ҚОЖАҒҰЛҰЛЫ ҚАБАНБАЙ

Қожағұлұлы Қабанбай (1703–1781)

Қожағұлұлы Қабанбай — жоңғар шапқыншылығына қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі, қазақтың біріккен қолының Бас қолбасшысы, жекпе-жекте жеңіліп көрмеген халық қаһарманы. Ол Орта жүздің Найман тайпасының Қаракерей руынан шыққан, ел азаттығы жолында күрескен киелі батырлар әулетінің өкілі.

Негізгі дерек

  • Жылдары
    1703–1781
  • Шыққан тегі
    Орта жүз, Найман, Қаракерей
  • Мәртебесі
    Бас қолбасшы, батыр
  • Атақтары
    «Хан батыры», «Дарабоз»

Батырлар әулеті және тарихи орта

Қабанбайдың атасы Мәмбет, әкесі Қожағұл, ал Қожағұлдың ағасы Күшік — өз заманының атағы шыққан батырлары. Ел ауызындағы әңгімелерге қарағанда, Күшік батыр Еңсегей бойлы Ер Есімнің Ташкентті алу жорығына қатысып, Тұрсын хан қаза тапқан жылы жамбасына улы найза ұшы тиіп, 25 жасында дүниеден өткен.

Ерлік жолы: шайқастар мен жекпе-жек

Қабанбай батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі ірі шайқастардың бәріне қатысқан. Ол сан мәрте шайқас алдындағы жекпе-жекке шығып, жаудың үміткер батырларын жеңіп, сарбаздардың рухын көтеріп отырған. Халық оны «Қаракерей Қабанбай» деп ардақтап, есімін жырға қосып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізді.

Абылай хан дәуіріндегі соңғы ірі қақтығыс

Абылай хан тұсындағы қазақ тарихындағы ең соңғы ірі әскери қақтығыс — 1770 жылғы қазақ-қырғыз соғысы. Бұл соғыс Қабанбай батырдың да ерлік жолындағы соңғы белестерінің бірі саналады.

Аңыз бен құжат: деректердің арақатынасы

Халық арасында Қаракерей Қабанбай батыр туралы аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандар өте көп. Ал тарихи құжаттарда оның өмірінің 1740–1762 жылдар аралығы ғана салыстырмалы түрде айқынырақ көрінеді. Осы кезеңде Қабанбайдың есімі ел ішіндегі бітімгершілік істерімен танылған дана, би ретінде де аталады.

Әулеті мен ұрпағы

Қабанбай батырдың Үмбетай, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтық, Мойнақ, Әлі есімді жеті ұлы болған. Олар ел ішінде «Жеті Қабанбай» деп аталған. Солардың бірі Әлі жоңғардың соңғы ханы Әмірсананың Мәней атты қызына үйленіп, одан бес перзент сүйген. Бұл ұрпақ шешесінің атымен «Бес Мәней» аталады.

«Жеті Қабанбай»

Үмбетай, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтық, Мойнақ, Әлі.

«Бес Мәней»

Әлі мен Мәнейден тараған бес перзенттің атауы.

Қоныс, атамекен және құрмет

Батырдың ұрпақтары бүгінде негізінен Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстары аумағында мекендейді. Дегенмен олардың арғы аталары оңтүстіктен ауып келіп, Есіл мен Нұра бойын қоныс еткені айтылады. Бұл өңір 1728–1762 жылдар аралығында Қабанбай батырдың да құтты қонысы болғаны белгілі.

Қайтыс болғаннан кейін Қаракерей Қабанбайдың денесі осы атамекеніне әкелініп жерленген деген дерек бар. Елі кейіннен аяулы батырының басына сәулетті күмбез орнатты.