Жеке тұлғалардың мүлік салығы

Жеке тұлғалардың мүлік салығын кім төлейді?

Меншік құқығында салық салу объектілері бар жеке тұлғалар жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеушілер болып табылады.

Төлеуші болып табылмайтын тұлғалар

  • Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер — мерзімді қызметтен өту (оқу) кезеңінде.
  • Салық салу объектілерінің бір мың айлық есептік көрсеткішке тең құны шегінде жеңілдігі бар тұлғалар:
    • Кеңес Одағының Батырлары және Социалистік Еңбек Ерлері
    • Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестірілген адамдар
    • «Халық қаһарманы» атағын алғандар
    • Үш дәрежелі Даңқ орденімен және «Отан» орденімен наградталған адамдар
    • «Ардақты ана» атағын алған және «Алтын алқа» атағымен наградталған көп балалы аналар
    • I және II топтағы мүгедектер, сондай-ақ жеке тұратын зейнеткерлер

Осы санаттағы тұлғалар пайдалануға немесе жалға берілген салық салу объектілері бойынша салықты белгіленген тәртіппен есептеп, төлейді.

Жекелеген жағдайларда салық төлеушіні анықтау

Сенімгерлік басқару немесе жалға беру

Салық салу объектісін меншік иесі сенімгерлік басқаруға немесе жалға берген кезде, меншік иесінің келісімі бойынша сенімгер басқарушы немесе жалгер осы объект бойынша салық төлеуші бола алады.

Мұндай жағдайда сенімгер басқарушының немесе жалгердің төлеген салығы — осы салық кезеңі үшін меншік иесінің салық міндеттемесін орындауы болып есептеледі.

Ортақ меншік

  • Егер объект ортақ үлестік меншікте болса, әрбір үлес иесі салық төлеуші болып танылады.
  • Егер объект бірлескен ортақ меншікте болса, өзара келісім бойынша меншік иелерінің бірі салық төлеуші бола алады.

Салық салу объектілері

Жеке тұлғалардың меншік құқығында болатын және кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын мынадай объектілер мүлік салығының объектісі болып табылады:

  1. 1 Қазақстан Республикасының аумағындағы тұрғын үй-жайлар, саяжай құрылыстары, гараждар және өзге де құрылыстар, ғимараттар мен үй-жайлар.
  2. 2 Қазақстан Республикасының аумағындағы аяқталмаған құрылыс объектілері — қоныстану (пайдалану) басталған кезден бастап салық салу объектісі болып есептеледі.

Салық базасы қалай анықталады?

Әр жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті орган белгілейтін салық салу объектілерінің құны жеке тұлғалар үшін салық базасы болып табылады.

Жеке тұлғалардың салық салу объектілерінің құнын анықтау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Салық кезеңі 12 айдан кем болса

Салық базасы объект құнын 12-ге бөліп, салық кезеңіндегі айлар санына көбейту арқылы есептеледі.

Бір тұлғада бірнеше объект болса

Салық базасы әр объект бойынша жеке есептеледі.