Шешімдерді жіктеу

Басқару шешімдерін құрастыру

Бұл дәрісте басқару шешімдерінің мәні мен рөлі, шешімдерді жіктеу, сондай-ақ шешімдерді әзірлеу, қабылдау және жүзеге асырудың негізгі қағидалары қарастырылады.

1-тақырып

Басқару шешімінің мәні, қасиеті, рөлі

2-тақырып

Шешімдерді жіктеу

3-тақырып

Шешімдерді әзірлеу және қабылдау технологиясы

1) Басқару шешімінің мәні, қасиеті, рөлі

Басқару қызметі процесінде шешім қабылдау — ең күрделі мәселелердің бірі. Шешім қабылдау басқару процесінің міндетті әрі қажетті бөлігі: басшының кез келген әрекеті іс жүзінде белгілі бір шешімнен басталады.

Кәсіпорын мен оның бөлімшелерінің қызмет нәтижесі басшының шешімді дер кезінде дұрыс қабылдау қабілетіне және оны тиімді жүзеге асыра білуіне тәуелді. Шешімнің жеделдігі мен дұрыстығы басшының тәжірибесі мен біліміне байланысты. Өндіріс, технология және адамдарды жақсы білетін, тәжірибесі мол басшыға шешім қабылдау жеңілірек болады.

Қабылданған шешім бүкіл ұжымның экономикалық және әлеуметтік нәтижелеріне, сондай-ақ әрбір қызметкерге қолайлы немесе қолайсыз әсер етуі мүмкін. Сондықтан шешім қабылдайтын адам үлкен жауапкершілікті өз мойнына алады.

Терминнің екі негізгі мәні

  • Басқару актісі: қабылданған іс-әрекет жоспары, қаулы-қарар, нұсқау және т.б.
  • Оңтайлы нұсқа: мәселе мен міндетті шешудің және оны жүзеге асырудың ең қолайлы жолын таңдау.

Басқару шешімінің маңызды белгісі — оның өндіріс немесе басқару жүйесінің өзімен байланыстылығы. Шешім әдетте мәселе туындағанда қабылданады. Мәселе — жүйенің қажетті күйі мен қолданыстағы нақты күйі арасындағы айырмашылықпен сипатталатын жағдай.

Шешім қабылдауға жүйелік тұрғыдан қарау, туындаған мәселелерді шешуде жүйелілікті сақтау өте маңызды. Әрбір жаңа шешім алдыңғы шешімдерді дамытуға қызмет етіп, міндеттерді кезең-кезеңімен орындауды қамтамасыз етуі тиіс.

Басқарушылық шешімдердің 3 аспектісі

  1. Аспект 1

    Қызмет түрі

    Іс-әрекеттерді дайындау, іздеу, таңдау және қабылдау процестерімен байланысты басқару қызметі.

  2. Аспект 2

    Ықпал ету нұсқалары

    Басқару органдарының басқару объектісіне әсер етуінің әртүрлі варианттарын ұсынады.

  3. Аспект 3

    Ұйымдастыру тәжірибесі

    Басқару жүйесіндегі практикалық-ұйымдастыру қызметінің көрінісі.

Сапа мен тиімділікке әсер ететін факторлар

Басқару шешімдерінің тиімділігі көптеген факторларға тәуелді. Оларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады.

1-топ: шешімді әзірлеуде ескерілетіндер

Ең маңыздысы — мақсат. Мақсат жүйенің қалаған күйін, мүмкіндігін және қажеттігін анықтайды.

2-топ: мақсатты іске асыруды ұйымдастыру

Ұйымдастыру жұмыстары, басқару жүйесіндегі ұйымдастыру-тәжірибелік қызметтер және орындауды қамтамасыз ету.

Субъективті және ұйымдық әсерлер

  • Басшының жеке қасиеттері: кәсіби даярлығы, білім деңгейі, тәжірибесі.
  • Ақпаратпен қамтамасыз ету процесінің сапасы.
  • Мамандарды тарту, шешімді орындаушыларға жеткізу тәсілдері.
  • Бақылауды ұйымдастыру, кері байланысты қамтамасыз ету.
  • Технологиялық факторлар: техникалық жабдықтар, есептеу техникасын (ЭЕМ) қолдану.

2) Шешімдерді жіктеу

Басқару шешімдерін жіктеудің теориялық та, практикалық та маңызы зор. Шешімдердің табиғаты алуан түрлі болғандықтан, оларды белгілі белгілер бойынша жүйелеу қажет.

Жіктеудің негізгі белгілері

  • Басқару субъектісі бойынша: әкімшілік, қоғамдық ұйымдар және т.б.
  • Басқару объектісі бойынша: жалпы және жекелей; күрделі және қарапайым.
  • Ықпал ету объектісі бойынша: сыртқы және ішкі.
  • Уақыт өлшемі бойынша: перспективалық, күнделікті, жедел.
  • Ұйымдастырылуына қарай: жекелей, алқалы, ұжымдық.
  • Функционалдық мақсаты бойынша: жоспарлау-экономикалық, технологиялық, қаржылық, әкімшілік.

Жекелей, алқалы, ұжымдық шешім

Жекелей шешім

Басшының талқылаусыз, өз бетінше қабылдаған шешімі. Көбіне ұсақ-түйек әрі жедел мәселелерге тән.

Алқалы шешім

Мамандар тобы және тиісті басшылармен ақылдасу арқылы жасалады. Әдетте мұқият әзірленіп, ауқымды мәселелерді қамтиды.

Алқалы шешім жеке жауапкершілікті әлсіретпеуі тиіс.

