Марат Отарәлиев

Ақын Марат Отарәлиев — жайсаң жан еді. Онымен шүйіркелесіп сөйлесу, әңгіме-дүкен құру өзінше бір ғанибет болатын. Асықтай ғана қатпа қара жігіттің бойында бір түсініксіз тартылыс күші бар-тын: адам баласына тым үйірсек, өте бауырмал. Екінің бірінің көзіне жылы ұшырайды; ешкімді бөтенсіреп, шет қақпайды. Біз сияқты сәл кірпияз, кінәмшіл мінез оған мүлде жат еді — аңқау, адал, ақжелең. Көлденең біреумен сөйлессе де ағынан жарылып тұратын. Қаңқу сөзге жоламайтын.

Өлең табиғатын ерте меңгерген талап

ҚазГУ-дің студенті кезіміз. Марат, әсіресе, өлең табиғатын жеп-жетік меңгерген еді. Жаңа бастап жүрген талапкерден гөрі тәжірибесі мол болатын. Абайдан Қасымға дейінгі жырларды бала күнінен жаттап өскен жан.

Алпысыншы жылдардың басында өлең әлемінде құйрықты жұлдыздай жарқыраған Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Өтежан Нұрғалиев, Жұмекен Нәжімеденов секілді ақындармен үзеңгі қағыстырып, қоян-қолтық жүру Маратқа да бұйырған. Ол да оразасын өлеңмен ашты, көңіл кірбіңін де өлеңмен жазды.

Ерекше қыры

Мараттың бір қасиеті — онша көп күй талғамайтын. Бірқақпай өлеңдерінің талайын қолма-қол суырып салып немесе соңғы партаға отыра қалып жаза салатын. Бірақ ол «ойдан көшіргендей» әсер қалдырмайтын: ішкі ырғағы табиғи, тынысы еркін еді.

Бір лекциядағы оқиға: әзілден — ойға

Бірде кезекті лекция кідірді. Шетел әдебиеті. Дәріс беретін ұстазымыз Ф.Г. Фролова — аяғын әрең басатын, мәужіреген кісі. Зейнетке шығып, тынықса да болар еді. Бірақ шетел классиктері туралы онан көп білетін зиялы, зерделі ұстаз да кем. Сондықтан апайымыз әзірге жұрт қатарында сабақ беріп жүрді.

«Фролова апайдың сабағын “сұрап” алғанмын. Енді менің лекцияма құлақ түресіздер, өңшең көгенкөздер мен күлімкөздер!»

— деп, еш жымимастан, бөтен сыр бермей, Марат ортаға шықты.

Омар Һаямға еліктеген рубаят

Буфет көшіп келеді көшеменен,
Осындайда көңілде еседі өлең.
Егер арақ өзен боп ағып жатса,
Масайғанша балық боп іше берем!

Мұнысы Шығыс жұлдыздарының темірқазығы іспетті Омар Һаямға еліктеп шығарғаны еді. Иә, Мараттың кей рубаяттарында ішімдік туралы «рухани қасиет» тәрізді астарлы әуенмен мадақ та сезілетін.

Қарсылық

Осы тұста бөлімшеміздің старостасы — жамбылдық жардай қыз Жәмила Мәсімханова алдыңғы орындықтан атып тұрды:

«Әй, Марат, маған сенің маскүнемдікті уағыздаған өлеңдерің бес тиынға да қажет емес. Ертең біреу арақ ішіп кетсе, обалы саған. Біз бәріміз әдебиетшіміз, болашақ тіл маманымыз. Фролованың орнына көңілімізді аулағың келсе, дені дұрыс, ойлы өлең оқы».

Туған жер туралы жыр

Қызықсам гүлге көктемде,
Сағыныш болар билеген.
Қиялға жүйрік жеткен бе,
Көңілде толы күй деген?!

Шомылсам мөлдір бұлаққа,
Жанымда ыстық махаббат.
Жүрсем де аулақ-жырақта,
Әкеттім соны арқалап.

Әкетсін мейлі қай бағыт,
Кеттің деп алыс ұрыспа.
Келермін сансыз айналып,
Туған жер, мені ұмытпа.

Қағады діріл көл беті,
Сәулесін төксе ай нұры.
Туған жер, әсем келбетің,
Қызықпай қалдым қай күні.

Ертемен тұрып жөнелсем,
Сейілер селдір тұманың.
Қымбатсың маған өз өлкем,
Қанады қашан құмарым.

Қанады қашан құмарым,
Жеткізбес түбі сырыңның,
Мен де бір жанған шырағың,
Мен де бір тентек құлының.

Аудитория ду қол соқты.

Сауықтың өтініші және жол жыры

Бір сәтте тым нәзік, талдырмаш сары қыз орнынан ептеп тұрды. Бұл — Қазақ радиосының болашақ дикторы Сауық Жақанова. Оның сыңғыр қаққан әуезді үнін алғаш сол жерде естідік:

«Ағатай, айып көрмесеңіз, тағы бір өлеңіңізге “құда түсейік” деп едік. Жігітті жұрт мақтаған, қыз жақтаған...»

Мараттың өкшесі тағы көтерілді. Қос жанары жалындап, от шашады.

Жаңаөзеннен шыққан күні екеуміз,
Гурьев жаққа текке асыққан екенбіз.
Шығаруға келе алмады бойжеткен,
Артымыздан қол бұлғады бөтен қыз.

Келіскен ек, шығамыз деп жолға біз,
Ол келмеді, шын мұңайдық сонда біз.
Бойжеткеннен… мұнараның жанында
Сен түсірген бір сурет бар — олжамыз.

