Сөз құны – сөз қадірі
Маралтай Райымбекұлы
Сөз құны – сөз қадірі
Бұған дейін «Жанартау», «Арайлы күн, армысың», «Ұлытауға бардың ба...», «Құдіретке жүгіну» кітаптарымен танылған Жүрсін Ерманның жуырда «Атамұра» баспасынан «Құстың көлеңкесі» атты таңдаулы жинағы жарық көрді.
Кіріспені ашқан өлең: «Ақынның үйі»
Үзінді
Дегені қайда — басылды құйын?
Ақылым жетпей ашиды миым:
Виноградов көшесіндегі
Қиратып жатыр Қасымның үйін.
Өлеңнің психологиялық ой-нақышы ішкі иірімге ұласқан сайын, сананың бір түкпірінде ұлт зиялыларының жүрегіне беріш боп қатқан баспана зары бой көтереді. Оның үстіне, ақындықтың ақ мешітіндей болған Қасымның үйі қайдағы бір Виноградов көшесінде орналасқанын аңғару — өз алдына тосын әсер. Автордың «ақылым жетпей, миым ашиды» деуі де сондықтан.
Оқырманды дәл осындай күйге түсіру — қаламгер шеберлігін танытатын тәсіл. Әрине, ақын әр жолды есептеп, кесіп-пішіп отырмағаны анық: бұл — санадан сау етіп түскен суреттер. Ал алғашқы жолдағы «құйын» поэтикалық танымда объектив кеңістіктегі субъектив үрейді ишаралауымен ерекшеленеді.
«Құйын» табиғи құбылыс таңбасынан параллельдік сипатқа ауысқанда, бүгінгі заманның жаһандық жылдамдығына теңескендей болады: уақыт өз орнын ауыстырмақ. Бұл санаға сыймайды. Ақынның демі өрт шарпитындай, алайда қазір қай үйді өртеп, қай үйді қиратпай жатыр?
Өлеңнің соңғы түйіні
Жүйрігім еді жыр көшіндегі,
Бауырын жазып бір көсілмеді.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
...Біздің үй соның іргесінде еді!
Түйін мүлде шымыр әрі мазасыз байланады: автор тек өз ішін ғана емес, оқырманның да еңсесін жиып тастайды. Мұнда «өгізге туған күн бұзауға да туады» деген емеурін бар. Қазақ үшін Қасымның үйі Қағбадан кем бе?
Бұл образ бір ғана «ұлт рухының» символы болып қалмайды; сонымен қатар жат пиғылдың қасақана әрекетін әшкерелеуімен де құнды. Егер жыр сорабы «Біздің үйге...» келіп тірелмесе, бұл өлең дәл осындай деңгейде ішке індемес те еді. Автор бұл салмақты толық сезінгендей.
Таңдаулы жинақтың өлшемі және авторлық талғам
«Құстың көлеңкесі» — ақынның өз тағдыры мен көңіл-күй ауанын галереядай үйлестіріп жүйелеген кітап. Жинаққа жетпіске жуық өлең топтастырылыпты. Осынша ғана өлеңмен таңдаулы құрастыру — автордың қатал редакторлық өресін, талғамға деген тазалығын аңғартады. Кейде том-том ақ қағазға қиянат жасап жүргендерге ой салатын қадам деуге болады.
Бұл — қаламгердің өзін ғана сыйлауы емес, оқырманға көрсеткен үлкен құрметі. Осы тұста Жұмекен Нәжімеденовтің мына қағидасы еріксіз еске түседі:
Шұбатылып жаза беру өнер ме,
Таусылмайды соған біткен күш неғып.
Жарасады жалыны бар өлеңге,
Жақсылардың ғұмырындай қысқалық.
Жалпы, Жүрсін Ерман поэзиясы сәби салған суреттей ашық, қанық бояуымен де, алғаусыз адалдығымен де ерекшеленеді. Сонымен бірге маңдайы тастан қайтпаған салқам, сақи мінезі бар. Оның кез келген өлеңінің әуезінен бағзы жыраулардың асау арманы мен текті мұраты мұндалайды.
Форма мен мазмұнның тұтастығы
Бүгінгі күні іші нәрсіз, тек сыртқы формаға ғана сүйеніп алдаусыратқысы келетін өлеңдер көбейген тұста, қара өлеңнің қасиетіне мінәжат еткен санаулы суреткердің бірі ретінде ақын кейде тыңнан түрен салады:
Үзінді
Басқаларды қайдам: менің басым — біреу.
Жалғыз басқа, айнам, таппай жүрмін тіреу.
Жарғақ басым қанын сорғалатты кілең.
Сірә, менің жаным басымда емес білем.
Бітпей мәңгі егес ағарғанмен шашым,
Тыншу табар емес менің қара басым.
