«Мұтылған» философиясы
Ғарифолла Есім, академик
Шәкәрім өзіне-өзі «Мұтылған» (ұмытылған) деп ат қойған. Біздіңше, бұл — псевдоним. Мәселенің байыбына барсақ, ақынның өзін осылай атауында терең мән бар. Оның дәлелін «Мұтылғанның өмірі» атты толғау-өлеңнен көреміз.
Өзін-өзі «Мұтылған» атаудың уәжі
Шәкәрім бұл аттың себебін өзі былай түйіндейді:
Жаралы жаным шықсын деп,
Қара жер мені жұтсын деп,
Өлген соң елім ұмытсын деп,
Атымды қойдым: «Мұтылған».
Ақын белгілі бір кезеңдерде өзі ұмытылатынын алдын ала сезген. Бұл қоғамға қажетті ой айтуы — дәл сол заманда «керек болмай қалудың» бір себебі еді. Социализм мен Шәкәрім дүниетанымының өлшемдері ымыраға келмейтін тұстарға тірелді: адам ақылына сүйенбеген билікті ол қабылдай алмады. Білім мен даналықты жоққа шығару — сау ақылға сыймайтын әрекет.
Ұмыттыру саясаты және тарихи шындық
Жағдай Шәкәрім болжағандай болды. Ақынды ұмыттыру үшін Кеңес өкіметінің жандайшаптары оны алдымен атып өлтірді. Тіпті зираты да ұмыт қалды. Шәкәрімнің атын атауға ресми түрде тыйым салынды. Еңбектері архивтерде, жеке адамдар қорында жасырынды; ұрпақтар әдебиет сабағында Шәкәрімді ауызға алмады, өйткені оқулықта тым құрыса бір жол мәлімет берілмеді. Осындай жағдайда оның «мұтылған» болуы шындыққа айналды.
«Мұтылу» кімнің маңдайына жазылады?
Дүниеде ұмытылатын кім? Әке-шешесі, туысы, жанашыры жоқ жетім. Ел елдігінен, бас еркінен айырылып, ұлт өзін-өзі танудан қалған кезде ақын да мұтылады. Сөйтіп, әдеттегі «ұмытылған ақын» ғана емес, жетім қалған халықтың өзі де мұтылмақ. Ал халық өзін-өзі тануға қолы жеткенде, мұтылғанын жаңғыртып, жетімдіктің құрсауынан шығады. Бұл — руханият тарихындағы заңдылық.
Шәкәрім есімінің қазақ халқы тәуелсіздікке бет алған кезде қайта жаңғыруы — соның айғағы. Туған жұрты, елің өзіңді қажет етпеген соң, жетімдікті сезінбеу мүмкін емес. Дәл осындай күйді Абай да бастан өткерген. Сірә, даналық — рухтың азапқа түсу жолы шығар: рух күйзелмей, сана сергімей, дүние болмысын сезіп-түсіну қиын.
Аласапыран заман және «білгіштердің» көбеюі
«Жетім бала иесіз, өзі кесер кіндігін» дегендей, Шәкәрім өзін жұртта қалған жалғыздай сезінеді: сүйенері де, жақтасы да жоқ. Айнала дүрбелең, бітпейтін қарбалас. Қазақ даласына бірде ақтар, бірде қызылдар өктемдік жүргізеді — екеуінен де елге тыныштық жоқ. Ақын: «Шын әділет жемісін көре алмайды біздің көз» дейді. Бірақ оны ұғатын жан аз.
Аласапыран кезде «білгіштердің» көбейе түсуі де заңды: бәрі халыққа ақыл айтып, өмір сүруге үйретуге әуре. Алайда Шәкәрімнің ұшқыр санасы олардың сөзін қабылдамайды. Теориясымақтардың теріс, улы, зиянды екенін аңғарған ол: «Әулие білгіш айтты деп, жазылған талай қате көп» деп кесіп айтады.
Мұндай сын айтуға оның хақы бар еді: ол жастайынан жақсылық пен жамандықты, зұлымдық пен әділетті айыруға қиын заманның ішінде өмір сүрді. Соның бәрін «Мұтылғанның өмірі» толғауында кең баяндайды.
Елден жырақ кету: құтылу емес, амалсыз күн
Шәкәрімнің елден тыс мекенге кетуі — солақай саясаттан бойын аулақ салуы. Мұндай күйді арлылардың көбі кешкен: саясаттан қашуға тырысқан Анахарсис те, данышпан Ұлықбек те мерт болған. Өкіметтің құрығы ұзын: қаншама қашық жүрсе де, Шәкәрімге де құрбан болудан өзге тағдыр бұйырмады.
Ол заманда Шәкәрім сияқтылардың тірі қалуына мүмкіндік тым тар еді. Есі шыққан елге естияр болатындар жұмған ауыздарын ашпай қала алмайды: айттың — пәлеге қалдың. Көзі ашық, көкірегі ояу Шәкәрім далбаса саясаттың ыңғайымен сөйлейтін жан ба еді? Ол айтса — турасын, дұрысын айтады. Дұрыстық пен адамдық ұғымдары өңі айналған заманда ондай сөз кімге дәрі болсын: керісінше, қызыл белсенділерге қадалған шаншу еді.
Ақырында, тау ішінде жападан-жалғыз тұруы жергілікті шолақ белсенділердің күдігін күшейтті. «Бандит» атанып, НКВД бастығы Қарасартовтың қолынан сотсыз-тергеусіз қаза тапты.