Ол келмеді, көп қарадық жол маңын,
Түсінбедік мұның қалай болғанын.
Қия алмадық Жаңаөзенді сол сәтте,
Қия алмадық мұнаралар орманын.

…Беу, бойжеткен, жүректерді жаз еткен,
Ұмытылады саған деген наз-өкпем.
Сол күні сен өндіріпсің мол мұнай —
Оны кейін оқыдық біз газеттен.

«Дат, тақсыр, дат!» — Естеу ағаның өтініші

«О, пәлі!» — «Жарайсың, Марат досым!» деген дауыстар сап ете қалды. Сол сәтте ешкім күтпеген жерден Естеу ағамыз орнынан атып тұрды. Бөлімдегі ең жасамыс, «қарт» студент — өзі Қытайдан. Кезінде «Шұғыла» атты әдеби журналдың бас редакторы болған; Бұқара Тышқанбаев, Оразақын Асқар, Қабдеш Жұмаділов, Марфуға Айтқожина секілді қаламгерлермен терезесі тең сөйлесетін кісі.

«Дат, тақсыр, дат!»

Естеу ағаның өтінішімен Марат қайта көсілді.

Кеудеңде тоғай сөйлеп, бұлақ ағып,
Жылжыды қанша ғасыр, жыл ағарып.
Жасыл жер, тыңда, бүгін жыр оқиды,
Төсіңде бір ерке ұлың тұра қалып.

Қанатын қағып беріп сан үміттің,
Кеудеңе сіңіп жатыр ағылып күн.
Жасыл жер, жеттің бізге әжімденіп,
Алысып мың бетімен қарт тарихтың.

Сол әжім — мұң түнеген, нұр түнеген,
Жарасып жатыр дәуір ғұрпыменен.
Бар әлі асқар тауың, ала бұлтың,
Бар әлі тентек өзен күркіреген.

Шулаған сол күйіңде көк ормандар,
Төсіңде жүзіп жүрген мол арман бар.
Бәрі бар, мүмкін, сұлу бұрынғыдан,
Жоқ жалғыз — сенен мәңгі жоғалғандар.

Жоқ олар! Топыраққа тұншығыпты үн,
Қайтадан жанған шығар бір суық күн.
Біз бармыз сынғаны үшін бір шыбықтың
Алдында жауап берер тіршіліктің!

Шығармашылық «есеп» және студенттік аңыздар

Осы дәстүр кейін де жалғасты: Марат айына, аптасына бір-екі мәрте шығармашылық «есеп» беріп, өлең сүйген қауымды тәнті ететін. Арқалы ақынның шалқар шабытына біз де шаттанып, делебеміз қозатын. Соншалықты баурап, еліктіріп, жан дүниеңді тербеп әкететінін қайтерсің — «нағыз ақын» деген атау Марат Отарәлиевке дәл келетін.

Маратты аудиториядан көп көрмейміз; жатақханадан да сирек кездестіреміз. Көбіне жүретін жері — Жазушылар одағы, «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінің редакциялары. Баспаларды да жиі аралап, үлкен ақындармен етене араласып жүретін. Ізтай, Сағи, Мұқағали, Төлеген, Өтежан секілділердің соңынан ерген ізбасар еді десем, дөп келеді.

Студенттік қауесет

Студенттер арасында көп тараған аңыздың бірі — тарихшы ұстаз Қарағұсов жайында. Марат екеуі бірде мейрамханада кездесіп қалыпты-мыс. Ұстаз да, шәкірт те бурыл. Беттен сүйісіп, әлсін-әлсін төс соғыстырады екен.

«Осы сені айтулы ақын дейді. Рас болса, осы бойда мен жайлы қолма-қол суырып айтшы, бауырым!» — деп, ұстаз қолқа салған деседі.

Ұстаз орнығына жайғассын, ал шәкірт тұрып сөйлеуі шарт. Сонда Марат түрегеп тұрып:

О, менің ескі досым Қарағұсов,
Отырмыз бүгін, міне, арақ ішіп.
Сен болсаң арақтағы кәрі тарлан,
Мен сенің соңына ерген бала күшік, —

деп, алдындағы арақты бір-ақ сіміріп салады-мыс. Анау да мәз-мейрам болып, қайта құшақтасады екен.

Сол «өлең» Алматыны әп-сәтте аралап, ақбас Алатауға қарай самғайды. Ақ үйдегілерге де естіледі. Тарихшы ұстаздың абыройына қауіп төнеді. Ұзын-құлақтан естуімше, Мараттың сол тұста басына үйірілген «қорғасын бұлттың» салмағы да зіл батпан болған көрінеді.

Үзіліп қалған байланыс

Көп ұзамай курстас досыммен байланыс аяқ астынан үзілді: ол айдың-күннің аманында әскер қатарына аттанды. Сол кездегі студент, кейін «Егемен Қазақстанда» табан аудармай еңбек еткен тарлан журналист Әділ Дүйсенбеков те Мараттың соңынан кетіп, парашютші-десант болып қызмет етіп қайтыпты.

Содан бес-алты жылдай Марат екеуміз бір-бірімізден көз жазып қалдық. Мен Мақатта, ал Марат Балықшы аудандық газеттерінде жұмыс істедік. «Отарәлиев оқытушы болады» дегенге сену қиын еді. Ақынжанды жігітке ең жақын, тонның ішкі бауындай көрінетіні — бұқаралық ақпарат құралы болатын...