Таусылғанша демім қуармын бір елес.
...Тыныш жүрер едім: басым екеу емес!
Мұны бір-ақ ауыз сөзбен түюге болады: «Іші — алтын, сырты — күміс сөз жақсысы». Лирикалық кейіпкердің характері дәл осындай пішінде ғана құбылып, осы қалыпта ғана түрлене алады. Демек, форма мазмұнға қан-сөлмен қызмет етіп тұр.
«Ертегі»: терең психологизм және перзенттік мейір
Таңдаулыдан оқырманға ерекше ыстық тартар өлеңнің бірі — «Ертегі». Шын өлең адамның көңіл-күйін «өртке тиген дауылдай» алай-дүлей халге жеткізе алғанда ғана бағалы. Сырлы лиризм мен терең психологизмге құрылған бұл өлең былай басталады:
Басталуы
Ғалам жайлы ғажап жырлар шертеді —
Ертегіні тәуір көрем мен тегі.
Осы күні ойлап көрсем, жасымда
Шешем маған айтпапты еш ертегі.
Бұдан кейінгі шумақтарда лирикалық кейіпкердің балалығы соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тап келгені, анасының таңсәріден қара жұмысқа кетіп бейнеттен белі босамағаны, ал бүгін ертегі тыңдауға кеш екені — риясыз күйде жүрек қылын шертіп айтылады. Өлеңнің байламы төмендегідей түйіледі:
Түйін
Қартайды ана. Көп арман бар ойында,
Мазалайды ажал жайлы уайым да.
Мен шешеме айтам енді ертегі
Жүз жасайтын кейуаналар жайында.
Бұл сюжетті автордың ғұмырнамалық ізі бар туынды деуге болады: анаға деген перзенттік махаббат пен бала пейілдің пәруана алаңы илһамдай сендіреді. Нағыз өнердің бір парасы осындай.
«Жіңішке шаруа»: жершілдік пен рушылдыққа қарсы ой
Қазаққа ғана тән «жіңішке шаруа» бар: жершілдік, рушылдық. Бұл тақырыпқа Әуезовтен кейін аялдаған қаламгер сирек, өйткені «сары майдан қыл суырғандай» шеберлік талап етіледі. Жинақтағы «Жамбылды қорғау» өлеңі осы межеден көрінеді:
Үзінді
Қаңқу сөзі қазақтың неге өлмейді?
Ұлыңды да құлдай ғып көгендейді.
Жамбыл бабам: «Немісті жеңдіңдер-ау,
Арғындарды не істейміз?» — деген дейді.
Айтатындай болған соң бір себебі
Айтқан шығар ауылдың дүмшелері.
Ақ сақалы Алаштың ақ туындай,
Жамбыл солай деді деп кім сенеді?
...Жамбыл да емен, мен өзім, арғын да емен,
Бақытымды дұшпаным бар күндеген.
Сол қалжыңды айтпай-ақ қойса екен деп
Жалтақтаймын бұл күнде әркімге мен.
Дәл бүгін Ұлт пен Отанға ру-жүз шеңберімен емес, тұтас тарихымыздағы осал мінезден талай опық жегенімізді ескеріп, парасат биігінен қызмет ету — парыз. Ар өлшеміндей ақиқатқа табан тіреген ақын кеудесінен берекелі бірлікке құштар жүректің дүрсілі естіледі.
Бұл — Айбергенов бекіткен ақындық әрі азаматтық кредоның табиғи көрінісі секілді:
Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,
Аузында жүру бұл өзі сыздаған барлық жараның.
Көкірегіне құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,
Қосудың арпалыстары бұл тоғыспас жолдар торабын.
Ұлттық жады, поэзия кеңістігі және соңғы түйін
Жинақта біз сөз еткен дүниелермен қатар «Түнгі такси», «Екі сурет», «Алматыдағы арбакеш», «Күзгі жыр», «Бәсіре сөз», «Қыстаудағы көктем», «Әйелге ода», «Сауран», «Элегия» секілді өлеңдер бар. Бұларды тек ұлттық антологияға ғана емес, күлліадамзаттық құндылықтар қатарына да қызғанышсыз қоса беруге болады.
Сондай-ақ «Мирас» триптихі уақыт кеңістігіндегі ұлттық жадыға қойылған, палитрасы бай, полотнолық ракурсы айқын шығарма ретінде аталуға тиіс.
Сан мыңжылдықтан ұласқан сана ағынында Ұлы Даланың да өз еншісі, өз бәсіресі бар. Ол — сөздің қадірі, сөздің құны. «Құстың көлеңкесі» кітабының иесі Жүрсін Ерманның жырлары да күн нұрының ең алысқа шашырайтын сәулесіндей әсер етеді.
Маралтай Райымбекұлы