Қарагөз Тілешева
Халел Досмұхамедұлы – Мұрат ақын шығармаларын жинаушы һәм зерттеуші
Қарагөз Тілешева — Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.
Алаш қайраткерлері ұлтымыздың рухани мұрасын жинау, жариялау және зерттеу ісінде аса маңызды жұмыстар атқарғаны белгілі. Бұл бағыттағы нәтижелі еңбектері — халық үшін өмірлік мәні бар мәселелердің бастауында тұрғандығымен де құнды.
Мәселен, Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жүйеледі; Мағжан Жұмабаев Базар жырау мен Ақан сері мұраларын танытты; Мұхамеджан Тынышбаев қазақ тарихына қатысты деректерді жинап, зерттеп, жариялады. Бүгінде бұл еңбектер көпшіліктің игілігіне айналды.
Алаш зиялылары ұлттың саяси бостандығы мен азаттығы жолында күресе жүріп, халықтың рухани болмысын түгендеуді де назардан тыс қалдырған жоқ. Өйткені қандай халық болсын мәдени-рухани дүниесін дамытпай, өркендеу жолына түсе алмайтынын ұлт-азаттық қозғалыс өкілдері терең түсінді.
Мамандық шегінен асқан қызмет
Алайда Алаш зиялыларының көпшілігінің алған білімі филология, тарих немесе өнертану сияқты мамандықтармен тікелей байланысты болмаған. Мәселен, Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі, Батыс Алашорда жетекшісі Халел Досмұхамедұлы Әскери-медициналық академияны алтын медальмен бітірген дәрігер еді. Соған қарамастан, ол қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін құнды еңбектер жазып қалдырды.
- «Қазақ халық әдебиеті. Қысқаша очерк»
- «Самарқан шаһарындағы “Тіллә-кәри” және “Ширдар” медреселерін салдырушы Жалаңтөс батырдың шежіресі»
- «Бұхарадағы Көгілташ медресесінің салынуы туралы әпсана»
- «Қазақ-қырғыз комиссиясынан»
- «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы туралы қысқаша мағлұмат»
- «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы»
- «Мұрат ақынның сөздері»
Бұл еңбектер 1923–1928 жылдары жазылды. Бұл кездейсоқ емес: Алаш зиялыларының мәдениет, әдебиет, тіл, тарих, ғылым салаларындағы еңбектерінің басым көпшілігі дәл осы кезеңге тиесілі. Советтік диктатура Алаш қозғалысы жетекшілерін биліктен шеттеткен соң, олар ұлт мүддесіне қызмет етуді үлкен борыш санап, ғылым мен ағарту ісіне бар күшін салды.
Осы жағдайдан барып, Халел Досмұхамедұлы жаратылыстану бағытында, Мағжан Жұмабаев педагогикадан, Міржақып Дулатов математикадан, Жүсіпбек Аймауытов психологиядан, Телжан Шонанұлы әдістемеден, Қошке Кемеңгерұлы жер шаруашылығынан, Мұхамеджан Тынышбаев тарихтан оқулықтар жазды. Бұлардың әрқайсысы өз саласында алғашқылардың қатарынан орын алды.
Алаш қозғалысы қалыптастырған зиялылар ішінде Халел Досмұхамедұлының қайраткер ретінде де, қаламгер ретінде де орны бөлек. Ол 1905 жылдан бастап Алаш қозғалысының бел ортасында жүрді: сол жылы Орал қаласында бес облыс өкілдері жиналған Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын құруға арналған жиынға қатысқан он сегіз жасар Халел кейінгі өмірін туған халқына қызмет етуге арнады.
Мұрат Мөңкеұлы мұрасын сақтау жолындағы еңбек
Халел Досмұхамедұлы ел ішінде жүріп, көнеден қалған мұраларды жинауға белсене кірісті. Оның осы бағыттағы еңбектері кейінгі зерттеушілер үшін бағалы дерек көзіне айналды. Сол маңызды еңбектердің бірі қазақ әдебиеті тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі — Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығымен байланысты.
1924 жылы ол Ташкент қаласында «Мұрат ақынның сөздері» деген атпен жинақ шығарды. Жинаққа өзі алғысөз жазып, ақын шығармаларында кездесетін тарихи атауларға, ру аттарына, топонимикалық атауларға және көне сөздерге түсінік берді.
Жинақтың басты маңызы
Бүгін біз білетін Мұрат ақынның өлеңдері, толғаулары, дастандарының толық жетуі — Халел Досмұхамедұлының еңбегі. Бұл — рухани қазына үшін аз олжа емес.
«Үш қиян»
Толғау
«Сарыарқа»
Толғау
«Қазтуған»
Тарихи сарын
«Қарасай-Қази»
Дастан
«Шалгез жыраудың айтқаны»
Жыраулық дәстүр
Кейінгі зерттеушілер мен қазақ әдебиеті үлгілерін жинақтаушылар Халелдің осы еңбегіне сүйенді. Алайда көп жағдайда «бұларды жинаған Халел Досмұхамедұлы еді» деп ашық айтуға мүмкіндік болмады — заман айтқызбады. Әділ бағасын беруге жол кейін ғана ашылды. Сондықтан Мұрат Мөңкеұлына қатысты зерттеулерде және ақын өлеңдері енген жинақтарда Халел есімі міндетті түрде аталуы тиіс.
