттығу
Талдау: туынды сөз + негіз сөзМәтіннен туынды сөздерді теріп жазыңыздар. Туынды сөз бен негіз сөздің мағыналық байланысын түсіндіріңіздер.
Өнер өзінің даму сатысында мифтік идеяларға, діни ықпалдарға да түсті. Бері келе ғана ол қоғамдық, әлеуметтік проблемаларды көтере алатын биік дәрежеге жетті. (Р.Н.)
Ал иманы берік адам ешбір қиянатқа, жамандыққа, жауыздыққа бармайды, сайтанның желігіне елікпейді, ала жіп аттамайды. Адамдықты арсыз, арбау дүниеден ажыратып алар тек осы иман. (Қазақ әдебиеті)
Азулы ер, айшылық жол өлеңім бар, қаларсың түстік жерде сіңірің қатып. (Ә. Найман)
Екі батырды тұтқындап, өзінің баласы Біршымбайды Алшағырға жұмсап, «Қыпшақ елін шауып ал» деген жерден бастап, Көбік озбырлыққа көшеді де, оның қайшылығы туады. (Ә.Қ.)
Жарлы емеспін, зарлымын. Оны да ойла толғанып. Жұртым деуге арлымын, өзге жұрттан ұялып. (Абай)
Аяғында жіппен, көк қайыспен шандып алған бұзаубас етік, үстінде қазақы күпі, басында құлағы салбыраған қара құлақшын. (Ғ.М.)
Бұзушы да, түзеуші де өзіммін. Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе! (М.Ж.)
Қайырымдылықты, мешіт құрылыстарын қаржыландыруды, түрлі сектанттық әдебиеттерді таратуды желеу етіп, ортамызға енер діни ұғымдар, әсіресе, Таяу Шығыстан көптеп табылып жүр. (Жас қазақ)
Төргі үйдегі әкесінің сыбыры тоң жермен жүрген аттың дүбіріндей естіліп жатыр. (Ж.А.)
2-жаттығу
Топтастыру: сөзжасамдық типМәтіндегі туынды сөздерді сөзжасамдық тип бойынша топтап жазыңыздар. Олардың жасалу жолын және мағынасын түсіндіріңіздер.
I-мәтін
Жиналыс ондайларға көңіл аударған жоқ. Ерінен айырылған қайғылы әйел жүзінде бір сәтте жымию пайда болған ғой, ғасырлар бойы жұрт соның себебін іздейді екен. Суреттен көзін аудармай қадалған Еркебұлан суретшілік, ақындық өнерінің бір биік тұрғысынан қарап отырып еді. Адам баласының әр күні, әр сағаты бір қалыптан құйылып шықпайды. Әр күні ылғи қуаныш немесе ылғи қайғы-мұң емес. Соған орай адамның мінез сипаты да өзгеріп отырады. Адам бейнесін жасаудың бір кілті осыған байланысты екен. Сурет өнерінен, ән мен күйден хабары бар ойлы ақын сол айтыстардан өзі үшін үлкен бір байлам, үлкен бір арман алып кетіп еді. Күйініші басылмаған мұңды әйелдің жүзіндегі аз жымию суретші үшін де, ақын үшін де ең өзекті мәселе екен. Мұң мен жымию сияқты екі сезімнің бірігіп тұрған бейнесі. Ұлы суретші соны ұстап қалған. Қайғылы әйел бір сәтке ғана, бір сәтте ғана неден жымиды? Қалың қайғыны жарып өтіп, жүрегіне түсе қалған жарық елесі қайдан келді? Белгілі жай: ауыр қайғыны айқайлап келген күш те, шақырая түскен жарық та бұзып-жарып өте алмайды. Нәзік күш, жарық елесі ғана жарып өтеді. Жан жүрекке сол елес сызықтай ғана жол салады. Қайғы жеңіліп, адам өмірге оралады. Данышпан суретші мұңды әйелдің жүрегіне сол сәулені түсірген... Жеңіл ғана желпіп қалған... Ақынның алып кеткен арманы да осы еді. (Ғ.М.)
II-мәтін
Біздің жақта бір жайсаң қарт болатын. Қарт болатын, өлшеусіз мәрт болатын. Ұрттам шайды қонақсыз іше алмайтын, аттам жерге сенімсіз ұша алмайтын. Кенделіктің азабын тартса дағы, пенделіктің жібіне тұсалмайтын. Соқса да алдан ызғырық самал қатты, қарттың көңіл қамалын ала алмапты. Жалғыз ұлы болыпты медеу еткен, бірақ ол да соғыстан оралмапты. Шарпыса да жылдардың өрті кілең, мұндай қарттар өмірдің көркі білем. Тұрып жатты өзінен дарқандығы кем түспейтін ақ жарқын кемпірімен. Тасқын күші тағаты желкелеген, жеңісіне жел күліп еркелеген. Ауылымызды қақ жарып, Қасқасудың ерке өзені жүйткіп ағатын, ентелеген. (М.Ш.)
3-жаттығу
Құрастыру: сөзжасамдық тізбекТөмендегі сөздерден сөзжасамдық тізбек құраңыздар.
