Ұзынкөл ауданы

Педагог қызметіндегі жеке әдістемелік мәселенің жүзеге асуы: сөздік қорды байытуға бағытталған әдістер

Автор: Ақтанова Ботакөз Мейрамқызы

Мекеме: №1 Ұзынкөл орта мектебі, Ұзынкөл ауданы

Түсінік хат

Әдіссіз оқыту процесін жүзеге асыру мүмкін емес. Ендеше, оқыту әдісі дегеніміз не? Оқыту әдісі — дидактиканың негізгі құрамдас бөліктерінің бірі. Оқыту әдістері білім беру мазмұны сияқты, оқытудың жалпы мақсаттары мен міндеттері арқылы айқындалады.

Оқыту процесінің нәтижелі әрі сапалы болуы оқыту әдістемесінің тиімді, шығармашылықпен жүзеге асуына байланысты. Бұл — мұғалім мен оқушының бірлескен әрекеті. Бірлескен жұмыс арқылы білім, іскерлік пен дағды қалыптасып, оқушының дүниетанымы кеңейіп, қабілеті артады.

Жалпы педагогикалық әдістердің негізінде әр пәннің өзіне тән тәсілдері қалыптасады. Бұл мәтінде орыс тілінде оқытылатын мектептердегі қазақ тілі пәні аясында сөздік қорды дамыту мәселесі қарастырылады. Тіл дамыту — негізгі жұмыстардың бірі.

Пән ерекшелігі және сөздік жұмысының орны

Оқу орыс тілінде жүретін мектептерде қазақ тілінен үйретілетін сөздер, біріншіден, белгілі бір тақырыптарға, екіншіден, сөз таптарына қатысты беріледі. Сондықтан қазақ тілі сабағы әрі тілдік, әрі әдебиеттік оқу материалдарын қамтиды.

Кейбір грамматикалық түсіндірмелер мен жаттығу шарттары орыс тілінде берілетіндіктен, салыстырмалы грамматикаға қатысты мәліметтерді де енгізуге тура келеді.

Сөздік қорды дамытуға жиі қолданылатын тәсілдер:

  • Сұрақ-жауап
  • Сөйлесу, әңгімелесу
  • Әңгіме құрату, түсінігін айтқызу
  • Көрнекілік
  • Аударма
  • Кітаппен жұмыс
  • Мәтінмен жұмыс

Әр сабақ сайын тақырыпқа сай көрнекі құралдар, түрлі суреттер, кестелер, бейнематериалдар, сондай-ақ электронды оқулықтарды тиімді қолдану оқушылардың сөздік қорын едәуір толықтырады. Уақыт өзгерген сайын әдіс-тәсілдер де жаңарып, толығып отырады, сондықтан әртүрлі жаңа технологияларды тәжірибеде қолдану білім сапасын арттыра түседі.

Өзекті мәселе: тілдің қолданысқа шығуы

Мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнын көтеру үшін жүйелі, сатылы жұмыс қажет: бала ең алдымен балабақшада қазақ сөздерімен танысып, мектеп қабырғасынан күнделікті өмірде қолданылатын тілді меңгеріп шығуы тиіс. Жоғары оқу орындарында мектеп бағдарламасын қайталамай, тілдік категорияларды тереңірек оқыту арқылы болашақта қазақша және орысша еркін сөйлейтін білікті маман даярлауға болады.

Дегенмен, оқушылар көбіне қазақ тілін тек сабақта ғана қолданып, күнделікті тәжірибеде қолданбайды. Кей жағдайда ағылшын тілінде сөйлесуге көбірек қызығушылық танытады. Осындай күрделі мәселені шешуге үлес қосу мақсатында сөздік қорды байытуға бағытталған әдістер бойынша өз бағдарламамды ұсынамын.

Мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

  • Оқушылардың сөздік қорын дамытуға арналған әдіс-тәсілдер туралы мәлімет беру.
  • Әдіс-тәсілдерге қатысты теориялық ұғым қалыптастыру.
  • Әдістерді тәжірибеде тиімді қолдануға үйрету.
  • Қазақтың байырғы сөздерін таныту.
  • Қазақша сөйлеу дағдысын дамыту.
  • Жазбаша тілін дамыту, орфография бойынша түсінік беру.
  • Қазақ тілінің сөздік қорындағы сөздер арқылы халықты құрметтеуге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

Міндеттері

  • Сөздік қорды жүйелі дамыту.
  • Сөйлеу тілінің грамматикасын қалыптастыру.
  • Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету.
  • Диалогтік сөйлеуді қалыптастыру.
  • Түсінгенін жүйелі жеткізе білуге дағдыландыру.
  • Көркем шығармалармен таныстыру.
  • Сауатты жазуға үйрету.

Негізгі ұстаным

Тіл үйренудегі басты міндет — оқушылардың сөйлеу тілін жетілдіру. Сөздік қорды дамытуға бағытталған әдістердің ортақ мақсаты — сөздің мағынасын дұрыс түсініп, оны өз сөзінде орынды әрі дұрыс қолдануға үйрету.

