БАЛУАН ШОЛАҚТЫҢ ҒАЛИЯСЫ

Авторы: Бекен Қайратұлы

Қазақ өнерінің «Алтын ғасыры» атанған (А. Сейдімбек) ХІХ ғасыр қазақ қоғамына таңдаулы тұлғалар сыйлады. Нәтижесінде ауасы саумал, самалы салқын, селеулі дала — Сарыарқаның «әншілік» дәуірі туды.

Атақты Біржан салдан бастап Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Мәди, Естай, Майра секілді дүлдүл жыршылар мен бұлбұл әншілер болашағы орыстың бұғауына байланып, бодандық қамытына ілінген елдің зарын әнге айналдырды. Ұлы Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы): «Адамшылық егінін шаштым, ектім, Көңілін көтеруге құл халықтың» — дегеніндей, ақын атаулы да бір сұмдықтың ұшығын аңдап, зар толғаудың тиегін ағытты.

Тарихи бағалау

Бұл кезеңге әдебиет тарихы «Зар заман» жыршылары (М. Әуезов) деген баға берді. Дәуір өтті, көшті. Алайда куәгердей болып небір әндер қалды. Соның бірі — Балуан Шолақтың «Ғалия» әні.

«Ғалия» — әннің төресі

Ахмет Жұбановтың пікірі

«“Ғалия” әні — әннің төресі. Үлкен жүректен, шын сезіммен шыққан ән. Бастаған жерден-ақ асқан ынтықтық бары сезіледі... Бірақ бабына келтіріп орындау көрінгеннің қолынан келе бермейді.»

(А. Жұбанов, «Замана бұлбұлдары», Алматы, 2001 ж., 134-б.)

Ендеше, осы әннің дүниеге келуіне себепкер Ғалия туралы не білеміз? Әрі балуан, әрі әнші, әрі сері Балуан Шолақты ынтықтырған Ғалия кім болды?

Қараөткөл базары және бір сәттік ұшырасу

Біршама жыл бұрын байырғы журналист, қарт қаламгер Октябрь Әлібеков жеке мұрағатындағы Ғалияның суретін көрсеткен еді. Суретті өткен ғасырдың 90-жылдары белгілі кәсіпкер Марат Нәбиев әкеліп берген. Марат Әскенұлы — Ақмола облысы, Бұланды ауданы (бұрынғы Макинка ауданы) аумағындағы Балуан Шолақтың зиратын жөндетіп, басын көтерген азамат.

Көнекөз қариялар айтқан Қараөткөл

Көнекөздердің айтуынша, қазіргі Конгрес-холл сарайы тұрған жерде ертеде базар болған. Ол — әдеби шығармаларда жиі аталатын әйгілі «Қараөткөл» базары. Арқаның ауқатты адамдары жаз шыққанда базарға үй әкеліп тігіп, бір жағынан өнімдерін (қымыз, сүт, ет, құрт-май т.б.) саудаласа, екінші жағынан қыстай ұйып жатқан ел дала серілерінің өнерін тамашалаған.

Арқаның айтулы әншілері бұл базарға соқпай өтпейтін: айлап жатып ән салатын. Көрермені — қара халық, тыңдаушысы — дүйім жұрт. Елмен бірге Ғалия да базарда қымыз сататын.

Ажарына арулығы сай, қараторының әдемісі — Ғалияның қымызханасына бір күні Балуан Шолақ ат басын бұрады. Бұл шамамен 1908–1909 жылдары болса керек. Балуанның тасы өрге домалап, әнімен Арқаны тербетіп, күшімен жауын еңсеріп жүрген, қырықтың қырқасына шыққан керемет шағы еді. Ғалия болса 22–23 жаста.

Әннің туу сәті

Ғалия балуанға өз қолымен қымыз ұсынады. Дүние дүр сілкінген шақ та — осы болар: дала серісінің жүрегіне Ғалияның ару бейнесі қашалады. Осылайша «Ғалия» әні туады.

Ғалияның тегі, отбасы және болмысы

Тоғыз жолдың торабы Ақмолада көшпенді қазақтардың саудасын көбіне татар, ноғай көпестері жүргізген. Солардың бірі — Сұлтанай Қамза деген ноғайдың саудасын жүргізетін Тілеу атты қазақ екен. Түбі Жаңаарқа жақтан, руы — Арғын, оның ішінде Аралбай. Сегіз бөлмелі үйі бар, дәулеттілер санатындағы отбасы болыпты. Үлкен әйелінен Ғалия мен Мәрзия атты екі қыз туған. Шолақтың әні арқылы тарихта аты қалған Ғалия — осы.

Ахмет Жұбанов жазып алған сипаттама

Академик-зерттеуші Ахмет Жұбанов Ғалия туралы деректер жинап, Шолақ пен Ғалия арасындағы оқиға жөнінде алматылық Мәкура Есілбаевадан ертеректе едәуір толық мәлімет жазып алған. Онда Ғалияның қара сұрлау келген, ат жақты, ұзын бойлы, бетінде аздаған шешек дағы бар, өткір, сөзге шешен, қолынан өнер тамған шебер екені айтылады.

Әсіресе тамағында шешек дағы көбірек қалғандықтан, орамалмен алқымын қымтай байлап жүретін әдеті болғаны да ел ішінде сөз болады.