- бас
- бақыт
- аш
- көр
- сана
- үй
- біл
- ек
- тік
- сапар
- сыр
- бір
- сат
- кес
- би
- ой
- он
- арман
- қарқ
- қиын
- тер
- тең
4-жаттығу
Топтастыру: сөзжасамдық мағынаМәтіндегі туынды сөздерді сөзжасамдық мағыналары бойынша топтастырып жазыңыздар. Олардың мағыналарын ашып, түсіндіріңіздер.
а) Мәтін
Әкем өз маңындағы елдің ұрлығын қымтап, зорлығына болысып, дауын даулап, жесірін жоқтап, шығынын реттеп, бірді бірге соғып жатады. Атқа мініп кетеді; үйде болса келген кісілермен оңашаланып, сыбырласып жатады. Сөйтпесе, ел билей алмайды-ау деп ойлаймын. Бірақ оған артық араласпаймын. Ағаммен екеуі тұрғанда, маған сөз не керек: өз ермегім өзімде. (Ж.А.)
Қызыл көз, қасқыр жүз, қабылан азу қара түнді Алтай аңғарынан үркітіп, қорғасын аспанға алтын айдай Күнікей сұлуды өрмелетіп, күншығыс ұжымағы қызыл қақпасын ашқанда, Ақбілек артына алақ-алақ етіп жолға шықты. Белінде — түндіктің бауы, етегі-ышқырында, қолында — түндегі сойылша. Аспанның күн жақ туырлығы ақшыл тартып, тау бастары алтын жалатқандай күлімдеп келеді. Өлкеден ұшқан бозторғай тау ағынының деңгейінде қанаттарын қалшылдатып, Күнікей сұлуды мадақтап, тау-тастан беташар сұрады. Бозторғай-ау, көрімдікті Ақбілектен сұрасаңшы. (Ж.А.)
ә) Мәтін
Еркебұлан шынжырларын қатты күңгірлетіп, терезенің темір торын жұлқылай бастады. Төрт қырлы сом темір былқ еткен жоқ. Бөлме толы тұтқындар «немене, немене?» десіп, бәрі де темір бұғауларын шалдыр-шұлдыр еткізіп, терезеге ұмтылды. Ол екі арада көзге ілігер алаңнан жас қыз өтіп те кетіп еді. Кең құлашты, серпінді ақын бостандық тақырыбын мың түрлі сырға бояп, мың түрлі бейне арқылы беруді ойланады. Енді бірде ақын ойы тағы да Монна Лизаға ауысып кетеді. Тереңдей берсең, бір мінезді, ылғи бір қалыпты адам болмақ емес. Леонардо да Винчи жалғыз ғана сол суретімен ақынға көп нәрсе айтып кеткен екен. Қорқыныш пен ерлік, мұң мен қуаныш қосақтасып, бір бейнеге сыйып тұрса, ақын үшін бұл үлкен бақыт қой! (Ғ.М.)
б) Мәтін
Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар! Сонымен бірге саналы болыңдар! Ең алдымен еңбекқор болыңдар! Еңбекқор адам — ең ардақты адам. Дүниедегі ең сұлу әйел — еңбекқор әйел. Еңбекқор әйел ерге сүйікті, елге сүйкімді, отбасына сыйлы. Ал қазіргі ең қымбат қыз — еңбекқор қыз. Өңді қыз өтімді болғанымен, түптің түбінде есті, еңбекқор қыз ғана жақсы жігітті өкіндірмейтін ең асыл жар, жан серік дос бола алады.
Қыздар! Ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ болмаңдар, ұрысқақ болмаңдар! Инабатты болыңдар, ілтипатты болыңдар, ұйымшыл болып өсіңдер! Өзара тату емес жандар өзге жұртты жақсы көре алмайды. Оның бер жағында өзгелермен сыйыса, сыйласа білмеген, жанындағы жолдастарымен ортақ тіл таба алмаған адам қызметті де жарытып атқара алмайды.
Көрсеқызар болмаңдар! Қол жетпеске тыраштанбаңдар! Құр сәнқойлықтан сақтаныңдар! Сәнқой болғаннан шаруақор болған әлдеқайда артық екенін ойлаңдар. Сананы сәнге емес, сәнді санаға бағындырыңдар! Саңлаусыз адамның сәнқұмар келетінін есте ұстаңдар! (Ә.Н.)
5-жаттығу
Құрастыру: сөзжасамдық ұяТөменде берілген сөздерден сөзжасамдық ұя құрастырыңыздар.
- көк
- жаз
- қон
- қамшы
- біл
- салқын
- қара
- жал
- көрік
- тап
- сый
- оқы
- норма
- көр
- орын
- бас
Жұмыс нәтижесін ұсыну үлгісі
Туынды сөз
еңбекқор
Негіз сөз + мағына
еңбек — жұмыс, қызмет; -қор — іске бейім, ынталы адам мағынасын үстейді.
Осы үлгіні сақтай отырып, мәтіндерден табылған туынды сөздердің барлығын жүйелеңіздер.