Тұрдығұл Шаңбай
Алаш философиясы әлем қазақтары мәдениеті контексінде
Тұрдығұл Шаңбай — «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Семей мемлекеттік педагогикалық институты Философия және саясаттану кафедрасының меңгерушісі.
Астана қаласының әкімдігі мен Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы Елорданың 10 жылдығына және Алаш қозғалысының 90 жылдығына орай «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты» атты халықаралық конференция ұйымдастырған. Алаш алыптарының даналық идеясына еліміздің әр өңірінде шынайы құрмет көрсетіліп келеді. Осы рухани қуаныштың жаңғырығы Елордаға да жетті.
Семейдегі мерейтойлық бастамалар
Соңғы бір ай көлемінде ХХ ғасыр басында «Алаш қаласы» атанған Семейде Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдығына және Алаш қозғалысының 90 жылдығына арналған ауқымды мәдени-ғылыми шаралар өтті.
Шәкәрім мерейтойы аясында Семей қаласының орталық саябағында ескерткіш ашылып, отандық ғылымдағы жеке тұлғаға арналған тұңғыш «Шәкәрімтану мәселелері» сериялы ғылыми жинағының алғашқы алты кітабы және «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясы таныстырылды. Бұл еңбектер келген қонақтар тарапынан жоғары бағаланды.
Аталған жұмыстардың дүниеге келуіне бүгінгі жиынға қатысып отырған көптеген ғалымдардың атсалысқанын ерекше атап өткім келеді.
Алаштанудың институционалдық негізі
Семейде өткен мерейтойлық ғылыми-мәдени шаралар аясында алдағы іргелі жұмыстардың жобалары да айқындалды. Басым бағыттардың қатарында: «Алаш» энциклопедиясын әзірлеу, 100 томдық «Алаш қаласының кітапханасы» сериясы бойынша Алаш қайраткерлерінің еңбектері мен шығармаларын дайындау және басқа да бастамалар бар.
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Мейір Ескендіров, М.О. Әуезов атындағы Семей университетінің ректоры Шырын Құрманбаева арасындағы үшжақты келісім нәтижесінде жоғары оқу орындары аралық Алаштану ғылыми-зерттеу орталығы құрылды.
Семей мемлекеттік педагогикалық институтының бас ғимаратының алдында Алаш көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханға елімізде тұңғыш ескерткіш орнатылды.
Бұдан бес жыл бұрын біз «Алаш – Семей» энциклопедиясын дайындауға кірісіп, академик Рымғали Нұрғалидың басшылығымен «Алаш» энциклопедиясының сөзтізбесін әзірлеген едік. Аумалы-төкпелі кезеңде бұл бастама өзгеріске ұшырады. Дегенмен Алаш — қазақ санасында берік орныққан қасиетті макроұғым. Келешекте Алаш философиясы метағылым деңгейіне көтеріледі деген ой бұл мәселені қайта-қайта күн тәртібіне әкелетіні анық.
Неге «Алаш философиясы» қажет?
Алаштану ғылыми-зерттеу орталығының директоры әрі философия және саясаттану кафедрасының меңгерушісі ретінде мені көптен бері толғандырып жүрген мәселе — Алаш философиясы.
«Алаштық идея», «алаштық ой», «алаштық таным» сияқты ұғымдардың болуы — «Алаш философиясы» деген пәндік өрістің бар екенін аңғартады. Шындығында объектісі бар құбылыстың пәні жоқ деу — логикаға сыймайды.
Тарихи дерекпен шектелу қаупі
Тәуелсіздік жылдарында Алаш мәселесіне тарихшылар жиі оралып келеді. Бұл заңды: алаштанудың негізгі тірегі — тарих ғылымы. Алайда Алашты тек деректану аясында қарастыру түбінде біржақтылыққа апарады, алаштануды «инвентаризациялық» деңгейге түсіреді.
Идея дегеніміз — мәнге ие болатын, мазмұны жетілетін, танымдық ізденісті талап ететін құбылыс. Осы тұрғыдан алғанда алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелдінің «философтар мен әлеуметтанушылар Алаш мәселесіне көп мойын бұрмай отыр» деуі орынды. Мұны Алашқа дүниетанымдық қырынан келудің қажеттілігі ретінде түсіну керек.
Алаш — түсінік емес, таным
Алаш — тек түсінік деңгейіндегі ұғым емес, таным деңгейіндегі ұғым. Алаш танымы тарихи, мәдени, әлеуметтік, саяси таным ретінде салаланып қарастырыла бастады. Бұл танымдар жүйесі философиялық метатанымға жол ашады.
Алаш ұғымының этимологиясы да оның қасиетті метатаным екенін аңғартады: ежелгі түрік сөздік қабатында «бауырластар, қандастар, туыстар» мағынасын береді; «Алаш» сөзі «Қазақ» атауының баламасы ретінде де айтылады. Ал ұранға айналған кезеңі тарихи санада сақталған. Ұран — рухқа сүйенеді. Рух — философиядағы іргелі ұғымдардың бірі.