Балуан Шолақтың күрескер болмысы және қуғын

Балуан Шолақтың жеке өміріне қатысты зерттеулерде қайшылықтар аз емес. Қазақтың ата қонысын баса-көктеп, шұрайлы жерлерге қоныстанған орыс пен украиндарға түре тиісетін әдеті болған деседі. Шын мәнінде, бұл — Шөкеңнің өзінше қарсылығы, күресі еді.

Кеңес дәуірі зерттеушілері мұны «халықтар достығын түсінбеді», «біреудің айтағына еріп қателесті» деп бағалады. Ал жазушы Әнес Сарайдың тәуелсіздік жылдары жазылып, Астанадағы қазақ драма театры сахнасында қойылған «Балуан Шолақ» драмасында бұл бұрмалаулар түзетіліп, балуанның күрескер қыры ашып көрсетіледі. Сол туындыда суреттелгендей, Шөкең бір жылдары қатты қуғын көрген, бірнеше рет абақтыға қамалып, одан қашып шығып, жасырынып жүрген күндері де болған. Ғалиямен де дәл осындай жағдайда танысқан.

Тағдыр тартысы: билер соты, түрме және әннің таралуы

Ахмет Жұбановтың естелігіне сүйенсек, Ғалия қазақы әдет бойынша Біржан деген жігітке атастырылған қалыңдық ретінде ұзатылады. Барған жерінде екі жылдай тұрып, Қараөткөлге төркін жұртына көшіп келеді. Шөкеңмен көңіл байласатын тұсы — осы кез.

Сегіз қалта және шешім

Ғалия ғашығына арнап сегіз қалтаны жият кестелеп, өрнектеп атын жазады. Мұны құп көрмеген күйеуі оны ұрып-соғып, үйінен қуып жібереді. Ғалия қашып әкесінің үйіне келеді. Ата-анасы қызымен ақылдаса отырып, күйеуінен ажырасуын құп көреді.

Алайда күйеуі төлеген қалың малын даулаған. Оны төлеуге Ғалияның әкесі Тілеудің жағдайы келмейді де, іс билер сотына түседі. Оқиғадан хабардар Балуан Шолақ не де болса мал тауып келу үшін Көкшетауға аттанады.

Жол үстіндегі ән

Жолай бір танысының үйіне түсіп, тыныштала алмай домбырасын қолға алып: Ғалия айналайын қалып еді,
Көп жылап таңға жақын талып еді.
Білмеймін не болғанын әңгіменің,
Біржанмен биге түсіп қалып еді, —
деп бір қайырып ән салып, асқа да қарамай жүріп кетеді.

Көкшетауда балуанды басқа тағдыр күтіп тұр екен: ұстап, түрмеге жабады. Ал Ғалия билер сотында өз дауын өзі ұстап, Біржанды жеңіп шығады да, басына толық бостандық алады.

Бірақ Шөкеңе жоғалған сексен өгіздің жаласына Семейден ұрланған бір топ жылқы қосылып, ісі қалыңдай түседі. Ғалия күтумен күндерін өткізеді. Осы аралықта қарсы жақ «Шолақ пәлен жылға сотталып, жер аударылыпты» деген жалған хабар таратады. Ғалия әрі-сәрі күй кешіп, әкесінің нұсқауымен Есенжолдың Қанапиясына тоқалдыққа барады.

Әннің нұсқалары неге көбейді?

Шөкең түрмеде жатып Ғалияның атын неше түрлендіріп әнге қосады. Аузынан шыққан әнді ел ілезде қағып алып, таратып әкетеді. «Ғалия» әнінің осылай әртүрлі нұсқалары пайда болады.

С. Оспанов құрастырып бастырған «Балуан Шолақ» кітабында әннің 6 түрлі нұсқасы берілген. («Жалын», Алматы, 1998 ж.)

Кейін Балуан Шолақты Қараөткөл түрмесіне әкеліп қамайды. Шөкең ғашығымен кездесудің амалын қарастырады: бірде түрме әкімшілігінен рұқсат алып, ауладағы биік дуалдың үстіне шығып, «Ғалия» әнін аспандата шырқап шерін басады. Ойы — егер Ғалия түрме маңында жүрсе, естісін дегені.

Бір күні ғашығының біреуге тоқалдыққа тиіп кеткені жайлы хабар алады. Түрмеден босап шыққан соң Тілеудің үйіне барып мән-жайды білгенде, әйелдің опасыздығына налиды да, қайта қайырылмай еліне аттанып кетеді.

Ғалияның кейінгі өмірі және соңғы дерек

Ғалия Қанапиядан да айырылысып, Қоянды жәрмеңкесіне барып қымыз сатады. Осы жерде семейлік Қали деген жігітке тұрмысқа шығады. Күйеуін ертіп Қараөткөлге келіп қыстайды. Алайда Қалидың Семейде әйелі болған.

Бес-алты жылдан соң Ғалия Қалиды ертіп Семейге барып, оның бұрынғы әйелінен кешірім сұрайды. Өзі бала көтермеген соң, бір қызды асырап алып, өз қолымен ұзатады. Кейін туберкулезге шалдығып, 1922 жылы 35 жасында қайтыс болады.

Жерленген жері туралы әңгіме

Байырғы астаналық ақсақалдардың айтуынша, Ғалия бүгінгі «Жастар» шағын ауданы аумағындағы ескі зиратқа жерленген. Ал Шөкең Ғалиядан үш жыл бұрын, 1919 жылы дүниеден өткен.

Тағдырдың жазуы осылай аяқталды. Артында мұра болып «Ғалия» әні қалды — бір дәуірдің мұңын, бір жүректің шынайы сезімін сақтап қалған ән.