Шындық пен өтірік
Шыншылдық – адамдықтың белгісі
Бұл сабақта оқушылардың шындықты айту, өтірік айтпау және адалдық туралы түсінігін кеңейтіп, ақиқатқа көз жеткізу арқылы дұрыс әрекет құндылығын дамыту көзделеді.
Құндылық
Ақиқат, дұрыс әрекет
Қасиеттер
Шындықты айту, өтірік айтпау
Нәтиже
Адалдыққа тәрбиелеу
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
Сабақ мақсаты
Оқушылардың шындықты айту, өтірік айтпау және адалдық туралы түсініктерін кеңейтіп, ақиқатқа көз жеткізе отырып, дұрыс әрекет құндылығын дамыту.
Міндеттері
- Білімдік: шындық пен өтірікті ажырата білуге үйрету.
- Дамытушылық: шыншылдық пен адалдықтың мәнін түсіндіру арқылы ақиқат пен дұрыс әрекет құндылығын дамыту.
- Тәрбиелік: шыншыл, адал болуға тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі: жағымды күйге келу
Сынып тыныштыққа келіп, «Нұрға бөлену» жаттығуы орындалады. Мақсат — ішкі тыныштықты сезіну және сабаққа шоғырлану.
Талқылау сұрақтары
- Қандай күйде болдыңыздар?
- Жаттығу қалай әсер етті?
- Ішкі тыныштыққа келе алдыңыздар ма?
Қорытынды: бір-бірімізге жақсы тілектер тілеп, осы тыныш күйімізді сақтайық.
2) Үй тапсырмасын тексеру
Ә. Табылдиевтің «Ағайынды екі қыз» әңгімесі бойынша пікір алмасу жүргізіледі.
Сұрақтар
- Әңгіме не туралы?
- Екі қыздың қайсысымен дос болар едіңдер?
- Шыншылдықты қалай түсінесің? Шыншыл бала қандай болады?
- Шындық не үшін керек деп ойлайсыңдар?
Оқушылардың жауаптары тыңдалып, түйінделеді: жақсы бала әдепті, сыпайы, қамқор, қайырымды, жауапкершілікті болады. Сол қасиеттердің бірі — шыншыл болу, өтірік айтпау.
3) Дәйексөзбен жұмыс
«Шыншылдық жақсылыққа жетелейді.»
Өтірік айтып ұятқа қалғанша, шындықты айтып, қатеңді мойындаған дұрыс. Бұл — адамдықтың белгісі. Даналықтан шыншыл адамның ары таза, жүзі жарқын болып, қуанышқа бөленіп, бақытқа кенелетінін ұғынуға болады. Тіпті шындықты айту — адамның жақсылық жасауына бастайтын қадам.
Ой қозғау
Шындық неге жеткізеді?
Сенімге, тазалыққа, дұрыс шешімге.
Ал өтірік ше?
Сенімнің жоғалуына, ұятқа, өкінішке.
Қорытынды: тек шындықты айтып, өтірікке жол бермей, дұрыс әрекет жасайық.
4) Әңгімелеу: «Асығыс үкім» (аңыз әңгіме)
Мұғалім әңгімені әсерлі, эмоциялық мәнермен әңгімелеп береді.
Шындық пен өтірік туралы қысқа оқиға
Қоян мен түлкі дос болыпты. Бір күні қоян дүкенге бара жатып, анасы берген ақшасын жоғалтып алады. Түлкі ақшаны көрсе де айтпай қояды. Қоян басы салбырап үйіне кетеді. Түлкі ақшаны алып, өзіне қажет нәрсені сатып алмақ болады. Бірақ досының көңілсіз күйі есіне түсіп, ақшаны қоянға әкеліп береді. Қоян қатты қуанып, досын құшақтайды.
Сұрақтар
- Әңгімеде не туралы айтылған?
- Қоянды қуантқан түлкі өзі де қуана ма?
- Түлкі ақшаны қайтармаса не болар еді?
- Түлкінің орнында сен болсаң не істер едің?
- Шындық неге жетелеп отыр?
Қорытынды: ақиқатқа көз жеткізе отырып, дұрыс әрекет жасайық. Ешқашан өтірік айтпайық.
5) Шығармашылық жұмыс
Оқушылар үш топқа бөлінеді. Әр топқа тапсырма беріледі, орындау уақыты белгіленеді. Соңында топтар өз жұмыстарын таныстырады (дәптермен жұмыс).
Түйін
Шындыққа көз жеткізе отырып, өтірік айтпай, әрдайым дұрыс әрекет жасайық.
6) Топпен ән айту
Ән: «Балдырғандар»
- Сөзі:
- О. Әубәкіров
- Әні:
- Ш. Қалдаяқов
Үзінді
Қуанышқа бөленген әр күніміз, Бақыттымыз, балалар, барлығымыз. Өмір тым жайдары, Қызықтың қайнары, Мектебіміз жайнады. Біз Отанның балдырған ұлдарымыз, Әдептілік, шыншылдық — ұранымыз.
Қорытынды: әдептілік пен шыншылдық әрқашан ұранымызға айналсын.
7) Үй тапсырмасы
- «Жауапты іс» мәтінін оқу.
- Дәптердегі мақал-мәтелдерді оқып, мағынасын түсініп, жаттап келу.
8) Соңғы тыныштық сәті
Баяу әуен қосылады. Балалар қол мен аяқты айқастырмай, арқаны тік ұстап, терең дем алады. Көзді жұмып, сабақта өткен құндылықтар мен қасиеттерді еске түсіреді: қиянат жасамау, жақсы мінез-құлық, ешкімге зиян келтірмеу, өзіне-өзі есеп беру, өзін-өзі дамыту.
Осы құндылықтарды жүрегімізде сақтайық. Енді көздеріңді ашуға болады. Сабақ аяқталды.