Біз бір қоғамның азғындау жолында тұрған сияқтымыз

Болашақтың кілті — өскелең ұрпақ

Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа, яғни бізге бұйырған бақыт деп ойлаймын.

Ата-бабаларымыз болашақ үшін ақтық демі қалғанша күресіп, бізге егемендік алып берді. Қазақ даласы ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігіне зор құрбандықтардың өтеуімен жетті. «Ендігі болашақ — жастардың қолында» деген ойды ақын аға-апаларымыз да талай өлеңіне арқау етті.

Арқауы ерен ерлік дастанының,
Қайраты елге әйгі жастарының.
Желбіреп көк байрағы тұрған шақта,
Жұлдызы жарқырайды аспанының.

Сенім бар, ал жауапкершілік ше?

Халық жастарға сенеді. Ал сол сенімді бүгінгі жастар қалай ақтап жүр? Әрине, бес саусақ бірдей емес — жастардың барлығына бірдей кінә тағуға болмайды. Дегенмен бүгінде рухани байлық, таза ой, терең білім, адамгершілік, адалдық, қайрат, тіпті денсаулықтың өзі кейде жетіспейтіндей әсер қалдырады. Кейде қоғам азғындау жолына бет алғандай көрінеді.

Өзімізге қоятын сұрақ

Қазіргі уақытта бізді шын мәнінде не қызықтырады: өткінші әуестік пе, әлде ертеңгі ел тағдыры ма?

Білім — ХХІ ғасырдың басты талабы

Елбасымыздың Халыққа Жолдауында ХХІ ғасыр — білім ғасыры екені айтылған. Олай болса, елімізді өркендету үшін білімді жастар қажет. Жақсы оқып, жан-жақты білім мен ғылым игеру — әрқайсымыздың міндетіміз. «Ел ертеңі — келер ұрпақтың қолында» деген сөз жай ұран емес, нақты жауапкершілік.

Елімізді көркейтіп, оны өзімізден кейінгі ұрпаққа аман жеткізу — біздің борышымыз. Алайда осы дұрыс жолдан тайып, нашақорлық пен маскүнемдікке бой алдырған жасөспірімдердің саны артып келеді.

Неге салауатты өмірді таңдамауға?

  • Денсаулық пен жан тазалығын сақтап, өмір сапасын көтеру — әркімнің өз қолында.
  • Талғам биіктігі — мәдениет пен сана деңгейінің көрінісі.
  • Ең басты кедергі — көбіне өзіміздің немқұрайлылығымыз.

Ішімдік пен адамгершілік туралы ой

Бұл мәселеде кінәні сырттан іздей берудің қажеті жоқ: әр адам алдымен өзі жауапты. Өйткені кейде біз келешегімізді байыппен қабылдағымыз келмей, жеңіл жолға ұрынамыз.

Пайғамбарымыздың хадистерінің бірінде: «Ішімдікпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым» деген ұлағатты сөз бар.

Мағынасы: әдеттің салдары — мінездің өзгеруі.

Батыстық жағымсыз әдеттерден арыла алмай жүрген жастар, өкінішке қарай, адамгершілік құндылықтармен әлдеқашан қоштасқандай көрінеді. Ондай адам өзі өмір сүрген қоғамды қалай гүлдендіреді? Елінің қамын қашан ойлайды? Оны қалай қорғамақ? Осындай ойлар кейде қоғамды түсінуді қиындатады.

Ұлтты түзеу — бесіктен басталады

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақыл бар. Ендеше еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтың орны айрықша. Барлық жігер мен қайрат, елдің болашағы — жастардың қолында.

Жастарға артылған міндет

Елбасымыздың Халыққа Жолдауында: «Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр» делініп, жастарға зор сенім мен үміт артылған.

Ендеше сол сенімді ақтап, білімге ұмтылып, адал еңбек етіп, салауатты өмір салтын берік ұстанайық. Болашағымызды жарқын ету — әрқайсымыздың бүгінгі таңдауымыздан басталады.