Сарқырама ауылының лауазымды азаматы

Ел аузында қалған Ахатай сері жайлы

Баянымыздың желісін жалғастырсақ, сөзіміз әуелі Қалдыбай байдың байбатшасы атанып, кейін ел ішінде Ақатай сері деген атпен қалған азамат туралы.

Кәріпке қылған қайырдың — шуақты болар жауабы.
Көпке еткен шапағаттың — көп болады сауабы.

Шаян өңіріндегі ірі байлар және Қалдыбай әулеті

1920 жылдары Шаян өңірінде жергілікті ірі байлар аталғанда, Шаян өзенінің басындағы Бөрібек бай мен Бөген өзенінің бойындағы Сарқырамалық Сыпатай старшынұлы Қалдыбай алдымен ауызға ілінетін.

Ахатайдың өсуі мен мінезі

Қалдыбай байдың ұлы Ахатай жастайынан екі қыздың ортасында өсіп, еркелеу мінезбен ержетеді. Сол заманда байлар көктем шыға ауыл малын өріске шығарып, жайлауға айдайтын дәстүр ұстанған.

Қалдыбай бай Талап асып, Қостұра тауының үлкен жайлауына жиі көшіп-қонып жүрген. Көршілес Амансайда отырған Байдос баймен араласып, бір-бірін ерулікке шақыра жүріп, ақырында құдандалы болады.

Құдалық, дәстүр және білім

Қалдыбай бай Ахатайға Байдос байдың қызын айттырып әперген. Ол кезеңде құда түскен қызға «қалыңдық ойнап бару» деген рәсім болған. Ахатай Сарқырамадан Амансайдағы қалыңдығына жолдастарын ертіп, айлы түндерде үш жыл бойы барып жүргені айтылады.

Қалдыбай бай Ахатайды інісі Нарбекпен бірге қалаға жіберіп оқытқан. Нарбек жоғары оқу орнын тәмамдап, Ташкентке ауысқанда Ахатайды да қасына ертіп кетеді. Екеуі Ташкентте қызмет атқарып жүрген тұста, ауылда байларды кәмпескелеу басталып кетеді.

Қуғын-сүргін, айыптаулар және қашу

Кәмпеске мен жер аудару

Қалдыбай мен інісі Қарымбай болыс екеуі Оралға үш жылға жер аударылады.

1933 жылғы «тазалау» науқаны

1933 жылы Сталиннің тапсырмасымен партия қатарын «жат мінезділерден тазалау» науқаны басталады. Осы кезеңді пайдаланған ауылдың қызғаншақ адамдары Нарбек пен Ахатайды сыртынан: «бұлар бай-құлақтың балалары, қалайша лауазымды қызмет атқарады?» деп жоғары жаққа қайта-қайта арыз жазады.

Арыздардың салдарынан үлкен қызметтегі Нарбек ұсталып, Сібірге айдалады. Ал Ахатай ұстаушылармен атысып, Тәжікстан асып, тұтқыннан құтылып кетеді.

Жаңа өмір: Делберзін, жаңа құжат, жаңа қызмет

Тәжікстан жақта жаңадан ашылған Делберзін совхозында егіншілікпен қатар мүлікті қорғау жасағының бастығы болады. Құжаттарын ауыстырып, Перенбай Көркембаев деген атпен қызмет атқарады.

Орыс тілін жатық білгендіктен, сол кездегі басшылардың көбі орыс болған ортада тез тіл табысып, кейін Аққорған ауданына ауысады.

Әлімкент төңірегіндегі еңбек

Аудан маңындағы Әлімкент елді мекенінің төңірегіне қазақтарды жинап, елден бұрын барған Орман бимен бірге қазақ ауылын құрады. Мақта ектіріп, халықтың тұрмысын түзетуге күш салады.

Елге деген сағыныш

Ел тынышталып, қапқа астық жинала бастаған кезде, Ахатай туған жерін сағынып, Сарқырамаға бір соғып қайтады.

Сарқырамадағы көрініс және көмілген заттар

Ол кезде ауылдың сиқы көңілді қобалжытатын: құлаған үй, қаңыраған қора, малсыз жайлау; әр жерде бірен-саран жертөле мен үй ғана көзге түсетін.

Ахатай өзімен бірге жасырын алып жүрген маузер тапаншасын (жеті оғы бар) ешкінің майымен майлап, киізге орап, ескі қораның бір бұрышына шамамен 30 кг қорғасынды қоса көміп кетеді.

Соғыстан кейін, 1946 жылы бала-шағасымен елге қыдырып келгенде, сол көміп кеткен заттары табылмай қалады.

Қылыштың жоғалуы

Түйетас деген жерде отырған шақта, көшіп-қону үстінде қызметкер кезінен қалған қылышын Мәдени ауылындағы Иманбай бақсының ұлы сүндетке отырғызылғанда, бақсы қалап алып кетеді.

Кейін қылышты сұрастырып іздегенде, бақсы да, әйелі де дүниеден өтіп, артында ешкім қалмағаны айтылады.

Қайта қауышу және соңғы күз

1947 жылы Ахатай мен інісі Нарбек аман-есен қайта кездесіп, Шымкент қаласындағы Янги-Шахарға орнығады. Сол жылдың күзінде ер Ахатай науқастан күліп отырып көз жұмады.

Алла сәулесі түскен жанның «өмірі де, өлімі де жақсы» деген сөз осы болар.

Әруақты атаның артында ұлы мен қызынан тараған 15 немере, 10 шөбере, 7 шөпшек өсіп-өніп келеді.