Қырық жас: сапалық белес
Шәкәрім өз өміріндегі сапалық белес ретінде қырық жасты айрықша атап, өлең-толғауында үш рет қайталайды:
- «Қырықтан соңғы сөзімді, сынап таны өзімді»
- «Жас қырыққа кірген соң, бір ой түсті жаңадан»
- «Қырықтан аса бергенде, ақылым қылды шерменде»
Қырық жас — ақынның жаңа сапасы. Көп мәселеге тың көзқарас туады. Реті келгенде айта кетейік: Мұхаммед пайғамбарға да пайғамбарлық қырық жасында келген. Грек дәстүрінде қырыққа толған адамды «акмэге келді» дейтін ұғым бар. Қазақша айтқанда, қырықтағы адам — ақыл-санасы толысқан жан. Көп елдерде ел басшысына қырықтан асқан адамдарды сайлау дәстүрі бекер қалыптаспаған.
Қырықтан соңғы қырымды,
Сынамақ болсаң түрімді,
Көрейін десең нұрымды,
Жидағы оқы жырымды.
Экзистенциалдық сұрақтар және Меккеге сапар
Қырықтан асқан соң Шәкәрім дүние болмысына өзгеше қарай бастайды. Көрген-түйгені, оқығаны-естігені әлемді «түсіндіруге дайын жауап» болмай, қайта философиялық сұрақтарға ұласады:
Қырықтан аса бергенде,
Ақылым қылды шерменде:
«Дінім қалай, жаным не,
Жоғалам ба өлгенде?
Әлемді кім жаратқан,
Осынша түрлеп таратқан?
Көрінген сансыз планет,
Бірінен-бірін бөлген бе?
Ақырет деген немене,
Шыққан жан қайта келе ме,
Кіре ме осы денеге,
Дәлелі қайсы сенгенде?..»
Ол осы ізденіспен Меккеге барып, әртүрлі кітаптар алды. Бұл — өмір мәні туралы экзистенциалдық ой-толғаныс. Шәкәрім өмір философиясын өлеңмен шектемей, санасындағы сұрақтарға жауап іздеп, сапарды тек қажылықпен ғана байланыстырмайды. Бірақ толық жауап таба алмағаны оны қапаландырады: ой қайғысына, ой дертіне ұшырайды.
Оңашалықтың қайшылығы
Ақын: «Қауымнан қаштым қағылып, оңаша өмір сағынып» дей отырып, іле-шала «Ойға оңаша жер керек, ойыңды ұғар ел керек» деп тағы мұңаяды. Елден безіп кетсем, ешкімнің шаруасы болмас деген дәме ақталмайды: керісінше, оның жалғыз тірлігі күдікті күшейтеді.
«Ноқтасыз ой» және еркін пайым
Шәкәрім: «Ноқтасыз оймен тексердім» дейді. Мұнда «ноқталы ой» деген ұғым өзінен-өзі қарсы мағына ретінде бой көрсетеді.
Ноқталы ой
Ноқталы ой — большевиктік ойлау тәсілі: қалыпты, шектеулі пайым. Онда Маркс пен Ленин айтқандарынан асып түспеу керек; бір ізбен, бір соқпақпен жүру міндеттеледі.
Ноқтасыз ой
Ноқтасыз ой — еркін ойлау. Бүгінгі тілмен айтқанда, «жариялылық», «плюрализм» мазмұнына жақын ұстаным. Шәкәрім өз заманының плюралист ойшылы ретінде өкіметпен, партия саясатымен келісімге келген жоқ; керісінше, ноқталы ойға қарсы тұрды.
Сондықтан кемеңгердің өз заманынан бұрын айтқан ойы белгілі бір уақытқа дейін «ұмытылуы» заңды: оны түсінетін ұрпақ жетілмейінше, ол көлеңкеде қалады.
Иман туралы концепция: «Сау ақыл менің иманым»
Шәкәрімнің иман туралы ой-толғамы да ерекше назар аударарлық. Ол: «Сау ақыл — менің иманым, аламын соған сыйғанын» деп ашық айтады. Демек, оның сенері — имандылық, ал оған жетудің жолы — ақыл. Иманға нандыратын күш ретінде ақылдың аталуына талас тууы мүмкін, бірақ мәселе таласта емес: сөз ақынның иман туралы өзіндік тұжырымында.
Шәкәрім иманды жалпы жұртқа ортақ ұғым ретінде ғана емес, әрбір адамның жеке басына қатысты ішкі ісі деп түсіндіреді. Яғни иман, имандылық — дүниетаным. Адамның өз иманын тануы — өз дүниетанымының қалыптасуы. Көп адамда тұтас дүниетанымнан гөрі, дүниеге көзқарас қана болады.
Иман — танымдық мүмкіндік
«Сау ақыл менің иманым» деуі — ақыл арқылы болмысты тануға мүмкіндік алдым дегені. Бұл мағынада иман — болмысты танудың мүмкіндігі, яғни гносеологиялық (танымдық) категория.
«Мұтылған» атауының астары: ұмытылу және ұмытылмау
«Мұтылған» сөзінің астарында ұмытылмайтын мән бар. Ұмытылатыны немесе ұмытылмайтыны қайсы — әркім өзі ойлануы керек. Өз-өзінен жапырақ сарғайып жерге түскендей, құмға жауған нөсердің ізі сіңіп кеткендей, болмыста ұмыт болатын жайлар аз ба? Оған кім айрықша мән береді? Немесе Адам атадан тараған сансыз ұрпақтың қайсыбірінің есімі жадымызда қалды?
Есте қалатыны — адам есімі ғана емес, оның ұзақ ғұмыры да емес, Абай айтқандай, «өлмейтұғын сөз». Бірақ сол сөз қалдырғандар да белгілі бір дәуірде ұмыт қалуы мүмкін. Алайда «ұмыт болу» деген — тарихтан, халық санасынан мүлде жойылу емес: ел есін жиған шақта ұрпағы қайта еске алады.