Әдебиеттанудың ашқан кеңістігі
Алаштың танымдық жүйесіне еркін бойлағандардың бірі — әдебиеттанушы ғалымдар. Отандық әдебиеттанудың рухы күшті, көркемдік-эстетикалық танымы қуатты.
Мәселен, академик Рымғали Нұрғали «Алаш» энциклопедиясы идеясын ұсынып қана қоймай, оған басшылық жасап, сөз өнеріндегі Алаштың орны туралы зерттеулер жазды. Ол «Абай жолы» роман-эпопеясына арналған қарымды еңбегін «Алаштың бас кітабы» деп атады. Бұл — кездейсоқтық емес: автор қазақтың көркемдік-эстетикалық танымына жаңа өріс ашып отыр. Сол еңбекте Алаш қайраткерлерін «Ұлы толқын» деп сипаттайды.
Ғалым Ербол Тілешовтің «Алаштың жолы» атты іргелі зерттеуі де осы қатарға жатады. Автор: «Алаш тағылымы өз дәуірімен бірге кеткен, тек деректік мәні бар оқиға емес. Алаш қозғалысы — ұлттық идеядан бастау алған, ұлттық дүниетанымға нәр берерлік, дәстүрлері өміршең, тәлімі терең тарихи-рухани құбылыс» дейді.
Яғни Алаш қозғалысын инвентаризациялық, деректік деңгейде ғана шектемей, ұлттық дүниетанымға нәр беретін биіктіктен қарастыру қажет. Бұл — ұлттық философияға жол ашатын ұстаным.
Ғылыми айналымдағы ұғым
Әдебиеттануда «Алаш әдебиеті» деген көркемдік таным ғылыми айналымға енді. Оның дәуір-кезең, стиль-поэтика және өзге де методологиялық мәселелерін айқындау — алдағы басым бағыттардың бірі.
Әлем қазақтары және рухани тұтастық
Алаштық таным мәселесінде әлем қазақтарының рухани тұтастығы айрықша мәнге ие. Қазақстан жетпіс жыл бойы ұлтсыздандыру идеологиясының шырмауында болған кезеңде Шығыс Түркістан, Түркия, Еуропадағы қазақ қауымдары Алаш танымының шырақшасына айналды.
Сондықтан Алаш танымы — бар қазақты қамтитын біртұтастықты қажет етеді. Осы тұтастықты болашақта қазақ философиясының арналы саласы ретінде, метағылым деңгейінде — Алаш философиясы көтеруге тиіс.
Алаш философиясы — неге метағылым?
ХХ ғасырдың соңында ғылым философиясы қарқынды дамып, салалық ғылымдарды біріктіретін ортақ философиялық концепт мәселесін тұжырымдауда нәтижелі ізденістерге жетті. Тарих, әдебиеттану, әлеуметтану, мәдениеттану салаларындағы алаштанудың көпқырлы мәселелері жүйеленіп, Алаш философиясында ұлттық таным феномені ретінде қарастырылуы тиіс. Мұны тәуелсіздік санасы талап етеді.
Бұл үрдістің бір дәлелі — соңғы жылдары жоғары оқу орындарында магистранттар мен докторанттарды даярлау бағдарламасына «Ғылым философиясы мен тарихы» пәнінің енгізілуі.
Қазақ философиясы тарихындағы ашық сұрақтар
Қазақ философиясы тарихын жүйелі зерттеу ХХ ғасырдың 90-жылдарында ғана орныға бастады. Бүгінде кезеңдеу мәселесінде де, түркі дәуірі, ақын-жыраулар дүниетанымы секілді бағыттарда да жауапсыз сауал аз емес. Алаштық дүниетаным әдебиетте, мәдениетте, тарихта, саясатта, әлеуметтануда, ғылымда айқын көрініс тапқанымен, оны қазақ философиясының басым бағыты ретінде зерттеудің методологиясы толық айқындалып, ғылыми концепциясы ұсынылмай отыр.
Ресей ғылымында көркем шығармадағы ұлттық характер, философияда ұлттық дүниетаным мәселелері соңғы он–он бес жылда кең өрісте зерттеле бастады; оны қорғалған диссертациялар тақырыптарынан-ақ аңғаруға болады. Ұлттық танымға қатысты ізденістер бізде де өз кезегін күтіп тұр.
Сол ізденістің бірі ретінде бүгін осы мінбеде алғаш рет Алаш философиясы мәселесін ұсынып отырмын. Мен Алаш философиясын Қазақстан өркениетін қалыптастырудағы қазақ философиясының алтын қазығы деп танимын. Қазақ философиясы басқа ғылымдардың соңынан ілесе бермей, керісінше дүниетанымдық бағдар беретін феномен-бағдаршам болуы тиіс. Бұл міндетті атқаруға Алаш философиясы қажет.
Жұрт пайдасын сөйлеп, жұртқа сөз айту, ақыл беру — оңай. Бірақ сол айтқанды іске асырып, тер төгіп, ерінбей-жалықпай еңбек ету — қиын.
Тыңдағандарыңызға рахмет.