Сөздік қорды байытуға арналған негізгі әдістер

1) Түсіндіру әдісі

Түсіндіру әдісі жаңа сөздерді, сөз тіркестерін және сөйлемдерді меңгертуде қолданылады. Ол сабақ сайынғы сөздік жұмысында жүйелі түрде іске асады.

Сонымен қатар қазақ тілі грамматикасының кейбір ерекшеліктері түсіндіріледі: қазақ тіліне тән дыбыстар, дауыстылардың жуан-жіңішке болып бөлінуі, дауыссыздардың қатаң-ұяң-үнді болуы, екпіннің соңғы буынға түсуі, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі, жалғау мен жұрнақтың үндестік заңына сай түрленуі, кім? сұрағының адамға қатысты қойылуы, ма/ме, ба/бе, па/пе қосымшаларының қызметі және т.б.

2) Көрнекілік әдісі

Көрнекілік — басқа тілді үйретудегі ең нәтижелі әрі жиі қолданылатын тәсілдердің бірі. Әсіресе 1–2 сыныптарда түрлі суреттер, заттар, ойыншықтар арқылы сөздерді меңгерту өте тиімді.

Көрнекілік тақырыпқа сай, көзге тартымды, эстетикалық жағынан жинақы болуы керек: ірі, анық, екі-үш түстен құралған нұсқалар оқушы назарын жақсы ұстайды. Мысалы, «Ұлттық киімдер» тақырыбын өткенде киімдердің суреттерін немесе нақты үлгілерін көрсету арқылы сөздік қорды байытуға болады. Тірек кестелер мен таблицалар арқылы сөздер мен сөз тіркестері жүйеленеді.

Ы. Алтынсариннің ойы: «Балаға айтып түсіндіргеннен гөрі, қолымен ұстап, көзімен көріп, мұрнымен иіскеп түсіндірген сабақ ұғымды».

Бұл тәсіл бастауыш сыныптарда, әсіресе «Жеміс-жидектер», «Оқу құралдары», «Ойыншықтар», «Тағамдар» сияқты тақырыптарда өте нәтижелі. Мысалы, «алма» сөзін алма көрсетіп түсіндіру — мағынаны дәл әрі тез меңгертеді.

3) Сұрақ-жауап әдісі

Сұрақ-жауап — оқушылардың тілін дамытуға арналған ең тиімді әдістердің бірі. Оны кез келген сыныпта, сабақтың кез келген кезеңінде қолдануға болады. Сұрақтар оқушылардың жас ерекшелігіне сай әзірленеді.

Үлгі:

— Сен тұратын қала қалай аталады? — Менің қалам Қостанай деп аталады.

— Қаланың жанынан қандай өзен ағады? — Тобыл өзені ағып өтеді.

4) Практикалық әдіс және дидактикалық ойындар

Практикалық әдіске ойын элементтері арқылы тіл үйрену де жатады. Дидактикалық ойындар оқушылардың білімін бекітіп, сөздік қорын молайтады; сөз, сөз тіркесі және сөйлемдерді дұрыс құрастыруға, қажетті сөзді орнымен қолдануға, қысқа әңгіме құрауға жаттықтырады.

Ойын барысында балалар бір-біріне ережені түсіндіреді, бұрын ойнаған ойындарын еске түсіреді. Белгілі суретшілердің туындыларын талдау, балаларға арналған суретті кітапшалармен жұмыс, мерекелерге дайындық, түрлі ойын-сауық шаралары да тіл дамуына ықпал етеді.

Әдеби-музыкалық ойындар оқушылардың әдеби тілде сөйлеу машығын қалыптастырады. Мәтін оқу кезінде сөйлеу екпіні мен дикциясы, сөз бен буынға екпінді дұрыс түсіру дағдысы дамиды. Рөлдік ойындар баланың ойын өз бетінше тұжырымдап жеткізуіне көмектеседі.

5) Интерактивтік әдіс

Интерактивтік әдіс «интеракция» ұғымымен байланысты: жеке адам, жұп немесе топтың өзара біріккен әрекет арқылы бір-біріне әсер етуі. Бұл әдіс әсіресе сұхбат құруда оқушылардың белсенділігін арттырып, бірлесіп жұмыс істеуге үйретеді.

Интерактивті сабақ барысында мұғалім кеңесші әрі серіктес рөлін атқарады. Оқушылар өзара қолдау көрсету, толықтыру арқылы диалог құруға дағдыланады. Екі оқушының сұхбатына үшінші оқушы да араласа алады; ол қарсы топтың өкілі болуы мүмкін.

Әдістің негізгі мақсаты — оқу процесінің барлық сатысында біріккен әрекетке жағдай жасау. Әр оқушы жеке тапсырманы орындай отырып, топ мүддесін ескеруге үйренеді; жауапкершілікті сезініп, ортақ нәтижеге қол жеткізуге ұмтылады.

Қорытынды ұстаным

Сөздік қорды дамытуға арналған әдіс-тәсілдер өте көп. Қандай әдіс қолданылса да, мұғалім оны өз сабағының мақсаты мен сыныптың ерекшелігіне сай икемдеп, жүйелі түрде қолдануы қажет.