Алғысөз: өмірбаян, тарих және тіл
Халел Досмұхамедұлы Мұрат өлеңдерін жинап, бастырумен қатар, ең алғаш ақынның өмірбаянын жазған тұлға. Мұраттың шыққан тегі, тұрмысы, өлеңге келуі, өскен ортасы және өнердегі ұстаз тұтқан адамдар туралы деректер 1924 жылғы жинақтың алғысөзінде берілген.
«Мөңке баласы Мұрат 1843 жылы туып, 1906 жылы 63 жасында опат болды. Кіші жүздегі Байұлы — Беріш руының Қаратоқай арысының Аққолы бөлімінен. Туған жері — Орал облысы, Гурьев (Үйшік) уезі, Қарабау. Жүрген жері — Бөкейлік, Орал, Маңғыстау. Мұраттың ата-тегі — мал баққан шаруа қазақ. Туысқан ағасы Матай деген ақын болған. Мұраттың нағашысы — адай Азамат, Саламат, Сәмет дегендер заманында айтқыш адамдар екен. Мұрат жасында аз-кем молдаға оқып, қара танып, хат жазарлық қана сауат ашқан. Мұрат бала күннен-ақ өлең айта бастаған. Он бестен асқан соң той-тобырда өлең айтқанды місе тұтпай, заманындағы айтқыштардың бәрімен айтысып, жеңген. Айтысқа өте шебер болған. Мұраттың өмірінде айтыстан жеңілген кезі болмаған».
Осы шағын алғысөздің өзінде автордың екі мәселеге айрықша назар аударғаны аңғарылады: біріншісі — Мұрат шығармаларындағы тарихи негізі бар деректер; екіншісі — ақын өлеңдерінің тілі. Алғысөзден көптеген жер-су атауларын, ру аттарын, кісі аттарын кездестіруге болады.
Топонимдер мен ескі атаулар
Халел: «Мұраттың сөздерінде жерлердің аттары көп ұшырайды. Бұлардың көбі ескі аттар. Осы аттардың бір қатары осы күнде Еділ, Жайық алаптарында ұшырайды», — деп көрсетеді.
Тарихи дерекке қатысты көзқарасын ол нақты түйіндейді: «Қазақтың тарихын жазған адам Мұрат секілді ақындардың сөзін елеусіз тастай алмайды». Осылай дей отырып, Халел Мұрат өмір сүрген дәуір мен ақын шығармашылығының табиғи байланысын білгірлікпен ашады.
«Мұрат бір жағынан өткенді білген шежіре болса, екінші жағынан халықтың мұңын, елдің зарын айтатын әлеуметшіл ақын. Қазақ елі елдігінен айырылып, “штатқа” көніп, нағыз болдырып тұрған кезде Мұрат өмір сүрді. Мұраттың заманы — бостандық үшін егескен ердің бәрі жер тіреген заман. Патша үкіметінің қазаққа құрған саясатының гүрлеп тұрған заманы; қазақтың бұрынғы тұрмысы өзгере бастаған, бұрынғы кең қоныстан, сүйкімді әдеттен, еркін салттан айырыла бастаған заманы».
«Үш қияннан» үзінді
Бұл қоныс жеті жұрттан қалған қоныс, Ноғайдың көшіп талақ салған қоныс. Қазтуған, Асан Қайғы, Орақ, Мамай, Біз түгіл осыларды алған қоныс. ... Кемелсіз қонған елін көп тоздырған, Қайырсыз осы секілді неткен қоныс? ... Кетейін десе жөн таппай, Адыра қалған Үш қиян, Қол ұстасып жүрген жер
Мұраттың өлеңдерін талдау барысында Халел Досмұхамедұлының қайраткерлік болмысы да айқын көрінеді. Бұл — ақын шығармаларындағы отаршылдыққа қарсы сарындарды зерделеуінен, саяси-әлеуметтік пікірлерінен байқалады.
«Мұраттың өлеңдерінде патша үкіметінің қазаққа жұмсаған саясаты айқын байқалады. Үкіметтің жақсы жерлерді тартып алғаны, ел қамын жегендердің қуылғаны, өлтірілгені анық айтылады», — дейді Халел.
Мұраттың отаршылдыққа қарсылықтан туған шығармаларында, көбіне, отаршылдардың қазақ жерін тартып алуы мен байырғы жұртты ығыстыруы кең жырланады. Мұрат поэзиясының осы ерекшелігін Халел Досмұхамедұлы дәл аңғарып, орынды бағалайды.
Ол Мұрат ақынның өзіндік дәстүрі болғанын да атап өтеді. Ал ақын поэзиясына келгенде: «Өлеңдерінің сырт жағына келсек, Мұраттың тілі — әдебиетімізге негіз болған ел әдебиетінің тілі», — деп түйіндейді.
Алаш қайраткерлері қазақтың рухани дүниесін байытатын мәдени-әдеби құбылыстардың бәріне баға беруге ұмтылып, өз дәуірінде қалың көпшілікке таныстырып отырды. Ұлт үшін рухани мұраны насихаттаған осындай үлкен шоғырды өз тарихымызда ең алдымен алашшылдар арасынан табамыз.
Алаш қозғалысы — тек белгілі бір кезеңді қамтыған саяси, тарихи, қоғамдық құбылыс қана емес, ұлттың рухани жаңғыруына қызмет еткен кең ауқымды зияткерлік бағыт.