Ұжымдық шешім

Ұйым мүшелерінің жалпы жиналысында талқыланып, қабылданады.

Пригожин бойынша жіктеу

Түр 1

Типтік, мұқият айқындалған шешім

Басшының дербес ерекшеліктері аз әсер етеді. Мысалы: кадр мәселелері, жұмысты ұйымдастыру, бөлімшелер қызметін реттеу.

Түр 2

Ынталы (жартылай айқын) шешім

Нақты алгоритмі толық қалыптаспаған; басшының жеке үлесі басым болуы мүмкін.

Түр 3

Творчестволық (шығармашылық) шешім

Стратегиялық мақсатты және оған жету жолдарын айқындайды. Әдетте күрделі, түйінді мәселелерге бағытталады.

Бағдарланған және бағдарланбаған шешім

Бағдарланған

Жоспарлар немесе іс-әрекеттер жүйесі арқылы орындалады; белгілі дәрежеде математикалық модельге келтірілуі мүмкін.

Бағдарланбаған

Жаңа, құрылымы толық қалыптаспаған немесе белгісіз факторлар жағдайында қабылданады. Мысалы: ұйым мақсатын нақтылау, бөлімше құрылымын жетілдіру.

Практикада бұл екі түр «таза» күйінде сирек кездеседі: көп шешімдер шектеулі варианттар аралығында орналасады.

Шешімнің ішкі және ұйымдық мазмұны

Ішкі мазмұн

«Мәселе қалай шешіледі?» деген сұраққа жауап береді. Бұл — шешімнің өзегі.

Ұйымдық бөлік

  • Іс-әрекеттер реттілігі
  • Күнтізбелік мерзімдер (аралық және соңғы)
  • Жауаптылар мен орындаушылар
  • Үйлестіру және өзара әрекеттесу
  • Есеп беру тәртібі

3) Шешімдерді әзірлеу және қабылдау технологиясы

Шешім қабылдау процесі интуитивтік, пайымдауға негізделген және тиімді (рационалды) сипатта болуы мүмкін.

Интуитивтік шешім

Бір нәрсенің дұрыстығын «сезіну» арқылы жасалатын таңдау. Мұнда әр баламаның «жақтаушы» және «қарсы» дәлелдері толық талданбауы мүмкін.

Пайымдауға негізделген шешім

Білімге және жинақталған тәжірибеге сүйенетін таңдау. Көп жағдайда шешімді тікелей басшы қабылдайды, бұл жеделдікті арттырады.

Тиімді (рационалды) шешім

Мәліметтерді талдауға, критерийлерді белгілеуге, варианттарды салыстыруға сүйенетін жүйелі шешім.

Шешім процесінің 3 кезеңі

  1. 1 Әзірлеу: жағдайды бағалау, мәселені қою, деректерді жинау және талдау.
  2. 2 Қабылдау: нұсқаларды қалыптастыру, критерий бойынша салыстыру, ең қолайлысын таңдау.
  3. 3 Жүзеге асыру: орындауды ұйымдастыру, бақылау, нәтижені бағалау.

Ғылыми негіз

Шешімдерді ғылыми дайындау мен қабылдау — техника, технология, экономикалық-математикалық әдістер, ақпарат теориясы, сондай-ақ адамдар мінез-құлқының әлеуметтануы мен психологиясын біріктіретін кешенді мәселе.

Кезеңдердің ұсынылатын кезектілігі

  1. Қадам 1

    Проблеманы қалыптастыру және негіздеу

  2. Қадам 2

    Шектеулер мен критерийлерді анықтау

  3. Қадам 3

    Мүмкін варианттарды қалыптастыру

  4. Қадам 4

    Ең жақсы вариантты таңдау

Варианттарды салыстыру нәтижесінде нақты жағдай үшін қойылған мақсаттарға ең тиімді жетуді қамтамасыз ететін нұсқа таңдалады.

Жағдайды бағалау не үшін қажет?

Әзірлік кезеңінде басшы өндірістік, экономикалық және әлеуметтік жағдайларды бағалаудан бастауы тиіс. Жағдай — шешім қабылдауға әсер ететін ішкі және сыртқы факторлардың жиынтығы, әрі басқару жүйесін жаңа күйге ауыстыруы мүмкін.

Жағдайды дер кезінде бағалау және дұрыс түсіну — дұрыс шешім қабылдаудың негізгі алғышарты. Дұрыс шешім жеткілікті әрі айқын ақпарат болғанда ғана мүмкін болады.

Критерийді таңдау

Нәтижелілік критерийін таңдау — күрделі әрі жауапты кезең. Критерий — шешімнің әртүрлі варианттарының тиімділігін салыстыруға мүмкіндік беретін көрсеткіш (немесе көрсеткіштер жиынтығы).

Мақсатты тұжырымдау мен критерийді таңдау арасында әрқашан тікелей байланыс болуы керек.

«Ми шабуылы» әдісі

«Ми шабуылы» — эксперттердің қатысуымен, мәселе жөніндегі әртүрлі көзқарастарды ескере отырып, мәселені дәл тұжырымдауға және оны шешу амалдарын ұсынуға бағытталған әдіс.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары

  1. 1 Шешім нұсқаларын қалай тұжырымдауға болады?
  2. 2 Қолайлы нұсқаларды таңдау, қауіп-қатер жағдайында тәуекел ету және шешім қабылдау қалай іске асады?
  3. 3 Қауіп-қатер жағдайында тәуекел ету мен шешім қабылдаудың ерекшеліктері қандай?
  4. 4 «Ми шабуылы» әдісі шешімдерді құрастыру құралы ретінде қалай қолданылады?