Нағыз мұғалім үнемі ізденісте болуы - шарт
Ұстаздық — болашаққа қаланған іргетас
Ізгіліктің дәнін сеуіп, шәкірттің әр қадамына демеу болу — мен үшін өмірдің ең ұлы ісі. Бала оқыту — жай ғана кәсіп емес, болашақтың негізін қалау. Мұғалім тек білім беруші ғана емес; ол ұрпақтың жолын ашатын, тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін жетекші.
Ұстазға өз пәнін жетік білу жеткіліксіз. Нағыз мұғалім — жан-жақты дамыған, кез келген сұраққа жауап таба алатын, ең бастысы, оқушының жүрегіне жол табатын парасатты, кең жүректі маман.
Өзіңнен сұрайтын сұрақ және табылған жауап
Кейде адам өзіне: «Мен бұл өмірде не тындырдым?» — деген сұрақ қояды. Мен атақты ғалым да болмадым, ақын да атанбадым, үлкен қызметтің тізгінін де ұстаған жоқпын. Сонда менің еңбегім зая ма? Осындай ойлар мені жиі мазалайтын.
Бірақ уақыт өте түсіндім: қарапайым мұғалім болып жүріп-ақ талай шәкірттің жүрегіне ізгілік нәрін сеуіп, олардың өмірден өз орнын табуына көмектесуге болады. Сол үшін де мен мұғалім екенімді мақтан тұтамын.
Мен үшін бақыт
Әрбір оқушы жетістікке жетсе, сонымен бірдей қуану; өмірден өз орнын тауып жатса, тілекші болу — маңдайыма жазылған бақыт.
Ең үлкен құндылық
Адамзат үшін ең үлкен құндылық — ұрпақ. Сол ұрпаққа білім мен тәрбие беретін мамандық иесі — мұғалім.
«Рахметі жоқ жұмыс» деген пікірмен келіспеймін
Көпшілік: «Мұғалімдік — рахметі жоқ, ең қиын жұмыс» — деп айтып жатады. Мен бұған келіспеймін. Ұстаздық — алғысы мол, жауапкершілігі зор еңбек. Ұстаздықтағы жеңіске бастайтын ең бірінші қағида — шәкіртті шын жүректен сүйе білу.
Әр оқушы мен үшін — бөлек бір әлем. Шәкірт бойынан жақсы қасиет көре білу — нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Мен осыны ұғынып, әрдайым соған ұмтылып келемін.
Сенім — ең үлкен марапат
Шәкірттерім қиналған сәтте кеңес сұрап, сөзіme сүйенетін кездер жиі болады. Кейде бала сұрағына толық жауап бере алмай қалғанымда немесе көмектесе алмай қалғанымда ойым сан-саққа жүгіреді. Материалдық көмек көрсете алмасам да, рухани демеу бола алғаныма шүкіршілік етемін.
Шәкірттің сеніміне ие болудан артық бақыт жоқ. Оқушылармен жұмыс істеген сайын бойымда ерекше күш пайда болып, «Иә, мен бекер өмір сүрмеппін» деген сенім беки түседі.
Ұлттық құндылық және тұлға тәрбиесі
Зерттеу мен ізденіс нәтижесінде халқымыздың тұтас болмысы, құндылығы мен қасиеті ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізде екенін терең түсіндім. Сондықтан менің оқушыларым қазақ ұлтын сүйетін, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, өнерлі, жоғары білімді тұлға болып қалыптасуы тиіс.
Олар кез келген жағдайда өзге ұлт өкілдерімен тең дәрежеде қарым-қатынас жасай алатын, қазақ екеніне мақтана алатын азамат болып өсуі қажет. Білімін тиімді пайдаланып, өз өмірінің шынайы қожасына айналдыру — менің басты міндетім. Осыны шамам жеткенше атқарып келемін.
Үздіксіз ізденіс және жаңашылдық
Нағыз мұғалім үнемі ізденісте болуы тиіс. Сондықтан қоғамда, мемлекетте болып жатқан жаңалықтардан ешқашан шет қалған емеспін. Тәжірибемді шыңдай жүріп, мектеп өміріндегі саяси және қоғамдық іс-шараларға белсене қатыстым.
Бүгінде мен жаңа инновациялық технологияларды меңгерген, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл ұстазбын. Интернет арқылы қажетті материалдарды тауып, өзіме лайықтап өңдеймін. Оқушыларыммен кез келген тақырыпта пікір алмасамын. Электрондық поштаны, түрлі сайттарды, соның ішінде ұстаздарға арналған платформаларды қолданып, тәжірибелер мен зертханалық жұмыстарға қажет ресурстарды тұрақты түрде пайдаланамын.
Болашақ — білімді ұрпақтың қолында
Болашақ — білімді ұрпақтың қолында. «Білімді — мыңды жығар» деген мәтелді ата-бабамыз тегін айтпаған. Өмірдің өзі білімді мемлекеттердің қарқынды дамитынын дәлелдеп отыр. Ендеше, біздің оқушыларымыз да өркениет дамуының көшінен қалмауы керек.
Мақсат
Адал өмір сүру үшін балаларға білімнің мәнін ұғындырсам,
Болашақ Қазақстан үшін пайдалы іске жұмылдыра алсам —
Ұстаздық мұратымның орындалғаны.
Бисеналиев А.К.
Ұстаздық туралы ой-толғау